Заңды қайталау. Chapter 24

1 Егер біреу үйленіп, кейін әйелінің бір масқарасын ашып, оны жақтырмай кетсе және оған ажырасу қағазын жазып беріп, үйінен шығарып жіберсе,
2 ал әйел сол үйінен кеткеннен кейін басқа біреуге тұрмысқа шығып,
3 айталық, екінші күйеуі де оны жаратпай, ажырасу қағазын жазып беріп, үйінен шығарып жіберсе я болмаса қайтыс болса,
4 онда бірінші күйеуінің сол әйелге қайтадан үйленуіне болмайды. Өйткені әйел бірінші күйеуі үшін арамданған болып саналады. Бұндай әрекетті Жаратқан Ие әбден жек көреді. Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе мұралық меншікке табыстап отырған елін осылай істеп күнәмен масқараламаңдар!
5 Жақында ғана үйленген адамды соғысқа жіберуге немесе басқа бір іске шақыруға болмайды. Ол бір жыл бойы үйінде болып, жаңадан үйленген әйелін бақытты етуі керек.
6 Ешкім де кепілдікке не қол диірменді, не оның үстіңгі тасын алмасын! Бұл оның иесінің жанын кепілдікке алумен бірдей.
7 Егер біреу ұлттас бауырласын өзіне басыбайлы қызметші ету немесе оны сатып жіберу үшін ұрлап жатқан жерінде қолға түссе, сол кісі ұрлаушыны өлтіру керек. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар!
8 Алапес (сияқты жұқпалы тері) ауруларынан сақ болып, леуілік діни қызметкерлер не айтса, соны орындаңдар! Мен оларға берген нұсқауларды мұқият жүзеге асырыңдар.
9 Құдайларың Жаратқан Иенің сендер Мысырдан шығып келе жатқан кезде Мәриямға не істегенін естеріңнен шығармаңдар.
10 Маңайыңдағы адамға қандай да бір нәрсені қарызға бергенде, соның кепілдігін алу үшін үйіне баса көктеп кірме.
11 Сыртта күте тұр. Ана кісі үйіне кіріп, кепілдігін өзі алып шықсын.
12 Егер сол адам кедей болса, оның кепілдігін түнде өзіңде қалдырма.
13 Күн батарда кепілдікке алған шапанын өзіне қайтарып бер, сонда ол шапанын жамылып, саған рақметін айтады. Осылай істегеніңді Құдай Иең әділ іс деп ұнатады.
14 Жоқшылықта өмір сүрген жалданушыларыңды, олар не исраилдік, не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, еш жәбірлеме!
15 Күн сайын оларға жалақыларын кеш түспей тұрып төлеуші бол. Өйткені олар кедей, күнделікті күнкөрісі үшін соған қарап отыр ғой. Әйтпесе, олар Жаратқан Иеге сенің үстіңнен шағымданып, Оның алдында күнәлі болып қаласың.
16 Не балаларының істері үшін әкелерін, не әкелерінің істері үшін балаларын өлімге кесуге болмайды. Әркім тек өз қылмысы үшін ғана өлімге кесіледі.
17 Жат жұрттықты да, жетімді де құқықтарынан айырма! Қарыздар жесірдің киім-кешегін кепілдікке алма!
18 Мынаны естеріңнен шығармаңдар: өздерің Мысыр елінде құлдықта болдыңдар, ал Құдайларың Жаратқан Ие сендерді сол жақтан құтқарып алды ғой. Сондықтан да сендерге осы өсиетті беріп отырмын.
19 Егістігіңнен өніміңді жинап жатқанда, масақтың бір бумасын ұмытып кетсең, оны алу үшін қайтып барма. Соны жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге қалдыр! Сонда Құдай Иең қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады.
20 Зәйтүн ағашыңның жемістерін қаққанда да қалып қойған жемістерді қайта қағушы болма. Оларды жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге қалдыр!
21 Сондай-ақ жүзімдігіңнің жемістерін жинағанда да қалып қойғандарын қайта барып жинамай-ақ қой. Оларды жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге қалдыр!
22 Мынаны естеріңнен шығармаңдар: өздерің де Мысыр елінде құлдықта болдыңдар. Сондықтан да сендерге осы өсиетті беріп отырмын.