Мысырдан көшіп шығу. Chapter 3

1 Мұса қайын атасы — мадияндық діни қызметкер Етордың ұсақ малдарын бағып жүрді. Бір күні ол отарын айдаланың алыс түкпіріне, Құдайдың тауы деп те аталатын Хориб тауына айдап барды.
2 Сол жерде оған Жаратқан Иенің періштесі бір тікенді бұтаның ортасынан жалындап жанған от ішінен аян берді. Мұса бұтаның от болып жалындап тұрғанымен өртеніп кетпегенін байқаған еді.
3 Сонда ол іштей: Мынау қызық көрініс екен, сол жерге жақынырақ барып, бұтаның неліктен өртеніп кетпей жатқанын қарайыншы, — деп ойлады.
4 Жаратқан Ие Мұсаның қарау үшін жақындап келгенін көрді. Содан Құдай бұта арасынан оған: — Мұса! Мұса! — деп дауыстады. Ол: — Тыңдап тұрмын, — деп жауап берді.
5 Құдай: — Мұнда жақындама, аяқкиіміңді шеш! Сен тұрған осы жер киелі, — деп бұйырып,
6 — Мен әкеңнің Құдайымын әрі Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын, — деді. Мұса Оған қарауға дәті бармай, бетін жауып алды.
7 Жаратқан Ие: — Мен халқымның Мысырда шеккен жәбіріне назар аударып, олардың айдаушыларынан қаналып, қинала айқайлағандарына құлақ салып келемін; олардың көрген азаптарын түгел білемін.
8 Сондықтан Мен халқымды мысырлықтардың қолынан азат ету үшін көктен түстім. Оларды Мысырдан алып шығып, қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер қоныстанған елге бастап алып барамын. Сол елдің жері шұрайлы, кең-байтақ, ағы мен балы ағыл-тегіл мол.
9 Енді мынаны біліп қой: исраилдіктердің қинала айқайлаған дауыстары құлағыма жетіп, Мен мысырлықтардың оларды аяусыз қанағандарын көріп тұрмын.
10 Кәне, жүр, Мен сені перғауынға жіберемін. Сен халқым Исраилді Мысырдан бастап алып шығасың! — деп бұйырды.
11 Ал Мұса Құдайға: — Перғауынға барып, исраилдіктерді Мысырдан алып шығатындай соншама мен кіммін? — деп жауап қайырды.
12 Құдай: — Мен саған жар боламын. Сен халықты Мысырдан алып шыққан соң, сендер Маған осы таудың маңында ғибадат ететін боласыңдар. Сені Өзім жібергендігімнің дәлелі сол болмақ, — деді.
13 Ал Мұса Құдайға: — Енді мен исраилдіктерге барып, Мені ата-бабаларыңның Құдайы сендерге жіберді десем, олар менен Оның есімі кім? деп сұрайды ғой. Сонда не деп жауап беруім керек? — деген сұрақ қойды.
14 Құдай оған былай деп жауап қатты: — Мен (Мәңгі) Бар Болушымын. Исраилдіктерге: (Мәңгі) Бар Болушымын деген мені сендерге жіберді деп айт. —
15 Құдай сөзін жалғап тағы былай деді: — Исраилдіктерге мынаны да айт: Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие мені сендерге жіберіп отыр. Мәңгі бақи Менің атым осылай болмақ. Күллі келер ұрпақтар да Мені осы есіміммен естеріне сақтасын.
16 Бар да, Исраилдің рубасыларын жинап алып, оларға былай де: Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие маған аян беріп, мынаны айтты: Мен сендерді назарымда ұстап келемін, Мысыр елінде көрген жәбірлеріңді түгел білемін.
17 Сендерді Мысырдың езгісінен құтқарып, қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер қоныстанған, ағы мен балы ағыл-тегіл елге алып баруға уәде бердім.
18 Сонда Исраилдің рубасылары сенің айтқандарыңа ден қоятын болады. Мұнан кейін оларды ертіп, Мысыр патшасының алдына бар. Оған былай деңдер: Біз, исраилдіктер, сиынатын Құдайымыз — Жаратқан Ие бізге аян берді. Енді үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға бізге рұқсат етіңіз.
19 Алайда құдіретті күш көндірмесе, Мысыр патшасының сендерді жібермейтінін білемін.
20 Сондықтан Мен Мысырға құдіретті қолымды созып, оны керемет істеріммен ойрандаймын. Содан кейін ғана перғауын сендерді қоя бермек.
21 Ал Мен мысырлықтарды халқыңа оң көзбен қаратамын, кеткен кездеріңде құр қол аттандырмаймын.
22 Араларыңдағы әрбір әйел көршілес және бірге тұрған мысырлық әйелдерден алтын-күміс бұйымдар мен әсем киімдерді сұрап алсын. Бұларды ұл-қыздарыңа сәндеп кигізіңдер, осылайша мысырлықтардың байлығын олжалайтын боласыңдар.