Забур жырлары. Chapter 91

1 (Демалыс күні айтылатын ән әрі жыр.)
2 Қандай ғанибет — Жаратқан Иені мақтау, Уа, Хақ Тағала, есіміңе ән-жыр арнау,
3 Таң ата жариялап рақымыңды, Кешке де Өзіңнің адалдығыңды,
4 Он ішекті аспапта әсем күй тартып, Жетіген және домбырамен қосылып.
5 Уа, Ием, жаратқандарыңа шаттанамын, Ұлы істеріңе қуана ән саламын.
6 О, Ием, қандай керемет Сенің істерің, Түпсіз терең Сенің ой-ниеттерің!
7 Ессіз адам ғана бұларды білмейді, Түйсіксіз жан мынаны түсінбейді:
8 Зұлымдар қазір жерді шөптей қаптайды, Заңсыздық істейтіндер өркендейді, Ал кейін олар мәңгілікке құриды.
9 Бірақ Сен, уа, Ием, мәңгі үстемсің!
10 О, Жаратқан, жауларың Сенің, Иә, бар жауларың да сөзсіз құриды, Сол зұлымдық жасайтындар шашырайды.
11 Маған жабайы бұқадай күш бердің, Басыма май жағып әлдендірдің,
12 Жауларымның күйрегенін өзім көрдім, Маған қарсы бас көтерген зұлымдардың Жеңілісі туралы хабар алдым.
13 Әділ жан құрма ағашындай өркендейді, Ливандық самырсындай өсіп биіктейді,
14 Жаратқанның үйінде ол тамыр жаяды, Құдайымыздың ауласында құлпырады,
15 Жасы ұлғайса да, жемісін береді, Шырынды, ширақ болып қала береді,
16 Жаратқан мінсіз, Ол — қорғанар жартасым дейді, Осылай Оның әділдігін паш етеді.