Әйүп. Chapter 13

1 Біліп қойыңдар, осының бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіп, ұғындым.
2 Сендер білетінді мен де білемін, сендерден еш кем емеспін.
3 Шынында мен құдіреті шексіз Құдайға тікелей тіл қатып, өз ісім жайлы дәлелдеме келтіргім келеді.
4 Ал өздерің маған өтіріктерді майдай жағасыңдар, барлығың да түкке тұрғысыз емшіге ұқсайсыңдар.
5 Үн-түнсіз қалсаңдар ғой, шіркін! Бұл сендер үшін даналық болар еді.
6 Ал енді, менің уәжімді тыңдаңдар, келтіретін дәлелдеріме құлақ салыңдар!
7 Өтірік айтып Құдайды қолдаймыз, жалған сөйлеп Оны ақтаймыз деп ойлайсыңдар ма?
8 Осылайша екіжүзділікпен Құдайды жақтап, Оның сөзін сөйлемекшісіңдер ме?
9 Ал егер Ол бұларыңды тексерсе, өздеріңе жақсы болар ма екен? Адамдарды алдағандай, Оны да алдауға ұмтылғандарың ба?
10 Сендер Құдайға жағыну үшін шындықты құпия бұрмаласаңдар, Ол сендерге қатты сөгіс береді.
11 Құдайдың ғаламат ұлылығынан қорықпайсыңдар ма? Оның айбындылығы сендерді басып тастамай ма?
12 Ескертулерің — күл-қоқыстай нәрсіз, келтіріп отырған дәлелдерің қатқан балшықтай әлсіз.
13 Қасымда тұрғанда үндемеңдер, мен өзім сөйлеймін. Содан соң не болса о болсын.
14 Сол үшін мен тәуекелге бел байлап, жанымды қиюға бармын.
15 Құдай мені өлтірмек болса да, Оған үмітімді артамын. Қайткенде де іс-әрекеттерімді Оның алдында қорғайтын боламын.
16 Соным арқылы құтқарыламын, өйткені ешбір әділетсіз адам Құдайдың алдына бара алмайды.
17 Сөздерімді мұқият тыңдаңдар, пайымдауларыма құлақ салыңдар!
18 Өйткені мен ісімді дайындадым. Өзімнің ақталатынымды білемін.
19 Маған айып таға алатын біреу бар ма өзі? Болса, үндемей-ақ өле салуға бармын.
20 Уа, Құдай, маған мына екі нәрсені істесең екен, сонда мен Өзіңнен жасырынбаймын:
21 мені жазалаған қолыңды алшақтата гөр, өз үрейіңмен мені қорқытуыңды доғара гөр.
22 Содан соң шақырып алшы, өзім жауап беремін. Немесе мен сөйлеймін, ал Сен айтқандарыма жауап қайтарсаң екен.
23 Менің жазығым мен күнәларым қаншама? Саған қарсы шығып, күнә жасаған болсам, маған айтып берші, біліп алайын.
24 Сен неге менен жүзіңді бұрып әкетесің, уа, Тәңірім? Мені неге жауың деп есептейсің?
25 Жел айдаған жапырақты қорқытпақсың ба? Қурап қалған бір түйір сабанның соңына түспексің бе?
26 Мен туралы ащы айыптар жазып қойып, балалық шақтағы күнәларымды мойныма артып келесің.
27 Аяғымды бұғаулап, барлық жүрген жолдарымды бақылайсың, ізімнен ешбір қалмайсың.
28 Содан мен шіріген нәрседей, күйе жеген киімдей тозып күйреудемін.