Руларды санау. Chapter 22

1 Содан соң исраилдіктер көшіп барып, Иерихон қаласына қарама-қарсы, Иордан өзенінің бойындағы Моабтың елсіз алқаптарына орналасты.
2 Исраилдің аморлықтарға не істегені туралы (Моаб халқының патшасы) Сипор ұлы Балақ хабардар болатын.
3 Исраил халқының соншама көп екенін көргенде, моабтықтар олардан қатты қорқып,
4 Мадиян халқының ақсақалдарына мына хабарды жолдады: Өгіз даланың шөбін толық жалмап қояр, Енді бұл тобыр маңымызды жалмап қояр! Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ
5 елшілерін жіберіп, Беғор ұлы Балағамды өзіне шақыртты. Балағам Евфрат өзенінің бойындағы Петор деген туған жерінде тұрып жатты. Патша Балағамға мынадай сәлем жіберді: Мысырдан бір халық көшіп шығып, жер бетін қаптап кетті. Олар енді қасымызға қоныстанып жатыр.
6 Өтінемін, келіп, сол халықты қарғап беріңіз. Олар бізден сондай қуатты! Мүмкін, осылай оларды күйретіп, елден қуып шыға алармын. Себебі сіз кімге бата берсеңіз, соның жарылқанатынын, ал кімді қарғасаңыз, соның қарғысқа ұшырайтынын білеміз.
7 Осылайша Моаб пен Мадиянның ақсақалдары Балағамға сәуегейлігі үшін беретін сый-тартуын ала шығып, Балақтың айтып жібергенін жеткізді.
8 Балағам оларға: Бүгінше осында түнеп шығыңыздар. Жаратқан Ие маған не айтса, соны сіздерге жеткіземін, — деді. Содан Моабтың әміршілері Балағамның қасында қалды.
9 Түнде Құдай Балағамға келіп тіл қатып: — Мына қасыңдағы адамдарың кім? — деп сұрады.
10 Балағам: — Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ маған мынадай сәлем жіберді:
11 Мысырдан көшіп шығып келген халық жер бетіне қаптап кетті. Келіп, оларды қарғап беріңіз. Мүмкін, сонда олармен шайқасып, қуып шыға алармын, — деп жауап берді.
12 Құдай Балағамға: — Олармен барып, сол халықты қарғаушы болма! Себебі олар жарылқанған, — деп бұйырды.
13 Ертеңіне таңертең Балағам орнынан тұрып, Балақтың жіберген әміршілеріне былай деді: Елдеріңізге қайта беріңіздер. Өйткені Жаратқан Ие маған сіздерге ілесіп жолға шығуға рұқсат берген жоқ.
14 Моабтың әміршілері Балаққа қайтып келіп: Тақсыр, Балағам бізге ілесіп келуден бас тартты, — деді.
15 Сонда Балақ Балағамға бұлардан да қадірлі әрі көбірек әміршілерін жіберді.
16 Олар Балағамға келіп, былай деді: — Сипор ұлы Балақтан сізге дұғай сәлем. Еш нәрсе де сіздің маған келуіңізге бөгет болмасын!
17 Мен сізге зор сый көрсетіп, айтқаныңыздың бәрін де орындаймын. Өтінемін, тек келіп, ана халықты қарғап берсеңіз екен.
18 Балағам Балақтың жіберген адамдарына мынадай жауап қайырды: — Балақ маған сарайын алтын-күміске толтырып берсе де, мен Құдайым Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығып, не үлкен, не майда-шүйде еш нәрсені де өздігімнен істей алмаймын.
19 Сіздер де бүгін осында түнеп шығыңыздар. Жаратқан Ие маған тағы не айтар екен, соны біліп алайын.
20 Түнде Құдай тағы да Балағаммен кездесіп: Мына адамдар сені шақыруға келген соң жолға жиналып, оларға еріп бара бер. Бірақ тек Менің айтқанымды ғана істейтін бол! — деп бұйырды.
21 Балағам таңертең тұрып, мәші есегін ерттеп, мініп алды да, Моабтың әміршілеріне ілесіп сапарға аттанды.
22 Бірақ оларға ілесіп шыққаны үшін Құдай Балағамға қаһарланды. Сондықтан Жаратқан Иенің періштесі Балағамға қарсы шығып, жолын бөгеп тастады. Балағам екі қызметшісін ертіп жол жүріп бара жатқанда,
23 оның астындағы мәші есегі Жаратқан Иенің періштесінің қолына жалаң семсер ұстап жолда тұрғанын көрді. Есек жолдан шығып, ашық далаға қарай беттеді. Ал Балағам оны ұрғылап, жолға қайтарды.
24 Бұдан кейін Жаратқан Иенің періштесі жүзімдіктердің арасындағы соқпақ жолға тұрып алды. Соқпақтың екі жағынан да дуалдар қоршап тұрды.
25 Есек Жаратқан Иенің періштесін көріп, дуалға жабыса ығысып, Балағамның аяғын қысып тастады. Балағам жануарды қайтадан ұрғылады.
26 Ал Жаратқан Иенің періштесі алға жылжып, не оңға да, не солға да бұрылып өтуге мұрша бермейтін бір тар жерге келіп тұрып алды.
27 Жаратқан Иенің періштесін көрген мәші есек жерге жата кетті. Бұдан Балағамды ашу кернеп, есегін таяғымен ұра бастады.
28 Сонда Жаратқан Ие мәшіге тіл бітіріп, ол: — Мені үш рет қатарынан ұрып-соғатындай саған не жаздым? — деп сұрады.
29 Балағам есекке: — Мені келеке қылғаның үшін. Егер қолымда семсер болса, сені өлтіре салар едім! — деп дауыстады.
30 Ал есек Балағамға: — Баяғыдан бері мініп келе жатқан мәші есегің емеспін бе? Бұрын-соңды менің осындай әдетім болып па еді? — деген сұрақ қойды. Балағам оған: — Жоқ, — деп жауап берді.
31 Сонда Жаратқан Ие Балағамның көзін ашып, ол Жаратқан Иенің періштесінің қолына жалаң семсер ұстап жолда тұрғанын көрді. Балағам оның алдында иіліп, етпетінен жерге жығыла кетті.
32 Періште оған: — Не себептен сен мәші есегіңді үш рет қатарынан ұрып-соқтың? Мен өзім бөгет болу үшін саған қарсы шыққан едім. Себебі сен маған қыңырлана мойынсұнбайсың. Жүрген жолың сені менің көз алдымда тұңғиыққа құлатпақ!
33 Ал есегің мені көріп, үш рет қатарынан менен жалтарды. Ол солай етпегенде, мен қазір-ақ сені өлтіріп, оны тірі қалдыратын едім, — деп ескертті.
34 Балағам Жаратқан Иенің періштесіне: — Мен күнә жасадым. Сіздің маған қарсы шығып, жолды бөгеп тұрғаныңызды білмеген едім. Ал енді, егер мұным сізге ұнамаса, онда кері қайтайын, — деп жауап қатты.
35 Бірақ Жаратқан Иенің періштесі: — Мына адамдарға ілесіп бара бер. Алайда тек менің өзіңе айт дегенімді ғана айтатын бол! — деген бұйрық берді. Осылай Балағам Балақтың әміршілеріне ілесіп кете берді.
36 Балақ патша Балағамның келе жатқанын ести салысымен, оны қарсы алу үшін жолға шығып, өз елінің шекарасындағы Арнон өзенінің бойында орналасқан моабтық қалаға барды.
37 Балақ: — Мен адамдарымды жіберіп, сізді жедел келуге шақырмап па едім? Неге келіп болмадыңыз? Әлде сізге тиесілі сый-сыяпат көрсету қолымнан келмей ме? — деп ренішін білдірді.
38 Ал Балағам оған: — Міне, қасыңызға келдім ғой. Алайда өзім қалаған сөзімді айта алар ма екенмін? Жоқ, Құдай аузыма қандай сөз салса, соны айтамын, — деп жауап берді.
39 Сонымен Балағам Балақ патшаға еріп Кирият-Хусотқа барды.
40 Сол жерде патша мүйізді ірі қара мен ұсақ малдарды құрбандыққа шалып, солардың біраз бөлігін Балағамға және қасындағы әміршілеріне берді.
41 Ертеңіне таңертең патша Балағамды ертіп алып, Моаб оны халқы Бағал атты жалған тәңірге құлшылық ететін биіктеу орындарға шығарды. Сол жерлерден көріпкел төмендегі Исраил халқын шет-шетіне дейін көре алды.