Заңды қайталау. Chapter 21

1 Құдайларың Жаратқан Ие сендерге иемденуге табыстап отырған елдегі ашық далада өлген кісінің сүйегі табылса және оны кім өлтіргені беймәлім болса,
2 онда былай істеулерің керек: сендердің ақсақалдарың мен төрешілерің сүйек табылған жерге барып, оның маңайындағы жақын орналасқан елді мекендерге дейінгі қашықтықты өлшесін.
3 Мұнан кейін сүйекке ең жақын жатқан елді мекеннің ақсақалдары ешқашан жұмысқа жегілмеген жас сиырды таңдап алсын.
4 Малды топырағы жыртылып, тұқым себілмеген, суы тоқтаусыз ағып жатқан бір сайға алып барсын. Олар сайдың ішінде сиырдың мойнын үзсін.
5 Сонда леуілік діни қызметкерлер алға шықсын. Себебі Құдайларың Жаратқан Ие Өзіне қызмет етіп, өз атынан бата беріп, әрбір дау мен шабуыл жайлы үкім шығаруға оларды таңдап алған.
6 Өлген адамның сүйегі табылған жерге ең жақын орналасқан елді мекеннің барлық ақсақалдары сол сайда мойны үзілген сиырдың үстінде қолдарын жуып, былай десін:
7 Осы кісінің қанын төккен біздің қолдарымыз емес, сол қылмысты кім істегенін де көздеріміз көрген жоқ!
8 Уа, Жаратқан Ие, Өзің құтқарған халқың Исраилден осы құрбандықты қабылдап, кешірім бере гөр! Жазықсыз өлтірілген осы кісінің қанын халқыңның мойнына жүктей көрме. Сонда олар сол төгілген қанның кінәсінен тазарады.
9 Бұлай істегендеріңді Жаратқан Ие құптап, жазықсыз өлтірілген кісінің қанының кінәсі сендерден алынып тасталады.
10 Сендер жауларыңа қарсы соғысқа шығып, Құдайларың Жаратқан Ие оларды қолдарыңа табыстап, тұтқынға алғанда,
11 араларынан бір көрікті әйел затын көріп, ұнатып қалсаң, оған үйленуіңе болады.
12 Сол әйелді үйіңе әкеліп, шаш-тырнағын алғызып,
13 қолға түскенде киіп жүрген киімдерін ауыстырғызуың керек. Әйел сенің үйіңде толық бір ай бойы тұрып, әке-шешесін жоқтасын. Содан кейін онымен жақындасып, сен оған күйеу, ол саған әйел боласыңдар.
14 Ал егер кейінірек ұнатпай қалсаң, оны қалаған жағына қоя беруің керек. Оны сатуға немесе өзіңе күң етіп алуыңа болмайды, себебі оның абыройын төктің.
15 Бір адамның екі әйелі болып, ол біріншісін сүйіп, екіншісін жаратпаса, әрі екі әйелі де оған ұл туып берсе, ал тұңғыш ұлын жаратпайтын әйелінен көрген болса,
16 сол адамның мал-мүлкін балаларына мұра етіп үлестіргенде, тұңғыш ұлға тиісті мұраны өзінің нағыз тұңғышына емес, сүйетін әйелінен туған ұлына беруге қақы жоқ.
17 Ол жақтырмайтын әйелінен туған шын тұңғышын танып, оған тиісті екі есе үлкен үлесті беруі керек. Тұңғыш ұл — әкесінің қайратының тұңғышы, сондықтан тұңғыштың мұрасы онікі.
18 Егер біреудің баласы әке-шешесіне мойынсұнбайтын қиқар болып, жөнге салғанмен оларды мүлдем тыңдамайтын болса,
19 онда әке-шешесі оны ұстап, ақсақалдардың алдына алып келсін.
20 Оларға былай десін: Мына баламыз бізге мойынсұнбайтын қиқар, былапыттап ішіп-жеп, айтқанымызды тыңдамайды.
21 Сонда қаланың барлық адамдары оны таспен атқылап өлтіруге тиіс. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! Бүкіл Исраил халқы мұны естіп, (жамандық істеуден) қорқатын болады.
22 Егер ауыр қылмысы үшін өлімге кесілген бір кісінің мәйітін ағашқа іліп қоятын болсаңдар,
23 оны түні бойы ағашта қалдырмай, сол күні жерлеңдер. Себебі ағашқа ілінген әркім Құдайдың қарғысына ұшырап тұрады. Осылайша Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе иемденуге табыстап отырған елді арамданып кетуден сақтаңдар!