Езекиел. Chapter 34

1 Жаратқан Ие маған тағы сөзін арнап былай деді:
2 Пендем, Исраилдің отарын бағушы жетекшілеріне қарсы Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ей, өздерін ғана бағатын Исраилдің бақташылары, сендер қасіретке қаласыңдар! Қойды баққан отарын қамқорлауға міндетті емес пе?
3 Сендер оның майлы сүтін ішіп, жүнінен киім киесіңдер, қоңдыларын сойып жейсіңдер, бірақ отарларыңды дұрыс бақпайсыңдар.
4 Әлсіздерін бордақылап, ауруларын емдемедіңдер, мертіккендерін таңып, қуылып бытырағандарын қайтармадыңдар, жоғалып кеткендерін іздеген де жоқсыңдар. Керісінше, оларға аяусыз, қаталдықпен үстемдік еттіңдер.
5 Қамқорлайтын бағушылары болмағандықтан, Менің қойларым жан-жаққа шашылып, көбі жыртқыш аңдарға жем болды.
6 Осылай отарым күллі тау-төбелер мен биік қырларда бытырап босып кетті. Иә, Өзімнің отарым бүкіл жер бетіне шашырап кетті! Ал оларды іздеп табуға тырысқан ешкім болған жоқ.
7 Сондықтан, ей, бақташылар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
8 Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Менің отарым өзіне қамқорлық жасайтын бағушысы болмағандықтан тоналып, олжаға айналып, барлық жыртқыш аңдарға жем болды. Иә, Өзім тағайындаған бақташылары адасқан отарымды еш іздеген жоқ! Қайта, олар Менің отарымды емес, өз қара бастарының қамын ғана ойлады.
9 Сондықтан, ей, бақташылар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар:
10 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қойыңдар, енді Мен сол бақташыларға қарсы шығамын! Олардан қойларым үшін жауап беруін талап етемін, отарымды енді қайтып оларға баққызбаймын. Сол бағушылардың тек өз бастарының ғана қамын ойлауларын доғартып, қойларымды олардың аранынан арашалап аламын. Осылайша қойларым енді қайтып соларға жем болмайды.
11 Сонымен Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, енді Мен Өзім қойларымды іздеп, тауып алып, бағамын.
12 Қойшы қамқорлығындағы жайылып, бытырап кеткен қойларына назарын аударып, оларды іздеп, тауып алатынындай, Мен де қойларымды іздеп, табамын. Иә, бұлтты да қараңғы күні халқым бытырап кеткен жан-жақтағы барлық жерлерден Мен оны құтқарып аламын.
13 Сонда халқымды өзге халықтардың арасынан қайтарып алып шығып, бөтен елдерден жинап аламын да, еліне алып келемін. Сонда халқымды Исраилдің қыратты жерінде, оның бұлақтарының маңында және елдің күллі қоныстанған аудандарында бағамын.
14 Мен оларды Исраилдің биік тау-төбелеріндегі құнарлы жайылымдарда жайып жүремін. Сонда олар шұрайлы өрістерде оттап тынығып, Исраилдің қырат-қырқаларындағы шөбі шүйгін жайлауларда жайылып жүреді.
15 Мен Өзім қойларымды бағамын әрі дем алдырып тынықтырамын, — деп уәде береді Жаратушы Тәңір Ие. —
16 Мен жоғалғандарын іздеп, адасқандарын қайтарып алып келетін боламын. Мертіккендерін байлап-таңып, әлсіздерін күшейтемін. Бірақ қоңдылары мен қуаттыларын бақылап, (бағынбайтындарын) жоямын. Осылайша отарымды әділдікпен бағатын боламын.
17 Ал, отарым, Мен, Жаратушы Тәңір Ие, сендерге мынаны айтамын: Біліп қойыңдар, Мен отарымдағы екі қойдың және қошқар мен текенің арасындағы дауларға әділ шешім шығарамын.
18 Шұрайлы жайылымда жайылып жүргендеріңнің өзі сендерге шынымен азшылық ете ме? Ендеше неге жайылымның қалғанын тұяқтарыңмен таптайсыңдар?! Таза су ішіп жүргендерің сендерге аз ба? Ендеше неге судың қалғанын аяқтарыңмен лайлайсыңдар?!
19 Неліктен Менің отарым сендер тұяқтарыңмен таптаған шөпті жеп, лайлаған суды ішулері керек?!
20 Сондықтан Мен, Жаратушы Тәңір Ие, оларға мынаны айтамын: Біліп қойыңдар, Мен Өзім қоңды қой мен арық қойдың арасына әділ шешім шығарамын.
21 Сендер әлсіздердің барлығын бүйірлеріңмен, иықтарыңмен итергіштеп, мүйіздеріңмен сүзгіледіңдер. Содан оларды отардан сырт бытыратып, қуып жібердіңдер.
22 Сондықтан Мен отарымды құтқарамын. Олар енді қайтып ешкімнің олжасы болмайды. Отарымдағы екі қойдың арасындағы дауға Өзім әділ шешім шығарамын.
23 Және олардың үстінен бір бақташыны, өз қызметшім Дәуітті, тағайындаймын. Ол солардың жайып, қамқорлайтын бағушысы болады.
24 Мен, Жаратқан Ие, олардың Құдайы, ал қызметшім Дәуіт олардың арасындағы әмірші болады. Өзім, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін.
25 Мен олармен амандық пен тыныштық туралы Келісім жасап, елден жыртқыш аң атаулыны жоямын. Сонда олар айдалада бейқам тұрып, тіпті орман ішінде алаңсыз ұйықтай алатын болады.
26 Осылайша оларды да, Өзіме бағышталған Сион тауының айналасындағы жерлерді де жарылқаймын. Мен жаңбырларды мезгілінде жіберемін, олар жарылқау әкелетін жаңбыр болады.
27 Даладағы ағаштар өз жемісін, жер өз өнімін бермек. Сөйтіп халық елде аман-есен тұратын болады. Мен халқымның мойнына салынған мойынтұрықты сындырып, өздерін құл қылғандардың үстемдігінен құтқарамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
28 Халқым енді қайтып өзге халықтарға олжа болмайды, елдің жыртқыш аңдары да оларды жалмамайды. Халық қауіпсіз өмір сүріп, ешкім оларды қорқытпайтын болады.
29 Мен оларға керемет құнарлы егістіктерді сыйлап, енді қайтып олар елде аштықтан қырылмайды. Осылайша бұдан былай өзге халықтардың табасына ұшырамайды да.
30 Сонда олар Менің өздерінің Құдайы Жаратқан Ие екенімді, әрі жар болып олармен бірге екенімді, ал өздерінің, яғни Исраил халқының, Менің халқым екенін білетін болады, — деп уәде етеді Жаратушы Тәңір Ие.
31 Осылайша сендер Менің жайылымымда бағып жүрген отарым — адамдарымсыңдар, ал Мен сендердің Құдайларыңмын! — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады.