Мысырдан көшіп шығу. Chapter 2

1 Сол кездері Леуі руынан шыққан бір адам өз руынан әйел алады.
2 Сол әйел жүкті болып, ұл туады. Сәбидің ерекше әдемі екенін көрген шешесі оны үш ай бойы жасырып бағады.
3 Алайда бұдан әрі жасыра алмайтындықтан, әйел қамыстан себет тоқып, оны қара шайырмен бітеп, нәрестені ішіне жатқызады. Сонан соң себетті Ніл өзенінің жағасында өсіп тұрған құрақтың арасына апарып, суға қоя береді.
4 Баланың әпкесі алысырақ жерге тығылып қалып, онымен не болар екен деп аңдып тұрады.
5 Сол мезгілде перғауынның қызы шомылу үшін өзенге келеді. Күтуші қыздары су жағасында әрі-бері жүрумен болады. Қамыс арасынан себетті байқап қалған ханша бір күтуші қызын жұмсап, оны алдыртады.
6 Ханша себетті ашып, ішінде жатқан нәрестені көреді. Сол ұл бала жылап жатыр екен. Ханша оны аяп кетіп: — Бұл — исраилдік нәресте ғой, — дейді.
7 Сонда сәбидің әпкесі тығылып отырған жерінен шығып: — Мен барып, бөбекті емізу үшін сізге бір исраилдік әйелді шақырып алып келейін бе? — деп сұрайды.
8 Ханша: — Иә, бара ғой, — дейді. Қыз барып, нәрестенің шешесін алып келеді.
9 Ханша оған: — Мына нәрестені ал, оны менің орныма емізетін боласың. Сол үшін ақыңды төлеймін, — деп бұйырады. Әйел бөбекті емізіп асырау үшін үйіне алып кетеді.
10 Сәби біраз өскеннен кейін шешесі оны перғауынның қызына апарып береді. Ханша баланы бауырына басып, Оны судан шығарып алдым ғой, — деп, оған Мұса (Шығарып алған) деген ат қояды.
11 Арада бірнеше жыл өтіп, Мұса ержеткенде бір күні өз халқының арасына барып, олардың қандай ауыр жұмыс істеп жүргендерін көрді. Сол кезде ол исраилдік ұлттастарының біреуін бір мысырлықтың ұрып-соғып жатқанын байқап қалды.
12 Мұса жан-жағына қарап, ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткен соң, мысырлықты ұрып өлтіріп, құмға көміп тастады.
13 Келесі күні де Мұса далаға шыққанда, бір-бірімен төбелесіп жатқан екі исраилдікті көрді. Жәбір көрсеткенге ол: — Сен неге бауырласыңды ұрасың? — деді.
14 Сол адам: — Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады? Сен немене, мысырлықты өлтіргендей мені де өлтірмексің бе? — деп жауап қайтарды. Мұса: Менің істегенім туралы жұрт біліп қойған екен ғой, — деп ойлап, үрейі ұшты.
15 Болған жайды перғауын да естіп, Мұсаны өлтіртпек болды. Бірақ ол перғауыннан қашып кетіп, Мадиян еліне барып, тоқтады. Бірде Мұса құдық түбінде отырған еді.
16 Мадияндық діни қызметкердің жеті қызы бар болатын. Олар әкелерінің қой-ешкілерін суару үшін сол құдықтан су тартып, науаларды толтыратын.
17 Алайда басқа қойшылар да келіп, бұларды қуып жіберіп, (алдымен өз малдарын суарып алатын). Бірақ бұл жолы Мұса орнынан ұшып тұрып, қыздарды қорғап, малдарын суарып берді.
18 Қыздар үйлеріне қайтқанда әкелері Рәгуел: — Қалайша бүгін ерте келіп қалдыңдар? — деп сұрады.
19 Олар: — Бір мысырлық жігіт бізді қойшылардан қорғап, тіпті су тартып, малымызды суарып берді, — деп жауап қатты.
20 Сонда әкелері: — Сол жігіт қайда? Оны неге далада қалдырып кеттіңдер? Тамақ ішсін, шақырып келіңдер, — деп тапсырды.
21 Оның қонақжайлылығына риза болған Мұса үйінде тұрып қалуға келісті. Уақыт өте, діни қызметкер Мұсаға қызы Сипораны әйелдікке берді.
22 Кейін әйелі ұл туып, Мұса оған Гершом (яғни Сол жерге кірме) деген ат қойды. Себебі ол: Мен бөтен жердегі жат жұрттық кірме болдым, — деді.
23 Ұзақ уақыттан кейін Мысырдың патшасы дүниеден қайтты. Ал исраилдіктер әлі де құлдықтан бейнет шегіп, күңірене күрсініп зарлап жатты. Олардың көмек сұрап жалбарынуы Құдайдың құлағына жетті.
24 Зарлаған дауыстарын естігенде Құдай Өзінің Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен жасаған Келісімін рақыммен есіне алды.
25 Осылай Құдай Исраил халқының мүшкіл халіне назар аударып, олардың қамдарын ойлады.