Езекиел. Chapter 16

1 Жаратқан Ие маған қайтадан сөзін арнап былай деді:
2 Пендем, Иерусалимнің жексұрын іс-әрекеттерін әшкерелеп
3 былай де: Жаратушы Тәңір Ие Иерусалимге мынаны айтады: Сенің (рухани) ата-тегің қанахандықтар: әкең — аморлық, шешең — хеттік.
4 Сен дүниеге келген күні кіндігің кесілмеді. Сені ешкім шомылдырып, қаныңнан тазартпады, үстіңе тұз жағып, жөргекке де орамады.
5 Сені аяп-мүсіркеп, осылардың біреуін де істеген ешкім болмады. Керісінше, сен дүниеге келе салысымен-ақ жек көрініп, ашық далаға тасталдың.
6 Мен сол жермен өтіп бара жатып, үстің қан-қан күйіңде аяқ-қолдарыңды ербеңдетіп жатқан бейшара халіңді көрдім. Өмір сүр! деп сені бауырыма бастым.
7 Саған даладағы өсімдіктей өсіп-өнуге жағдай жасадым. Сен өсіп, үлкейіп, керемет сұлу болдың. Қос анарың толысып, шаштарың өсіп, бой жеттің, алайда әлі де киімсіз жалаңаш едің.
8 Мен кейінірек қасыңнан өтіп бара жатқанымда, сені байқап, махаббатқа дайын екеніңді көрдім. Жамылғымның шетін үстіңе жауып, жалаңаш денеңді қымтап, мұныммен өзіңе үйленуге уәде бердім. Яғни саған ант беріп сенімен Келісім жасадым. Осылай сен Мендік болдың, — дейді Жаратушы Тәңір Ие.
9 Сені шомылдырып, қаныңды жуып тазартып, денеңе хош иісті май жақтым.
10 Үстіңе кестелі көйлек, аяғыңа былғары аяқкиім кигіздім, тағы ақ бәтес киім де кигізіп, жібек шапан жаптым.
11 Саған қымбат әшекейлер сыйлап, қолыңа білезік тағып, мойныңа алқа салдым.
12 Мұрныңа сақина, құлағыңа дөңгелек сырға тағып, басыңа әдемі тәж кигіздім.
13 Осылайша сен алтын-күміс әшекейлер тағып, ақ бәтес пен басқа да қымбат матадан кестеленіп әдемі тігілген киім кидің. Ішетін тағамдарың таңдаулы ұннан, бал мен зәйтүн майынан дайындалатын еді. Сен патшайым болуға лайықты асқан сұлу болып өстің.
14 Менің саған берген салтанатым көркіңді кемеліне келтіріп, сол туралы даңқың халықтардың арасына кең жайылды, — дейді Жаратушы Тәңір Ие.
15 Бірақ сен сол көркіңе сеніп, даңқыңды азғындыққа пайдаландың. Көрінгенмен ашына болып, көркің соның меншігіне айналды.
16 Сен киімдеріңнің бірқатарын алып, олардан биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге табынатын орындар жасадың. Сол жерлерде жезөкшелікпен, яғни жалған тәңірлерге табынумен, айналыстың. Мұндай сұмдық бұрын ешқашан болған емес, болашақта да болмауға тиіс!
17 Сондай-ақ Менің өзіңе берген алтын-күмісімнен жасалған әдемі әшекейлерді алып, олардан еркек тәңірсымақтардың мүсіндерін жасап, солармен азғындық жасадың.
18 Кестелі киімдеріңді үстеріне жауып, Мен саған берген зәйтүн майым мен хош иісті заттарымды оларға тарту еттің.
19 Иә, солай болды. Мен өзің ішіп-жесін деп берген тағамдарым — таңдаулы бидай ұнын, зәйтүн майы мен балды сен оларға хош иісті тарту ретінде ұсындың! — деп әшкерелейді Жаратушы Тәңір Ие.
20 Осы азғындығың аз болғандай, Маған туып берген ұл-қыздарыңды жалған тәңірлерге тамақ болсын деп құрбан етіп отқа өртеп жібердің.
21 Осылайша сен Менің өзіңе сыйлаған балаларымды өлтіріп, оларды жалған тәңірлерге қидың!
22 Осы жексұрын күнәларың мен азғын іс-әрекеттеріңді жасап жүрген кезіңде өзіңнің жалаңаш, үстің қан-қан күйіңде аяқ-қолыңды ербеңдетіп жатқан балалық шағыңды есіңе еш алмадың.
23 Содан сен қайғы-қасіретке қаласың! — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. Жасаған барлық зұлым істеріңе қоса,
24 сен әрбір алаңда өзіңе сәкілер жасадың.
25 Барлық көше бастарында да өзіңе биіктеу орындар тұрғызып, көркіңді масқара еттің. Өз тәніңді кім көрінгенге ұсынып, ойнас жасап, азғындыққа батқан үстіне бата бердің.
26 Сен әйелқұмар көршілерің — мысырлықтармен де көп рет азғындыққа батып, қаһарымды қоздырдың.
27 Енді, міне, Мен саған қарсы қолымды созып, өзіңе белгіленген жер көлемін азайттым. Сені өзіңді жек көрген філістір қыздарының қолдарына түсірдім. Сонда тіпті олар да сенің осы ұятсыз қылықтарыңа қайран қалды.
28 Сен бұған тоймай, Ассурдың ұлдарымен де ойнас жасадың. Алайда одан кейін де тойымсыз болып қала бердің.
29 Содан соң сен халдей саудагерлерінің Бабыл елімен қарым-қатынас жасап, азғындыққа түсіп, сонда да тойымды білмедің.
30 Осының бәрін сен асқақ та асау жезөкшедей істейсің! Ендеше сенің жүрегің қандай бұзық! — деп әшкерелейді Жаратушы Тәңір Ие. —
31 Өзіңе әрбір көшенің басында және барлық алаңдарда үймек мінбелер жасап, жалған тәңірлерге арналған табыну орындары мен құрбандық үстелдерін тұрғыздың. Сонда кәдімгі жезөкшеден бетер азғын болып, тіпті алар ақыңды да менсінбей күнәға батудасың!
32 Сен нағыз опасыз әйелсің! Өз күйеуіңнен гөрі бөтен еркектерді артық көресің!
33 Кез келген жезөкше ақы алады, ал сен ашыналарың барлық жақтан келіп, өзіңмен ойнас жасасын деп оларға өзің сыйлықтар алып бересің.
34 Сөйтіп, сен басқа азғын әйелдерден өзгесің: еркектер артыңнан ілесіп келіп, ақы төлеген жоқ. Қайта, өзің ашыналарыңа ақы төледің. Міне, осыңмен сен басқалардан өзгешесің.
35 Сондықтан, ей, жезөкше (іспетті сенімсіз Иерусалим), Жаратқан Иенің сөзін тыңда!
36 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сенің нәпсіқұмарлығыңа беріліп, ашыналарыңмен ойнас жасап, жалаңаш тәніңді көрсеткенің үшін, яғни анау жиренішті тәңірлеріңе табынып, оларға өз балаларыңның қанын тарту ретінде ұсынғаның үшін,
37 біліп қой: Мен өзіңмен бірге рақаттанған ашыналарыңның барлығын, өзіңе сүйкімдісін де, жек көрініштісін де жинап аламын. Оларды жан-жақтан саған қарсы жинап әкеліп, олардың көзінше сенің киімдеріңді сыпырып шешіп тастаймын. Сонда олар жалаңаш тәніңді түгелдей көретін болады.
38 Саған неке адалдығын бұзған әрі кісі өлтірген әйелдерге тиісті үкімді шығарамын. Мен қаһарыммен, қызу қайрат-жігеріммен төккен қаныңның қарымтасын өз басыңа қайтарамын.
39 Сені бұрынғы ашыналарыңның қолына тапсырамын. Олар сенің табыну орындарыңды құлатып, биіктеу жерлеріңдегі құрбандық үстелдеріңді қиратады, әрі киімдерің мен қымбат әшекейлеріңді сыпырып алып, сені тыр жалаңаш қалдырады.
40 Олар саған қарсы бір тобырды жинап алып, сені таспен атқылап өлтіріп, денеңді семсерлерімен турап тастайды.
41 Содан олар үйлеріңді өртеп, саған көптеген әйелдердің көзінше жазаңды тартқызады. Осылайша Мен сенің азғындығыңды тыйып, сен енді қайтып ашыналарыңа ақы төлемейтін боласың.
42 Сонда Менің саған қарсы лаулаған қаһарым басылып, қызу қайрат-жігерім сенен кері бұрылады. Мен тынышталып, бұдан былай саған ашуланбайтын боламын.
43 Бірақ содан бұрын Мен істеген істеріңнің жазасын міндетті түрде басыңа шүйілтемін! Себебі сен өз балалық шағыңды есіңнен шығарып, осы нәрселерді істеуіңмен Менің қаһарымды қоздырдың, — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие. — Өзіңнің басқа да жексұрын істеріңнің үстіне ұятсыз азғындығыңды да қосып келесің ғой!
44 Мақалдап сөйлейтіндер енді: Шешесіне қарап қызын таны деген мақалды сен туралы айтатын болады.
45 Күйеуі мен балаларынан жиреніп бас тартқан шешеңнің сен нағыз қызысың. Сондай-ақ күйеулері мен балаларынан жиреніп бас тартқан әпке-сіңліңнің бірге туған нағыз бауырысың. Сендердің шешелерің хеттік, ал әкелерің аморлық болатын.
46 Сенің әпкең — солтүстік жағыңда қыздарымен бірге тұрған Самария қаласы, сіңлің — ежелде оңтүстік жағыңда қыздарымен бірге тұрған Содом қаласы болатын.
47 Олардың жексұрын мінез-құлықтары мен іс-әрекеттеріне еліктеп қана қойған жоқсың, көп кешікпей-ақ сенің бүкіл мінез-құлқың олардікінен де бетер азғын болды.
48 Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие ант етіп мынаны айтады: Тіпті сіңлің Содом мен оның қыздары сенің өзің мен қыздарыңның істеген зұлымдықтарды еш істеген емес.
49 Сіңлің Содомның күнәсі мынау болды: өзі де, маңындағы елді мекендер де өркөкіректеніп, әбден тойынып, бейқам болып кеткен еді. Олар бейшара жарлыларға қол ұшын да бермейтін.
50 Осылайша паңданған содомдықтар Менің көз алдымда жексұрын күнәларын жасай берді. Мен бұларын көріп, содомдықтарды қасымнан аластаттым.
51 Тіпті Самария сен жасаған күнәлардың жартысын да жасаған жоқ. Сен жексұрын іс-әрекеттерді сол апа-сіңліңнен де көп істедің. Өзіңмен салыстырғанда олар тіптен әділ іспетті болып көрінеді.
52 Ал енді, масқараңды өз мойныңмен көтер! Сенің күнәларың олардікінен де бетер жексұрын болғандықтан, апа-сіңлің саған қарағанда әділірек, тіпті ақталғандай болып көрінеді. Сондықтан қызара ұялып, масқараңды өз мойныңмен көтер!
53 Алайда бір кезде Мен Содомның, Самарияның және екеуінің қыздарының жағдайларын, сондай-ақ сенің де жағдайыңды қалпына келтіремін.
54 Сен оларды өз істегендеріңмен жақсы сезіндіргенің үшін ұялып, нағыз масқараға қалатын боласың.
55 Сонда әпкең Содом мен сіңлің Самария өздерінің қыздарымен бірге бұрынғы жағдайларына қайтып оралады. Сен де қыздарыңмен бірге бұрынғы жағдайыңа қайтасың.
56 Өзің өркөкіректеніп жүрген кезіңде әпкең Содомды мақал іспетті аузыңнан тастамайтын едің ғой.
57 Бірақ бір күні сенің асқан зұлымдығың жария болды. Енді арамалықтар мен олардың көршілері және філістірлер әрі өз айналаңдағылардың бәрі де сені келекелеп мазақтайды.
58 Сен өзіңнің азғын да жексұрын күнәларыңның кесіріне ұшырайсың, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
59 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: Сен Келісімімді бұзып, Менің антыма немқұрайды қарадың. Сондықтан Мен саған лайықты жазаны қолданамын.
60 Ал кейін Мен жастық шағыңда өзіңмен жасаған Келісімімді есіме алып, сенімен мәңгілік Келісім жасаймын.
61 Сонда сен жүрген жолдарыңды есіңе түсіріп, ұялатын боласың. Мен әпке-сіңліңді алып, саған қыздарың ретінде беремін. Бірақ мұны өзіңмен жасаған Келісімімнің негізінде жасамаймын.
62 Осылай Мен Келісімімді өзіңмен қайтадан бекітіп, сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың.
63 Сонда Мен сені істеген барлық істеріңнің арамдығынан тазартып, кешіремін. Мұны есіңнен шығармай, ұялып, масқара болғандықтан енді қайтып (мақтанып, басқаларды айыптауға) аузыңды ашпайтын боласың! — Жаратушы Тәңір Ие осыларды нық айтады.