Забур жырлары. Chapter 103

1 Жан-тәніммен Жаратушыны мадақтаймын. Уа, Құдай Ием, Сен керемет ұлысың, Құрмет пен салтанатқа бөленгенсің.
2 Жарық нұрды Сен шапандай киесің, Аспанды шатырдай жайып жібересің,
3 Су үстінен сарайыңды бекітесің, Бұлттарды Өзің мінер күймең етесің, Желдің қанаттары үстінде жүресің.
4 Желді етесің періштелеріңдей, От жалынын да өз нөкерлеріңдей.
5 Сен жерді берік негізге орнаттың, Ол ешқашан қозғалмайды орнынан.
6 Терең сумен жерді киімдей жаптың, Тіпті тау бастарын да сумен бастың.
7 Берген бұйрығыңнан кейін сулар безді, Күркіреген үніңнен олар дереу шегінді,
8 Таулардан асып, аңғарларға түсті, Белгілеген жеріңе қарай ағып кетті.
9 Сен суларға сонда берік шек қойдың, Су енді қайтып жерді жаппастай қылдың.
10 Сен сайларға ағызасың бұлақтарды, Өзендер тау арасымен құйылады,
11 Дала аңдарын олар суға қандырады, Құландар да одан шөлін басады.
12 Құстар су жағасына ұя салады, Бұтақтар арасынан ән айтады.
13 Заңғар мекеніңнен тауды суғарасың, Ісіңнің жемісімен жерді толтырасың,
14 Топырақтан мал азығына шөп өсіресің, Адамға ас болуға дақылдар еккізесің,
15 Пенденің жүрегін қуантар шарапты да, Бетті жылтыратар зәйтүн майын да, Денеге күш-қуат берер нанды да.
16 Суға қанығады Жаратқанның ағаштары, Өзі өсірген Ливан самырсындары.
17 Құстар соларға ұяларын салады, Шыршалар ләйлектің мекені болады,
18 Таутекенің тұрағы — зәулім шыңдар, Таутышқанның панасы да — құз, жартастар.
19 Мезгілді белгілеуге жараттың айды, Күн де біледі қай уақытта батуды.
20 Сен қараңғылық жайғанда түн болады, Орманның аңдары кезіп сандалады,
21 Жас арыстандар ақырып олжа аңсайды, Құдайдан өздеріне азық сұрайды.
22 Күн шыға олар бұғып кері қайтады, Апандарына еніп, тынығып жатады.
23 Адамдар сол кезде жұмысқа шығады, Кеш түскенше еңбекпен айналысады.
24 Сенің істерің қандай көп, Жаратқан Ием! Сен жасадың барлығын да даналықпен, Жер толған Өзіңнің жаратқандарыңмен.
25 Міне, тағы ұлан-ғайыр теңіз де бар, Құжынар сансыз үлкен-кіші хайуандар,
26 Теңізде жүзеді кемелер, қайықтар, Сен онда ойнауға жаратқан дәу балықтар.
27 Өзіңнен күткендері бәрінің де — Сенің тамақ беруің мезгілінде.
28 Азығын берсең олар жинап алар, Қолыңды ашсаң игілікке тойынар.
29 Ал бет-жүзіңді жасырсаң әбігерге қалар, Жанын алсаң өліп, топыраққа айналар.
30 Рухыңның лебін жіберіп, өмір жаратасың, Жер бетін қайтадан толтырып, жаңартасың.
31 Жаратқанның ұлылығы мәңгі мадақталсын, Иеміз өз істеріне әрдайым шаттансын.
32 Ол жер бетіне көз салса шайқалады, Тауларға қол тигізсе түтін шығады.
33 Өмір бойы Жаратқанға ән саламын, Дем біткенше Құдайыма жыр айтамын,
34 Ой толғанысым Оған ұнамды болсын, Жаратқан Иеме ұдайы шаттанамын.
35 Күнәкарлар жер бетінен аласталсын, Әділетсіздер енді қайтып болмасын. Жан-тәніммен Жаратушыны мақтаймын. Жаратқан Иемізді мадақтаңдар әрдайым!