Әйүп. Chapter 9

1 Әйүп бұған былай деп жауап қатты:
2 — Рас, бұның солай екенін өзім де білемін. Бірақ Құдайдың алдында пенде қалайша ақтала алар еді?
3 Тіпті Онымен пікірталасқа біреу шықса да, Құдайдың қойған мың сұрағының біреуіне де жауап бере алмас еді.
4 Тәңір Иенің даналығы терең, құдіреті ғаламат зор. Оған қарсы шығып, содан аман қалған кім бар?
5 Алдын ала ескертпестен-ақ, Ол тауларды орнынан жылжытады, қаһарланғанда оларды төңкеріп те тастайды.
6 Хақ Тағала жерді сілкігенде, оның түп негізі де шайқалады.
7 Ол күнге бұйрық берсе, ол ұясынан шықпай қояды, әрі жұлдыздарға әмір берсе, олар сәулесін шашпайды.
8 Жасаған Ие жалғыз Өзі аспанды жайып жіберіп, теңіздің толқындарын басып үстімен жүрген.
9 Ол аспандағы Жетіқарақшы, Көгалдай мерген Үркерді де, оңтүстік аспаннан көрінетін шоқжұлдыздарды да жаратты.
10 Тәңір Ие адам толықтай ұға алмайтын ғажап істерді істейді, сансыз кереметтерді жасайды.
11 Біліп қойыңдар, Ол жақындап келсе де, көрмеймін, өтіп бара жатса да, байқамаймын.
12 Егер Ол бір нәрсені күштеп тартып алса, Оны кім тоқтата алады? Кім Оған: Не істеп отырсың? деп айта алар еді?
13 Құдай қаһарынан қайтпайды. Теңіздегі алып хайуандар да Оның алдында иіліп тізе бүгеді.
14 Сонда мен (қарапайым пенде) қалайша Құдаймен пікір таластырмақпын? Қандай сөздер таңдап алып, Оған айта алар едім?
15 Мен әділ болсам да, Оның маған таққан кінәларына жауап бере алмаймын. Қайта, мені соттайтын Төрешімнен рақым етуін ғана жалынып өтіне аламын.
16 Тіпті мен Құдайды дауыстап шақырып, Ол дауласуға келсе де, менің үніме құлақ асатынына сенбес едім.
17 Өйткені Ол мені дауылмен соққылап күйретеді, еш себепсіз жараларымды көбейтеді.
18 Маған дем алып тынығуға жол бермейді, мені ащы күйінішпен толтырады.
19 Егер бұл күш сынасу болса, әрине, күштірегі Ол. Ал егер бұл әділдікті табу болса, Оны кім сотқа шақырып келтіре алар еді?
20 Мен әділ болғанмен, Оның алдында өз аузым мені айыптар еді. Кінәсіз болсам да, өз тілім сөздерімді бұрмалап, мені кінәлі деп табар еді.
21 Мен кінәратсыз бола тұра, өз басымның қамын ойламаймын. Өмірімді жек көріп түңіліп кеттім.
22 Бәрібір екен. Содан да мен: Тәңір Ие кінәратсызды да, зұлымды да құртады деймін.
23 Апат кенеттен өлім әкелгенде, Ол таза жүрген жанның шеккен азабын келекелейді екен.
24 Жер зұлымдардың қолына түскен, ал Тәңір Ие соның төрешілерінің көздерін жауып қойған. Мұны Ол істемегенде кім істепті?!
25 Күндерім жүгірушіден де жылдам зымырап өтіп жатыр. Олар ешбір жақсылықты көрмей, лезде өте шығады.
26 Иә, күндерім қамыстан жасалған жүйрік қайықтай, олжасына шүйілген бүркіттей зуылдап өтіп жатыр!
27 Ал егер: Қасіретімді ұмытайын, түнерген жүзімді өзгертіп, жайдары болып көрінейін десем де,
28 әлі көретін бар азабымнан қорқар едім. Себебі, уа, Құдай, мені ақтамайтыныңды білемін ғой.
29 Мен бәрібір зұлым деп айыпталады екенмін. Ендеше ақталуға тырысып нем бар?
30 Тіпті сабынмен жуынып, қолдарымды сілтімен тазаласам да,
31 бәрібір Сен, о, Құдай, мені сасық шұңқырға итеріп жібересің. Сонда тіпті үстімдегі киімім де өзімнен жеркеніп шыға келеді.
32 Құдай мендей пенде емес, сондықтан мен Онымен тайталасып, екеуіміз сотқа барып, дауласудың мүмкіндігі жоқ қой.
33 Арамызда жүріп, екеуімізді келістіре алатын біреу болса ғой, шіркін!
34 Құдайдың мені таяғымен соққылауын сол келістіруші тоқтатса екен! Мен бұдан былай Одан үрейленбесем екен!
35 Сонда мен Онымен қорықпай сөйлесер едім. Әйтсе де мен үшін бұл мүмкін емес.