Патшалықтар туралы 3-ші жазба. Chapter 19

1 Ахаб Ізрел қаласына жеткенде, Езабел патшайымға Ілиястың істегендерінің барлығын, оның Бағалдың пайғамбарларының бірде-біреуін қалдырмай, семсердің жүзімен қырып тастағанын да түгелдей айтып берді.
2 Сонда Езабел Ілиясқа хабаршысын жіберіп мынаны айтқызды: Егер мен ертең осы кезге дейін сенің күллі пайғамбарларға істегеніңді өз басыңа істемесем, мені тәңірлер жазалаған үстіне жазалай берсін!
3 Сонда Ілияс қатты қорқып, бас сауғалап қашып кетті. Ол Яһуда руының жеріндегі Бер-Шеба қаласына жетіп, сонда қызметші жігітін қалдырып кетті.
4 Өзі елсіз далаға қарай тағы бір күндік жол жүріп, жалғыз тұрған арша бұтасының саясына келіп отырды. Ілияс өмірден түңіліп: Уа, Жаратқан Ие, осы көргенім де жетер, жанымды ала гөр! Менің ата-бабаларымнан еш артықшылығым жоқ, — деп мінажат етті.
5 Бұдан кейін ол сол бұтаның түбіне жантайып, ұйықтап кетті. Кенеттен бір періште Ілиясты түртіп оятып: Тұр да, мынаны жеп ала ғой! — деді.
6 Ілияс айналдыра қарап, бас жағында тұрған бір таба нан мен бір құмыра суды көрді. Ол ішіп-жеп, қайтадан жата кетті.
7 Жаратқан Иенің періштесі қайтадан келіп, оны түртіп оятып: Тұр да, тамақтан. Әйтпесе алдағы жүретін жолың тым ұзақ болады, — деді.
8 Ілияс тұрып, ішіп-жеп, сол тамақтың күшімен қырық күн, қырық түн жол жүріп, Құдайдың тауы — Хориб тауына барып жетті.
9 Сол жердегі бір үңгірге түнеуге кірді. Сонда Жаратқан Ие оған сөзін арнап: — Ілияс, сен мұнда не істеп жүрсің? — деді.
10 Ілияс былай деп жауап берді: — Уа, Жаратқан Ие, Әлемді Билеуші Құдай! Мен Саған бар ынтаммен қызмет етуге құлшындым. Өйткені Исраил халқы Өзіңмен жасасқан Келісімнен бас тартқан. Олар Саған арналған құрбандық үстелдерін қиратып, Сенің пайғамбарларыңды семсермен өлтірді. Жалғыз өзім ғана қалдым, олар енді менің жанымды да алмақшы. —
11 Сонда Жаратқан Ие оған мына бұйрығын жеткізді: Үңгірден шығып, тау басында Жаратқан Иенің алдында тұр! Сол жерден Жаратқан Ие өте шығады. Кенеттен Жаратқан Иенің алдында тауларды жарып, құздарды талқандаған алапат күшті дауыл соқты, бірақ дауыл ішінде Жаратқан Ие болмады. Одан кейін жер сілкінді, бірақ Жаратқан Ие жер сілкінісінде болған жоқ.
12 Сілкіністен кейін от болды, бірақ от ішінде Жаратқан Ие болмады. Оттан кейін жай да жұмсақ бір сыбдыр естілді.
13 Ілияс мұны естігенде, бетін шапанымен бүркеп алып, үңгірден шығып, оның кіреберісіне келіп тұрды. Сонда бір дауыс оған: — Ілияс, сен мұнда не істеп жүрсің? — деді.
14 Ілияс былай деп жауап берді: — Уа, Жаратқан Ие, Әлемді Билеуші Құдай! Мен Саған бар ынтаммен қызмет етуге құлшынып келдім. Өйткені Исраил халқы Өзіңмен жасаған Келісімнен бас тартқан. Олар Саған арналған құрбандық үстелдерін қиратып, Сенің пайғамбарларыңды семсермен өлтірді. Жалғыз өзім ғана қалдым, олар енді менің жанымды да алмақшы. —
15 Сонда Жаратқан Ие оған мына тапсырманы берді: — Келген жолыңмен кері қайтып, Дамаск жақтағы иен далаға бар! Сол жерге жеткен соң Хазаилді май жағу рәсімінен өткізіп Араманың патшасы етіп тағайында.
16 Сондай-ақ, Німши ұлы Ехуді — Исраилдің патшасы, ал Әбел-Мехоладан шыққан Шапат ұлы Елішені өзіңнің орныңа пайғамбар етіп тағайында.
17 Кім Хазаилдің семсерінен қашып құтылса, Еху соның көзін құртады, ал кім Ехудің семсерінен қашып құтылса, Еліше соның көзін құртады.
18 Алайда Мен Исраилде Өзіме жеті мың адамды аман қалдырып отырмын. Олар (Маған адал болып, жалған тәңір) Бағал алдында тізе бүкпегендер, оның тас мүсіндерін еріндерімен сүймегендер.
19 Ілияс жолға шығып, келе жатқанда Шапат ұлы Елішені он екі пар өгізбен жер жыртып жүрген жерінде кездестірді. Еліше ең соңғы он екінші парды айдап келе жатыр екен. Ілияс жақындап келіп, өз шапанын оның үстіне лақтырып жапты.
20 Сонда Еліше өгіздерін тастап, Ілиястың артынан жүгіріп жетіп, оған: — Әке-шешеммен сүйісіп қоштасып келуге рұқсат етіңізші! Содан кейін сіздің соңыңыздан еремін, — деді. Ілияс: — Жарайды, барып кел! Өзіңе не істегенімді есіңнен шығарма! — деп ескертті.
21 Еліше Ілиястан қайтып келіп, екі өгізді шалып, мойынтұрығы мен соқа-сайманын отын етіп жағып, соған етті пісіріп, жұртына үлестіріп берді, олар соны жеді. Содан кейін Еліше Ілиястың соңынан еріп кетті. Енді ол Ілиясқа қызмет ететін болды.