Забур жырлары. Chapter 69

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, басына түскен жағдайын Құдайдың есіне салған Дәуіттің жыры.)
2 Уа, Құдай, мені құтқаруға асыға гөр, О, Жаратқан, тездетіп көмекке келе гөр!
3 Жанымды алмақ болған күллі жауларым Таңдана абыржып, масқаралансын, Маған пәле тілеген бар дұшпандарым Ұятқа қалып, кері қайтарылсын!
4 Өзіңе де сол керек! деп табалаған Олар қарабет боп безіп кетсін сондықтан.
5 Бірақ бет бұрып сиынғандар Саған Өзіңе қуана берсін шат-шадыман, Лайым құтқаруыңды ұнатқан әркім: Құдайым даңқты! деп Сені дәріптесін!
6 Ал мен жарлымын, мұқтаждықта жүрмін, Я, Құдай, маған тездетіп келе гөр! Қолдаушым да құтқарушым Өзіңсің, О, Жаратқан Ием, кешікпей жете гөр!