Забур жырлары. Chapter 137

1 (Дәуіттің жыры.) Шын жүректен, уа, Ием, Сені дәріптеймін, Періштелер алдында әндетемін.
2 Киелі үйіңе қарай иілемін, Берік рақымың мен адалдығың үшін Сенің атыңа шүкіршілік етемін, Өйткені дүниеде бар нәрселерден Атың мен сөзіңді жоғары қойдың Сен.
3 Мінажат еткенімде жауап бердің, Жігер беріп, жанымды берік еттің.
4 Уа, Ием, естігенде аузыңнан шыққан сөзіңді Жердің бар патшалары мадақтасын Өзіңді,
5 Олар әнге салсын Жаратқанның жолдарын, Өйткені шексіз зор — ұлылығы Оның!
6 Жаратқан Ие бәрінен де жоғары, Ал кішіпейілге Ол назар аударады, Тәкаппар адамды да алыстан ұғады.
7 Жүрсем де қақ ортасында қиын жағдайдың, Уа, Ием, жанымды аман сақтайсың, Кәрлі жауларыма қарсы қол жұмсайсың, Мені құдіретіңмен қолдап-қорғайсың.
8 Осыны істейді мен үшін Жаратқан, Рақымың, уа, Ием, ұласады әрқашан, Бас тартпа бізден, өз жаратылысыңнан.