Жақыптың хаты. Chapter 4

1 Ендеше, араларыңдағы қастастық пен дау-жанжал қайдан шығады? Бойларыңдағы соғысып жатқан арам құмарлықтарыңнан туады емес пе?
2 Сендер бір нәрсені аңсап, иемдене алмайсыңдар; сонда кісі өлтіретіндей жек көріп, қызғанасыңдар, алайда аңсаған нәрселеріңе қол жеткізе алмайсыңдар. Жанжалдасып, төбелесесіңдер, бәрібір иемденбейсіңдер, өйткені оны Құдайдан сұрамайсыңдар.
3 Сұрасаңдар да, ие бола алмайсыңдар, себебі ізгі ниетпен емес, арам құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін сұрайсыңдар.
4 Әй, опасыздар! Осы күнәкар дүниемен достасу Құдайға қастық екенін білмейтін бе едіңдер? Осы дүниемен дос болғысы келген әркім Құдайдың жауына айналады.
5 Киелі жазбадағы мынадай сөздер бекер айтылды деп санайсыңдар ма: Өмірімізден орын алған Құдайдың Рухы жалғыз Құдайды ғана сүйіп, Оған түгелдей бағышталуымызды аңсайды.
6 Ал Тәңір Ие бізге (арам құмарлықтарға қарсы тұруға) рақымын молынан сыйлайды. Сол себептен де Киелі жазбаларда мынадай сөздер бар: Құдай тәкаппарларға қарсылық жасайды, ал езілген кішіпейілдерге рақымын сыйлайды.
7 Сонымен, Құдайға мойынсұныңдар! Әзәзіл шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді.
8 Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды. Ей, күнәкарлар, қолдарыңды жамандық атаулыдан жуып тазартыңдар! Ей, екіойлы табансыздар, жүректеріңді орнықтырыңдар!
9 Өкініп, зар еңіреп жылаңдар, күлкілерің қайғыға, қуаныштарың қасіретке айналсын!
10 Жаратқан Иенің алдында бой ұсыныңдар, сонда Ол сендерді жоғарылатпақ.
11 Қымбатты бауырластар, бір-біріңді жамандап қорлауды доғарыңдар! Бауырластарыңды жамандағандарың не үкімдегендерің — (Иеміздің сүйіспеншілік туралы) өсиетін қорлап үкімдегендерің. Ал өсиетті үкімдегенде оны орындаушы емес, соттаушы болып шығасыңдар.
12 Өсиеттерді шығарушы да, соттаушы да — Біреу-ақ. Ол құтқара да, құрта да алады. Маңайыңдағыларды үкімдейтін соншама сен кімсің?
13 Біз бүгін-ертең пәлен қалаға барып, сонда бір жыл тұрып, сауда жасап, олжаға батамыз дейтіндерің құлақ түріңдер:
14 сендер тіпті күні ертең не болатынын білмейсіңдер! Өмірлерің неге ұқсас? Ол әншейін аз уақытқа көрініп, кейін ғайып болатын бу іспетті емес пе?
15 Оның орнына Иеміз бұйыртса, аман болсақ, біз мынаны істейміз, не ананы істейміз дегендерің дұрыс.
16 Ал сендер паңданып мақтанасыңдар. Мұндай даңққұмарлық атаулы жаман.
17 Кім жасауға тиісті жақсылықты біле тұра жасамаса, сол күнәлі.