Забур жырлары. Chapter 97

1 Жаратқанға айтыңдар жаңа әнді, Өйткені Ол кереметтер істеді, Киелі құдіретімен жеңіп шықты.
2 Жаратқан Ие жеңісін аян етті, Әділдігін де халықтарға көрсетті,
3 Ол Исраилге деген мейірімін де, Сенімділігін де сақтайды есінде. Құдайымыздың құтқаруын көрді Жер бетінің түкпірлеріндегілер де.
4 Бүкіл жер жүзі, шаттанып айқайлаңдар, Жаратқанға қуана ән-жыр айтыңдар,
5 Домбыра шертіп, әдемі ән салыңдар, Жетігенмен де Иемізге күй тартыңдар,
6 Сырнай, кернейдің үнімен дауыстаңдар, Патшамыз — Жаратқан алдында шаттаныңдар!
7 Теңіз де өзін мекендейтіндерімен, Әлем де сонда тұратындарымен Шаттана шуласып Оны мадақтасын!
8 Өзендер қуана қол шапалақтасын, Таулар да бірігіп шаттана ән салсын
9 Жаратқан Иеміздің көз алдында! Ол жерге келеді үкім шығаруға, Әлемге әділ билік айтуға, Нағыз шындықпен күллі ұлттарға.