Әйүп. Chapter 33

1 Ал енді, уа, Әйүп аға, менің айтарымды тыңдап, күллі сөздеріме құлақ салсаңыз екен!
2 Міне, мен сөйлеуге аузымды аштым, сөздерім тілімнің ұшында тұр.
3 Шын жүректен сөйлеп, білетін таза ақиқатты айтамын!
4 Құдайдың Рухы мені жаратты, құдіреті шексіз Тәңірдің тіршілік лебі маған өмір берді.
5 Қолыңыздан келсе, маған жауап берсеңіз екен! Менің қарсы алдымда тұрып, өз ісіңізді қорғаңызшы!
6 Құдайдың алдында мен де сіз сияқтымын, өзіңіз іспетті мен де балшықтан қалыптастырылғанмын.
7 Сондықтан менен еш қорықпасаңыз да болады, сізді қатты қыспақтамаймын.
8 Ал мен өз құлағыммен сіздің мына сөздеріңізді естідім:
9 Мен пәк таза күнәсізбін, жасаған ешбір зұлымдығым жоқ. Кінәратсызбын!
10 Бірақ Құдай маған қарсы сылтау тауып, мені Өзінің жауындай көреді.
11 Ол аяғымды бұғаулап, бар жолдарымды жіті қадағалайды!
12 Бірақ, Әйүп аға, бұныңыз дұрыс емес. Құдай пендеден әлдеқайда ұлы ғой!
13 Адамның ешбір сөзіне жауап бермейді деп неге Оған қарсы шағымданасыз?!
14 Өйткені Құдай кейде бір түрде, кейде басқа түрде сөйлейді, ал адам соны жиі аңғармайды.
15 Жұрт терең ұйқыға батып, төсектерінде жатқанда, Тәңір Ие олардың түстерінде, түнде көрген аяндарында
16 құлақтарын ашып, Өзінің ескертулерін нығайтып бекітеді.
17 Осылайша Ол адамды теріс істерінен кері бұрылдырып, өркөкірек паң болудан қорғайды.
18 Сөйтіп оны семсерден мерт болудан, әрі жанын о дүниеде құрып кетуден сақтайды.
19 Я болмаса, адам ауру-сырқау арқылы жақсылыққа қарай түзетілуге ескерту алады. Ол төсек тартып жатып қалады да, сүйектері тынымсыз сырқырай бастайды.
20 Сонда оның нанға зауқы болмай, жақсы көретін тамағына да тәбеті шаппайды.
21 Жүдеп, құр сүлдері ғана қалады. Бұрын көрінбеген сүйектері енді көзге ұрып тұрады.
22 Осылайша ол көрге, жанын алып кететін хабаршыларға жақындай түседі.
23 Ал егер мыңның ішінен адамға болысып, оған әділ жолды нұсқайтын бір хабаршы табылса,
24 онда ол: Оны көрге түсуден аман сақтап қала гөр! Оның жанының құнын өтейтін төлемді таптым! деп мейірім көрсететін болады.
25 Сонда адамның денесі жас кезіндегідей болып жасарып, жастық шағындағыдай қайта қалпына келеді.
26 Пенде Құдайға сиынып, еткен дұғасы қабылданады. Осылай ол қуанышпен Құдайдың алдына барып, адалдығы қайтадан ақталады.
27 Сонда адам жұртқа қарап былай деп мойындайды: Мен күнә жасап, ақиқатты бұрмаладым. Әйтсе де мұнымның лайықты жазасын тартқан жоқпын.
28 Құдай мені көрден аман алып қалып, мен жарық дүниені әлі де көре беретін боламын!
29 Шынында да Құдай осының бәрін адамға екі реттен, тіпті үш реттен жасайды.
30 Осылайша оның жанын о дүниеге аттандырмай, оған әрі қарай өмірдің нұрын төге бермек.
31 Ендеше, Әйүп аға, мені жақсылап тыңдаңызшы. Үндемей отыра тұрыңыз, мен сөйлейін.
32 Егер қайтаратын жауабыңыз болса, онда үнсіз қалмай айта беріңіз. Мен сіздің ақталуыңызды аңсап тілеймін.
33 Ал егер айтарыңыз болмаса, мені тыңдап, үндемей отыра тұрыңыз, онда парасатыммен бөлісейін.