Римдіктерге арналған хат. Chapter 10

1 Қымбатты бауырластар, менің жүрегімнің тілегі және Құдайдан жалбарынып сұрайтыным — исраилдіктердің құтқарылуы.
2 Олардың Құдай үшін ынта көрсетіп жүргендеріне куәмін, алайда ынталары дұрыс түсінікке негізделмеген.
3 Өйткені олар Құдайдың адамды ақтау жолын ұқпай, өздерінің әділдігін орнатуға тырысты, осылайша Тәңір Иенің дайындаған ақтау жолын мойындамай қойды.
4 Адамдардың Таурат заңын ұстануға ұмтылысын Мәсіх тоқтатты, енді Оның құрбандық өліміне сенетіндер ақталады.
5 Таурат заңының ережелерін орындау арқылы ақталу туралы Мұса пайғамбар былай деп жазған: Оларды бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді.
6 Ал сенім жолымен ақталу туралы Тауратта мына тәрізді сөздер айтылған: Кім көкке көтеріледі? Яғни кім Мәсіхті көктен алып келеді? — деп іштей сұрама.
7 Немесе: Кім тұңғиыққа түседі? Яғни кім Мәсіхті өлімнен қайтарып алып келеді? — деп те айтпа.
8 Қайта, сенім жолымен ақталу жөнінде былай делінген: Бұл сөз саған өте жақын, ол ауызыңда және жүрегіңде. Сенім туралы біз жариялап жүрген сөз — осы.
9 Өз аузыңмен Исаны Жаратқан Ием деп мойындасаң, жүрегіңде Құдайдың Оны өлімнен қайта тірілткеніне сенсең, онда құтқарыласың.
10 Себебі Мәсіхке жүрегімен сенуі арқылы адам күнәсінен ақталады, Оны аузымен мойындауы арқылы құтқарылады.
11 Осы туралы Ишая пайғамбардың жазбасында Оған сенімін артқан ешкім ұятқа қалмайтын болады лайым делінген ғой.
12 Бұл жерде яһудилер мен басқа ұлттардың араларында айырмашылық жоқ, олардың жалғыз бір Жаратқан Иесі бар: Ол Өзіне сиынғандардың бәріне де шексіз рақымды.
13 Себебі: Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады деп те жазылған.
14 (Енді былай деулерің де мүмкін:) Олар Иемізге сенбесе, қалай Оған сиынады? Ол туралы естімесе, қалай сенеді? Оны ешкім уағыздамаса, қайдан естиді?
15 Ал Құдай жібермесе, қалай уағыздайды? Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер бар: (Татулық туралы) ізгі хабарды жеткізушілердің келгені қандай тамаша!
16 Бірақ Құдай Ізгі хабарды жіберген болса да, исраилдіктердің бәрі бірдей оған сенген жоқ, оны қабылдаған да жоқ. Осы туралы Ишая пайғамбар мынадай сөздер айтқан: Уа, Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді!
17 Сонымен, сенім хабарды естуден келеді, ал естудің өзі Мәсіхтің сөзін жариялаудан болады.
18 Енді: Олар хабарды естіген жоқ па? деп сұрағым келіп тұр. Әрине, естіген. Үндері жайылады бар жер бетіне, сөздері таралады жердің шетіне деп (Забурда) жазылған ғой.
19 Онда мен: Мүмкін Исраил халқы түсінбеген шығар? деп сұраймын. Тіпті басқа ұлттық адамдар оны түсінді ғой! Мұса пайғамбар мұны бірінші болып Құдайдың мына тәрізді сөздерімен алдын ала айтты: Мен халық сиқы жоқ бөтендер арқылы сендердің қызғаныштарыңды оятамын. Иә, өздерің түсінігі жоқ деп санайтын өзге халықпен сендерді ашуландырамын!
20 Ишая пайғамбар бұл туралы батылдықпен Құдайдың мынадай хабарын жеткізді: Іздемегендер Мені таба алды. Мен туралы сұрамағандарға Өзімді көрсеттім.
21 Ал Исраил халқы жайында Құдай мына тәрізді сөздер айтты: Мен құлақ аспайтын, қасарысқан халықты күні бойы қол созып шақырумен болдым.