Жақыптың хаты. Chapter 1

1 Құдайдың және Иеміз Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі Жақыптан дүние жүзіне тарап кеткен Исраилдің он екі руына дұғай сәлем!
2 Бауырластарым менің, сендер алуан түрлі қиын сынақтарға ұшырағанда, бұл жайтты зор қуанышпен қабылдаңдар.
3 Себебі сенімдеріңнің сыналып, берік те шынайы екендігінің дәлелденуі төзімділік тудыратынын білесіңдер.
4 Тек төзімділіктерің іс жүзінде соңына дейін жетуге тиіс, сонда сендер рухани жағынан жетіліп те кемелденіп, ешбір кемшіліктерің қалмайды.
5 Ал егер кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол береді. Тәңір Иеміз еш жазғырмай-ақ бәріне жомарттықпен бере салады.
6 Тек шүбәланбай, сеніммен Құдайдан сұрауларың керек. Себебі күмәнданған адам жел айдап, соқтығысқан теңіз толқынына ұқсас.
7 Мұндай кісі Жаратқан Иеден бір нәрсе аламын деп күтпесін:
8 ол — екіойлы, барлық іс-әрекетінде тұрақсыз адам.
9 Қарапайым бауырластарың Құдай алдындағы жоғары дәрежесімен,
10 ал бай адам қарапайым дәрежесімен мақтансын. Өйткені пенде шөп арасындағы жабайы гүл іспетті бірден құрып кетпек.
11 Күн шығып, аптап ыстық басқанда шөп қурап, гүл де солып, бар сұлулығынан айырылады. Дәл солай, бай адам да бұ дүниедегі іс-әрекетімен шұғылданып жүргенде-ақ қалжырап, құрып кетпек.
12 Қиын сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін, ол бәйге жүлдесіндей шынайы өмірдің тәжін иемденбек. Мұны Жаратқан Ие Өзін сүйгендерге сыйлауға уәде етті.
13 Күнәға еліккен ешқайсың да: Құдай мені еліктіреді деп айтпаңдар! Құдай күнәға еш елікпейді де, ешкімді еліктірмейді де.
14 Қайта, адамды өзінің құмарлықтары еліктіріп, ол солардың жетегінде кеткенде сынақтан өтеді.
15 Сонда құмарлыққа берілсе, сол күнәні тудырады, ал күнә жасау рухани өлімге ұшыратады.
16 Сүйікті бауырластарым, алданып қалмаңдар:
17 көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі. Нұр шашқан аспан денелерін жаратқан Ол бізге Өзінің мүлтіксіз жарылқауын жаудырады. Аспан денелерінің көлеңкелері қозғала бергенмен, Құдайда ешқандай тұрақсыздық жоқ.
18 Ол шынайы хабары арқылы бізге мәңгілік өмір сыйлап, Өзінің жаңа жаратылысындағы тұңғыш рухани балалары болуымызды қалады.
19 Ал енді, сүйікті бауырластарым, мынаны ескеріңдер: Әркім тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, ашулануға баяу болсын.
20 Ашу-ызаның жетегіндегі адам Құдайға ұнайтын әділ істерді жасай алмайды.
21 Ендеше, өздеріңде қалған барлық арамдық пен жамандық атаулыны тастаңдар, жүректеріңе себіліп жатқан Ізгі хабарды кішіпейілділікпен қабылдаңдар! Ол сендерді күнәнің құлдығынан құтқара алады.
22 Құдайдың айтқандарын құр естуші ғана болмай, оларды іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар.
23 Өйткені Тәңір Иенің хабарын естігенмен, оны іске асырмайтын адам айнаға қарап, бет әлпетін көрген біреуге ұқсайды:
24 ол өзіне байыппен қарайды, бірақ былай шыға бере-ақ өз түрін ұмытып қалады.
25 Ал кім кемелді тәлімге, яғни күнәнің құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға, ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес. Қайта, ол естігендерін жүзеге асырушы болып, іс-әрекетінде жарылқанбақ.
26 Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз.
27 Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік мынау: мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлау және өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау.