Елшілердің істері

1 Қымбатты Теофил! Бірінші кітабымда мен Исаның қызметіне кіріскен уақытынан бастап,
2 көкке көтерілген күніне дейінгі аралықта не істеп, не үйреткені туралы түгел баяндадым. Ол көкке көтеріліп кетпес бұрын Өзінің таңдап алған елшілеріне Киелі Рухтың жетелеуімен нұсқауларын берді.
3 Иса азапталып өлгеннен кейін оларға көптеген сенімді дәлелдер арқылы Өзінің тірі екенін ашық көрсетті: қырық күн бойы Ол елшілеріне көрініп, Құдайдың Патшалығы туралы тәлім беріп жүрді.
4 Бірде Иса елшілерімен дастарқан басында жиналған кезде оларға былай деп бұйырды: — Иерусалимнен кетпей, Әкенің өз уәдесін орындауын тосыңдар! Мен сендерге сол туралы айтқан едім ғой.
5 Жақияның шомылдыру рәсімі сумен болатын, ал енді біраз күнде сендер Киелі Рухпен шомылдырыласыңдар. —
6 Сондықтан елшілер Исаның қасында болғанда Одан: — Иеміз, Исраил елінің патшалығын осы кезде қайта орнатасыз ба? — деп сұрады.
7 Иса оларға былай деп жауап қайтарды: — Әкем өз еркімен белгілеп қойған мерзімдер мен кездерді білу сендерге бұйырмаған.
8 Бірақ Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар. Содан сендер Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар.
9 Иса осылай деді де, олардың көзінше жоғары көтеріліп кетіп, бір бұлт Оны көзден таса қылды.
10 Олар аспанға қадала қарап тұрған кезде, кенеттен ақ киімді екі жігіт қастарында пайда болды да, оларға тіл қатып:
11 Уа, ғалилеялықтар! Неменеге бұл жерде аспанға қарап тұрсыңдар? Жаңа қастарыңнан көкке көтеріліп, Құдай қабылдаған Иса көз алдарыңнан көкке қалай кетсе, тура солай қайтып келеді, — деді.
12 Содан кейін елшілер бір шақырым жердегі Зәйтүн тауы деген төбеден Иерусалимге қайта оралды.
13 Қалаға кіргеннен кейін олар өздері қонып жүрген жоғарғы бөлмеге көтерілді. Бұлар Петір мен Жохан, Жақып пен Әндір, Філіп пен Тома, Барталмай мен Матай, Әлпей ұлы Жақып пен Діншіл Шимон және Жақып ұлы Яһуда болатын.
14 Олар бірнеше әйелдермен, Исаның шешесі Мәриям және Оның інілерімен бірге ниеттес көңілмен осы жерде ұдайы Құдайға сиынып мінажат ететін.
15 Сол күндердің бірінде Петір жиналған жүз жиырмадай бауырластарының ортасында тұрып, былай деді:
16 — Бауырлар! Исаны тұтқындағандарға жол көрсетуші болған Яһуда туралы Киелі жазбалардағы сөз орындалуға тиісті еді. Киелі Рух мұны ежелде Дәуіт пайғамбар арқылы алдын ала айтқан болатын.
17 Яһуда да біз сияқты елші болып, қызметке бірге тағайындалған еді.
18 Бірақ ол қылмыс жасап, соның ақысына бір танап жер сатып алды; кейін сол жерінде етпетінен құлап, қарны жарылып, ішектері ақтарылып, өлді. —
19 Бұл оқиға Иерусалим тұрғындарының бәріне мәлім болды. Сондықтан олар сатып алынған осы жерді өз тілдерінде Хакелдама, яғни Қанды жер деп атады.
20 Ал Забур жырларында мына тәрізді сөздер жазылған: Тұрған мекені қаңырап бос қалсын, сонда тұратын ешкім де болмасын! және Міндетін оның басқа біреу алсын!
21 Сондықтан Иеміз Исаның қайта тірілгеніне куә болып жүрген бізге тағы бір кісі қосылуға тиісті. Бұл — Иеміз бізбен бірге тұрған кезде әрдайым қасымызда жүрген,
22 атап айтқанда, Жақия пайғамбар адамдарды теріс жолдан қайтуға шақырып, шомылдыру рәсімінен өткізген кезден бастап, Иса бізден кетіп, Оны көкте Құдай қабылдап алған мезгілге дейін бізбен бірге болған азаматтардың біреуі болуы керек.
23 Сонымен олар екі жігітті: қосымша аты Иуст Барсаба болған Жүсіпті және Матияны ұсынып,
24 былай деп Құдайға сиынды: Уа, Жаратқан Ие, Сен барлық адамдардың көңіліндегісін білесің. Сен осы елшілік қызметті мойнына алуға мына екеуінің қайсысын таңдап алғаныңды білдіре көрші.
25 Себебі Яһуда бұл қызметтен безіп, өзіне лайықты жеріне кетті.
26 Олар екеуіне жеребе салғанда, жеребе Матияға түсті. Осылайша ол он бір елшінің қатарына қосылды.