Жохан аяны. Chapter 12

1 Мұнан кейін аспанда бір керемет зор көрініс пайда болды: күнді жамылған, аяғының астында айы бар, басына он екі жұлдыздан тәж киген бір әйел көрінді.
2 Ол босанбақ болып, толғақтың ауруы мен азабынан айғай салды.
3 Аспанда тағы басқа бір ғажап көрініс пайда болды: бұл жеті басты, он мүйізді, әр басында тәжі бар оттай қызыл алып айдаһар екен.
4 Ол құйрығымен аспандағы жұлдыздардың үштен бірін тартып алып, жерге қарай лақтырып жіберді. Айдаһар толғатып жатқан әйелдің алдында тосып тұрып, оның Баласын туысымен-ақ жалмап қоймақшы болды.
5 Осылай әйел Ұлын дүниеге келтірді; Ол болашақта күллі халықтарға қатаңдықпен билік жүргізетін болады. Нәресте тезірек Құдайға, Оның тағының алдына әкелінді.
6 Ал әйел Құдай алдын ала дайындап қойған айдаладағы бір жерге қашып құтылды. Сол жерде әйелге бір мың екі жүз алпыс күн бойы қамқорлық жасалатын болады.
7 Сонда көкте соғыс бұрқ ете түсті. Михайл мен оның қол астындағы періштелері айдаһарға қарсы аттанды. Айдаһар өз нөкерлерімен бірге оларға қарсы шайқасты,
8 бірақ төтеп бере алмады. Бұдан былай соларға көктен орын берілмеді.
9 Осылайша алып айдаһар — бүкіл әлемді алдап келген әзәзіл әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан жылан көктен қуылып, бүкіл хабаршыларымен қоса жер бетіне лақтырылды.
10 Содан кейін мен көктен шыққан қатты дауысты естідім. Ол былай деді: Енді Құдай (Өзінің халқын) құтқарды! Ол құдіретін көрсетіп, патшалық етіп, билік жүргізеді. Оның тағайындаған Патшасы Мәсіх өктемдік етеді! Ал Құдай алдында күні-түні бауырластарымызға жала жауып келген шайтан көктен лақтырылып тасталды.
11 Бауырластарымыз Тоқтының өз жанын құрбан етіп Қанын төгуінің арқасында және өздерінің Ізгі хабарды қабылдап, ашық мойындауларымен жеңіске қол жеткізді. Олар өз жандарын тым қатты сүймей өлімге қиды.
12 Қуаныңдар, көк және оны мекендегендердің бәрі де! Алайда жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл шайтан төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы.
13 Айдаһар өзінің жерге лақтырылғанын білгенде, Ұлды туған әйелдің соңына түсіп, оны қудалай бастады.
14 Сонда әйелге айдалада өзіне дайындалған арнайы орынға ұшып бару үшін алып бүркіттің қос қанаты берілді. Айдалада әйел үш жарым кезең бойы сол улы жыланнан қауіпсіз тұрып, Құдайдың қамқорлығында болады.
15 Әйелді сумен ағызып әкетіп, құрту үшін алып жылан аузынан үлкен өзен іспетті су тасқынын лақ еткізіп төгіп жіберді.
16 Алайда жер әйелге көмектесіп, аузын кеңінен ашып, сол айдаһардың аранынан шыққан өзенді жұтып қойды.
17 Айдаһар әйелге долданып, оның өзге де ұрпақтарымен, яғни Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүргендерімен, шайқасуға аттанды.