Заңды қайталау. Chapter 11

1 Сонымен өз Құдайларың Жаратқан Иені сүйіңдер, Оның бұйрықтары мен ережелерін, шешімдері мен өсиеттерін әрқашан берік сақтаңдар!
2 Біліп алыңдар, мен бүгін сендердің балаларыңа сөйлеп жатқан жоқпын. Өйткені олар (кейінірек дүниеге келгендіктен) Құдайларың Жаратқан Иенің түзетіп тәрбиелеуін көріп, бастарынан кешірген емес: Оның ұлылығын, алға созылған құдіретті қолын,
3 Мысыр елінде патшасы перғауын мен оның бүкіл халқына жасаған кереметтері мен ғажап істерін: осылардың бәрін олар көрген емес.
4 Жаратқан Иенің мысырлықтардың әскеріне, аттары мен соғыс күймелеріне не істегенін, сендерді қуып келе жатқан оларды Қамысты теңіздің суына батырып, толығымен жойып жібергенін де көре алған жоқ.
5 Олар Жаратқан Иенің сендерге иен далада уәделі елге жеткен осы кезге дейін қалай қамқорлық жасағанын да көрген жоқ.
6 Жаратқан Ие рубендік Елияптың ұлдары Датан мен Абиронды жазалап, бүкіл Исраил халқы тұрған жердің ортасы қақ айырылып, сол адамдарды бүкіл отбасыларымен, барлық шатырларымен, малдарымен жұтып қойған кезді көрген де балаларың емес.
7 Ал Жаратқан Иенің жасаған осы ұлы істерін өз көздеріңмен көрген сендерсіңдер.
8 Сондықтан, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған барлық өсиеттерді берік сақтаңдар! Сонда сендердің өзеннің арғы жағындағы елге кіріп, оны иемденіп алуға күш-қуаттарың жететін болады,
9 әрі Жаратқан Иенің ата-бабаларыңа және олардың ұрпақтарына беруге антпен уәде еткен елінде: ағы мен балы ағыл-тегіл елде өмірлерің ұзақ болады.
10 Сендер енейін деп жатқан осы ел өздерің шығып келген Мысыр еліне ұқсамайды. Онда сендер тұқым сеуіп, бақшада істегендей арық қазып, ауыр жұмыс істеп оны суғаратын едіңдер.
11 Жоқ, сендер иемденейін деп жатқан осы ел көктен жауған жаңбырмен суғарылатын қыратты да аңғарлы жер.
12 Бұл елге Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі қамқорлық жасайды. Жылдың басынан аяғына дейін Ол сол елді ұдайы назарында ұстайды.
13 Сонымен, бүгін мен өздеріңе беріп отырған мына өсиеттеріме мұқият құлақ түріңдер: Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, Оған шын жүректен және бүкіл жан дүниелеріңмен қызмет етіңдер.
14 Егер солай істесеңдер, онда Ол елдеріңе күзгі де, көктемгі де жаңбырды мезгілінде жаудырып тұратын болады. Осылайша сендер астықты, жүзім шырынын және зәйтүн майын уақытында жинап, дайындап алатын боласыңдар.
15 Жаратқан Ие малдарың үшін далаларыңда шөпті қалың қылып өсіреді, сонда тамақтарың тоқ болып, тойынасыңдар.
16 Бірақ сақ болыңдар, әйтпесе азғырылып, бөтен тәңірлерге бет бұрып, оларға жүгініп құлшылық етіп кетесіңдер.
17 Егер солай етсеңдер, онда Жаратқан Иенің лаулаған қаһары сендерге қарсы лап етеді. Ол аспанды жауып, жаңбырды жаудырмай қояды. Сонда жер өнімін бермей, сендер көп ұзамай Жаратқан Иенің өздеріңе табыстаған елінде құрып, жоқ боласыңдар.
18 Ендеше мен айтқан осы сөздерді жүректеріңе, жан дүниелеріңе және ақыл-саналарыңа тоқып алыңдар! Олар қолдарыңа байланған белгі, көз алдарыңдағы ескертпе жазба іспетті болсын.
19 Балаларыңа да бұл сөздерді үйретіңдер: үйде отырған не жол жүрген, төсекте жатқан не тұрып жатқан кездеріңде де солар туралы айтатын болыңдар!
20 Оларды үйлеріңнің есік жақтауларына әрі қақпаларыңа да жазып қойыңдар.
21 Сонда Жаратқан Ие ата-бабаларыңа беруге антпен уәде еткен елде өздерің де, бала-шағаларың да аспан өз орнында тұрғанша ұзақ өмір сүретін боласыңдар.
22 Мен бүгін өздеріңе ұстануға тапсырып отырған, Құдайларың Жаратқан Иені сүйіңдер, Одан ажырамастай берік ұстанып, Оның жолдарымен жүріңдер! деген өсиеттерді тұрақты сақтайтын болыңдар!
23 Сонда Жаратқан Ие елдегі халықтардың барлығын алдарыңнан қуып шығады. Олардың саны мен күші өздеріңнен басым болса да, сендер елді иемденіп аласыңдар.
24 Қай жерге аяқ бассаңдар, сол жер сендердікі болады. Жерлерің оңтүстіктегі Негев даласынан Ливан тауларына дейін, Евфрат өзенінен батыстағы теңізге дейін созылатын болады.
25 Ешкім сендерге қарсы тұра алмайды. Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе уәде еткеніндей, қайда барсаңдар да, бүкіл елдегі адамдардың бәрін сендерден қорқып үрейленетін етеді.
26 Бүгін сендерге таңдауға жарылқау мен қарғысты ұсынып отырмын.
27 Егер сендер өз Құдайларың Жаратқан Иенің бүгін мен арқылы тапсырып отырған өсиеттеріне құлақ ассаңдар, онда жарылқанатын боласыңдар.
28 Ал егер Жаратқан Иенің өсиеттеріне құлақ аспай, орындамасаңдар, әрі өздеріңе бейтаныс, бөтен тәңірлердің соңына түсіп, мен бүгін сендерге нұсқаған жолдан тайып кетсеңдер, онда қарғысқа ұшырайтын боласыңдар.
29 Құдайымыз Жаратқан Ие сендерді иемденгелі отырған осы елге кіргізгеннен кейін, Гәризим тауынан жарылқауларды, Ебал тауынан қарғыстарды жариялаңдар.
30 Сол екі тау Иордан өзенінің арғы жағындағы елсіз алқапта Ғылғалға қарама-қарсы тұрып жатқан қанахандықтардың аймағында, алып емен ағаштары өсіп тұрған Мореге жақын жерде, батысқа қарай бағытталған жолдың бойында орналасқан.
31 Енді Иордан өзенінен өтіп, Құдай Иеміз сендерге табыстап отырған елге еніп, оны иемденейін деп тұрсыңдар. Соған еніп, қоныстанып алғаннан кейін
32 мен өздеріңе бүгін табыстап отырған барлық ережелер мен шешімдерді сактап орындаңдар.