Філіпіліктерге арналған хат. Chapter 2

1 Мәсіхпен байланыстарың сендерді жігерлендіріп, Оның сүйіспеншілігі көңілдеріңді жұбатқандықтан және өздерің Киелі Рухпен қатынаста жүріп, қайырымды да жанашыр болғандықтан,
2 пікірлес, бір-біріңді тең сүйетін, ынтымақтас әрі ниеттес болыңдар. Осылай мені қуанышқа кенелтсеңдер екен.
3 Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кішіпейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар!
4 Әрқайсың өз мүдделеріңді ғана емес, басқалардікін де ойлап жүріңдер!
5 Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын:
6 Мәсіхтің құдайлық болмысы бола тұра, Ол Онысына жармасқан жоқ,
7 қайта, Өз құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Бас тартып, қабылдады құлдың сиқын: Ол адам секілді бұ дүниеге келді, Әрі кәдімгі адамға ұқсап көрінді.
8 Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнды, Өлімге, тіпті айқыштағы өлімге бойсұнды.
9 Сондықтан да Құдай Оны көкке көтерді, Оның мәртебесін бәрінен де биіктетті, Оған бар есімнен жоғары Атақты сыйлап берді:
10 Енді естігенде Исаның Атағын Көктегі, жердегі, жер астындағылардың Бәрі де тізе бүкпек Оның алдында
11 Және Иса Мәсіхті тіл атаулы барлығы да Жаратқан Ие деп ашық мойындауға Тиіс һәм Құдай Әкенің даңқын арттыруға.
12 Сонымен, сүйікті бауырларым, сендермен бірге болғанымда әрдайым Құдайға мойынсұндыңдар, ал қазір мен қастарыңда жоқ кезде де солай істей берулерің әлдеқайда маңыздырақ болмақ: құтқарылуларыңа сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар, әрі Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын нәрселерден қатты жиіркеніңдер!
13 Себебі Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы — Құдай.
14 Бәрін де наразылықсыз, шүбәланбай істеңдер!
15 Осылай қазіргі азғын да алдамшы ұрпақтың арасында еш кінәсіз таза, Құдайдың мінсіз рухани балалары болыңдар: қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырап,
16 адамдарға шынайы өмірді жеткізетін Құдай сөзін ұсыныңдар. Сонда мен араларыңда жан сала істеп жүрген еңбегімнің босқа кетпегеніне Мәсіхтің қайта оралған күні риза болып, қатты қуанатын боламын.
17 Сендердің Құдайға сеніп, өмірлеріңді бағыштауларың Оған арналған құрбандық іспетті. Ал мен, мүмкін, шейіт болып, қаным сол құрбандықтың үстіне төгілетін де шығар. Сонда мен қуанып, осы қуанышымды бәріңмен бөліспекпін.
18 Сол сияқты, сендер де қуанып, бірге шаттаныңдар!
19 Иеміз Иса қаласа, жақын арада сендерге Тімотені жіберетін ойым бар. Осылайша сендер жігерленіп, оның сендерден алып келетін хабары маған да жігер берер деп сенемін.
20 Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа адамым жоқ.
21 Өзгелердің бәрі Иса Мәсіхтің ісін емес, өз қара бастарының қамын ойлайды.
22 Ал Тімотенің сенімді екенін өздерің білесіңдер: ол маған Ізгі хабарды уағыздауда ұлының әкесіне көмектесетініндей қолғабыс етіп келеді.
23 Сот ісімнің немен аяқталатынын біле сала, оны сендерге жібермекпін.
24 Иеміз маған жақын арада өзім де сендерге барамын деген сенім сыйлады.
25 Қызметтес әрі күрестес серігім — сендер маған қамқор болсын деп жіберген бауырымыз Епафродитті шұғыл түрде өздеріңе қайтаруды қажет деп таптым.
26 Ол өзінің ауырып қалғаны туралы сендерге хабар жеткенін қатты уайымдап, өздеріңді көруге құштар болып жүр.
27 Шынында да ол қатты ауырып, хал үстінде жатты. Бірақ Құдай оған рақымшылық жасады, оған ғана емес, қасіретке қасірет қоспау үшін маған да рақым көрсетті.
28 Сондықтан Епафродитті жібермек болып, одан бетер асығып отырмын. Оны көріп қуанған сендерді ойлап мен де қайғырмайтын боламын.
29 Епафродитті Иемізбен жүрген бауырларың ретінде қуана қарсы алыңдар. Мұндайларды жалпы құрметтеңдер.
30 Себебі ол Мәсіхтің ісі үшін өлімге таяп келді. Маған сендер бере алмаған көмекті ол өз басын өлімге тіге отыра көрсетті.