Патшалықтар туралы 1-ші жазба. Chapter 31

1 Осы екі арада філістірлер Исраилдің жасағына қарсы соғысып жатты. Исраилдіктер олардан қашып, көбі Гелбуе тауында қаза тапты.
2 Філістірлер Саул мен оның ұлдарының соңына түсіп, ақыры ұлдары Жонатан, Әминадап, Мәлхисуаны өлтірді.
3 Саулдың айналасындағы шайқас қатты күшейе түсті. Садақшылардың жебелері дәл тиіп, оны ауыр жарақаттады.
4 Саул өзінің қару-жарақ тасушы нөкеріне: Семсеріңді суырып, маған сұғып ал! Мына құдайсыздар келіп, маған білгендерін істеп масқара қылмасын! — деп бұйырды. Бірақ нөкері қатты қорқып, бұны істеуден бас тартты. Сонда Саул өз семсерін суырып алып, оны өзіне қарай қаратып үстіне құлап түсті.
5 Қару тасушы нөкері Саулдың мерт болғанын көргенде, ол да Саулдың қасында дәл солай өзін-өзі өлтірді.
6 Осылайша сол күні Саул мен оның үш ұлы, қару тасушысы және барлық басқа нөкерлері қаза тапты.
7 Ізрел аңғарының арғы бетін және Иордан өзенінің ар жағын мекендеген исраилдіктер сарбаздардың қашқанын, әрі Саулдың ұлдарымен қоса мерт болғанын білгенде, олар тұрып жатқан қалаларын тастап, қаша жөнелді. Ал філістірлер келіп, сол қалаларға қоныстанып алды.
8 Келесі күні філістірлер қаза тапқандарды тонауға келгенде, Гелбуе тауында өліп жатқан Саул мен оның үш ұлының мәйіттеріне тап болды.
9 Жасақшылар Саулдың басын шауып алып, қару-жарағын иемденді. Осы хабарды бүкіл філістір еліне, олардың табынатын жалған тәңір мүсіндерінің ғибадатханаларында және халық арасына тарату үшін шабармандарын жіберді.
10 Філістірлер Саулдың қару-жарағын Астарта есімді жалған тәңірдің ғибадатханасына сақтап қойып, мәйітін Бет-Шан қамалының қабырғасына іліп қойды.
11 Бірақ Ғилақадтағы Ябес қаласының тұрғындары філістірлердің Саулға істеген қорлығы туралы естіді.
12 Қаланың мықты деген ер азаматтарының бәрі де жиналып, сапарға аттанды. Олар түні бойы жол жүріп, Бет-Шан қамалының қабырғасынан Саул мен оның үш ұлының мәйіттерін түсіріп алды. Оларды Ябеске әкеліп, сонда өртеп жіберді.
13 Олар сүйектерін Ябесте бір жыңғыл ағашының түбіндегі қабірге қойып, жеті күн бойы ораза ұстап, мерт болғандарды жоқтады.