Руларды санау

1 Исраилдіктер Мысыр елінен шыққаннан кейінгі екінші жылдың екінші айының бірінші күні Жаратқан Ие Синай атты елсіз далада тігілген кездесу шатырында Мұсаға тіл қатып былай деді:
2 — Әрбір ер адамның атын жеке-жеке тіркеу арқылы Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымын өз рулары мен әулеттері бойынша санақтан өткізіңдер!
3 Шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан исраилдіктерді жасақ топтарына сай Һарон екеуің түгендеп санап шығыңдар.
4 Сендерге әрбір рудан бір-бір адамнан көмектессін. Олардың әрқайсысы өз руының басшысы болсын.
5 Сендерге көмектесетін адамдардың аты-жөндері мыналар: Рубеннен Шедеур ұлы Елисур,
6 Шимоннан Суришадай ұлы Шелумиел,
7 Яһудадан Әминадап ұлы Нағасон,
8 Исашардан Суғар ұлы Нетанел,
9 Забулоннан Хелон ұлы Елияп,
10 Жүсіптің ұлдарынан: Ефремнен Амиһуд ұлы Әлишама, Манасадан Педасур ұлы Гамалиел,
11 Буняминнен Гидеони ұлы Абидан,
12 Даннан Амишадай ұлы Ахиезер,
13 Аширден Охран ұлы Пагиел,
14 Ғадтан Рәгуел ұлы Әлиасаф,
15 Нафталимнен Енан ұлы Ахира.
16 Осылар Исраил қауымынан тағайындалған адамдар; олар өз әулеттері мен руларының жетекшілері әрі мыңбасылары да болатын.
17 Мұса мен Һарон аты-жөндерімен белгіленген осы адамдарды шақырып алып,
18 олар сол екінші айдың бірінші күні бүкіл жамағатты жинады. Жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдар шыққан ата-тектері, әулеттері мен аты-жөндерін атап санақтан өтті.
19 Сонымен Мұса Жаратқан Иенің берген нұсқауына сай Синай атты елсіз далада халықты түгендеп санақтан өткізуді басқарды.
20 Исраилдің тұңғыш ұлы Рубеннің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
21 Рубен руынан санақтан өткендер саны қырық алты мың бес жүз болып шықты.
22 Шимонның үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
23 Шимон руынан санақтан өткендер саны елу тоғыз мың үш жүз болып шықты.
24 Ғадтың үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
25 Ғад руынан санақтан өткендер саны қырық бес мың алты жүз елу болып шықты.
26 Яһуданың үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
27 Яһуда руынан санақтан өткендер саны жетпіс төрт мың алты жүз болып шықты.
28 Исашардың үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
29 Исашар руынан санақтан өткендер саны елу төрт мың төрт жүз болып шықты.
30 Забулонның үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
31 Забулон руынан санақтан өткендер саны елу жеті мың төрт жүз болып шықты.
32 Жүсіп ұлы Ефремнің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
33 Ефрем руынан санақтан өткендер саны қырық мың бес жүз болып шықты.
34 Жүсіп ұлы Манасаның үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
35 Манаса руынан санақтан өткендер саны отыз екі мың екі жүз болып шықты.
36 Буняминнің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
37 Бунямин руынан санақтан өткендер саны отыз бес мың төрт жүз болып шықты.
38 Данның үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
39 Дан руынан санақтан өткендер саны алпыс екі мың жеті жүз болып шықты.
40 Аширдің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
41 Ашир руынан санақтан өткендер саны қырық бір мың бес жүз болып шықты.
42 Нафталимнің үрім-бұтағының шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
43 Нафталим руынан санақтан өткендер саны елу үш мың төрт жүз болып шықты.
44 Міне, Мұса, Һарон және Исраилдің он екі жетекшісі жүргізген санақтың нәтижелері осындай. Сол он екі жетекшінің әрқайсысы өзі шыққан руының өкілі болды.
45 Исраилдіктердің шыққан ата-тектері бойынша шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан ер адамдарын түгендеп ретімен санағанда,
46 олардың жалпы саны алты жүз үш мың бес жүз елу болды.
47 Леуіліктердің әулеттері басқалармен бірге санақтан өткен жоқ.
48 Өйткені Жаратқан Ие Мұсаға былай деген болатын:
49 Леуі руын түгендеп санама, басқа исраилдіктерді санаған кезде оларды санаққа енгізбе!
50 Леуіліктерді Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырда қызмет етуге, оның барлық құрал-жабдықтары мен басқа бұйымдарын қарауға тағайында. Леуіліктер киелі шатырды және оның жабдықтарын көтеріп алып жүріп, оларға күтім жасайтын болсын. Олар қостарын киелі шатырдың айналасына тіксін.
51 Шатырды көшіру қажет болған кезде леуіліктер оны жинап, қонған кезінде қайтадан тігуге тиіс. Ал егер киелі шатырға олардан басқа біреу жақындайтын болса, сол өлтірілсін.
52 Әрбір исраилдік өз әулетінің қосында, өз тұрағының байрағы астында қоныстансын.
53 Ал леуіліктер қостарын киелі шатырды айналдыра тіксін. Осылай олар исраилдіктердің қауымын (киелі шатырға абайламай жақындап Құдайдың) қаһарына ілігіп қалудан қорғайтын болады. Осылайша леуіліктер Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырды қорып, қызметтерін атқаратын болады.
54 Исраилдіктер барлығын да Жаратқан Иенің Мұса арқылы нұсқауларына сай істеді.