Забур жырлары. Chapter 74

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, Құрта көрме! әуенімен айтылатын Асафтың әні әрі жыры.)
2 Саған мақтау айтамыз, уа, Құдайым! Сені дәріптейміз, бізге жақынсың, Паш етіледі керемет істерің.
3 Сен былай дедің: Кезін Мен белгілеймін, Әділетті сотты Өзім жүргіземін.
4 Шайқалады жер күллі тұрғындарымен, Тіреулерін оның берік ұстаймын Мен. //
5 Бөсуіңді тоқтат! — дедім мақтаншаққа, Жұдырығыңды көтерме! — дедім арамзаға, —
6 Көкке қарсы да жұдырығыңды көтерме, Тоңмойын болып паңдана сөйлеме!
7 Шығыс, батыс не айдаладан келген Ешкім басқаны жоғарылатпас шынымен,
8 Себебі сотты Құдайдың Өзі жүргізеді, Ол біреуді түсіріп, басқаны көтереді.
9 Жаратқанның қолында қаһарлы тостаған, Іші дәмдеуіштермен араласқан Көпірген жаңа шарапқа толған. Оны құйып береді Жаратқан, Бар зұлымдар ішуге тиіс содан, Сарқып ішеді тіпті ашытқысынан.
10 Ал мен Иемнің істерін мәңгі паш етемін, Жақыптың сиынған Құдайын әндетемін,
11 Өйткені Құдай Иеміз былай деген: Мен зұлымдарды күшінен айырамын, Ал әділдің күш-қуатын молайтамын!