Әйүп. Chapter 3

1 Содан кейін Әйүп сөзге келді. Өзінің туған күні еш болмаған болса екен деп қатты наразыланып,
2 дауыстап былай деді:
3 — Мен дүниеге келген күн әрі анамның бойына бала біткен түн еш болмаған болса ғой!
4 Сол күн түнекке айналса екен! Оны заңғар көктегі Құдай іздемей, ұмытса екен! Ешбір жарық оған сәулесін шашпаса, шіркін!
5 Сол күнді тас түнек пен қою қараңғылық басып алғанда ғой! Оның үстін қою бұлт қаптап, күндіз жапқан қара түнек оны үрейлендірсін!
6 Иә, сол түнді қою қараңғылық қармап алсын! Ол жыл күндерінің есебінде болып қуанбасын, әрі айлардың қатарынан еш табылмасын!
7 Сол түні бір әйелдің бойына бала бітпегенде ғой! Онда ешбір шаттық үні естілмеген болса, шіркін!
8 Күндерді сиқырлай алатындар, тіпті қолтырауынды арбап орнынан жылжыта алатындар осы түнді қарғаған болса екен!
9 Оның таңғы жұлдыздарын түнек басса ғой! Жұрт таңғы жарықты аңсай күткенмен, сол ешқашан да төгілмегенде ғой! Сол түн таң шапағын көре алмаған болса, шіркін!
10 Өйткені ол анамның құрсағын жаппады. Жапса мына азап пен қасіретті көрмес едім.
11 Не болмаса, туған кезде-ақ неге құрымадым екен? Құрсақтан шығып жатқанда-ақ неге өліп қалмадым екен?
12 Мені қабылдап алған тізе, мені емізген төс неге ғана болды екен?
13 Солар болмағанда қазір мазам кетпей, тыныш жатар едім! Ұйықтай беріп, тыным табар едім.
14 Онда патшалармен, олардың кеңесшілерімен бірге жатар едім. Тірі кездерінде олар қиратылған ежелгі сарайларды өздеріне қайта тұрғызып алған болатын.
15 Я болмаса, алтынға бай әміршілермен және сарайларын күміспен толтырғандармен бірге тынығар едім.
16 Немесе, неге ғана өлі туып, дүниенің жарығын көрмей кеткен нәресте сияқты көрге көмілмедім екен?
17 Себебі о дүниеде зұлымдар қоқан-лоқы жасауларын доғарған, әрі шаршап-шалдыққандар тыным тапқан.
18 Тұтқындар да тыныштықтың рақатын бірге көреді. Олар өздерін аяусыз жұмысқа салған бақылаушылардың дауыстарын енді қайтып естімейді.
19 Үлкені де, кішісі де сол жерде. Құл енді қожайынынан азат.
20 Ендеше азап шегіп жүргенге нұр, жаны қиналып жатқанға өмір неге ғана беріледі екен?
21 Мұндайлар ажалды зарыға күтеді, оны көмілген қазынадан бетер іздейді, әйтсе де ажал оларға жоламайды.
22 Егер өліп, қабірге қойылған болса, олар қуанышқа кенеліп, шаттанар еді.
23 Сонымен Құдай айналасын қиындықтармен қоршап, жолын жауып тастаған адамға өмір не үшін беріледі екен?
24 Себебі нан жеудің орнына күрсінудемін, ыңқылым ағынды судай тоқтаусыз.
25 Неден үрейлене қорықсам, соған тап болдым, қауіптенгендерім жүзеге асты.
26 Маған тыныштық та жоқ, тыным да жоқ. Тынығудың орнына басыма аласапыран күн туды.