Забур жырлары. Chapter 19

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
2 Қиын-қыстау кезде Ием саған құлақ салсын, Жақыптың Құдайы бар пәледен сақтасын,
3 Ол киелі үйінен саған көмек жіберсін, Сиондағы тұрағынан нығайта көрсін,
4 Бар сый-тартуларыңды ескере көрсін, Өртелген құрбандығыңа да риза болсын. //
5 Жүрегіңнің қалауын Құдай берсін, Бар ой-ниетіңді орындай көрсін.
6 Сонда жеңісіңе қуана әндетеміз, Құдайымыздың атынан ту көтереміз, Тілектеріңді қабыл алсын Иеміз.
7 Жаратқан Өзі тағайындаған Патшасын Аман сақтайтынын енді білемін, Жауап береді оған киелі көгінен, Құтқарады оны құдіретті қолымен.
8 Кейбір ұлт мақтанады күймелерімен, Басқалар мақтанады тұлпарларымен, Ал біз мақтанамыз Құдай Иемізбен.
9 Сол халықтар құлайды жығылып, Ал біз нық боламыз берік тұрып.
10 Уа, Жаратқан, патшамызға жеңіс сыйлай гөр, Сиынған кезімізде құлақ сала гөр.