Қорынттықтарға арналған 2-ші хат. Chapter 2

1 Сол үшін де мен сендерге бармай-ақ қояйын деген шешімге келдім. Себебі барсам, өздеріңді тағы да ескертіп, ренжітуіме тура келер еді.
2 Себебі егер сендерді ренжітсем, онда мені кім қуантпақ? Өзім қамықтырған сендерден басқа кім көңілімді серпілтер еді?
3 Сондықтан да барып, мені қуантуға тиісті сендерден реніш табудың орнына сол хатты жазып жібердім. Бәріңнің мені қоштап, бірге қуанатындарыңа сендім.
4 Оны қатты қиналып, жүрегім ауырып, көзіме жас ала отырып жаздым. Өздеріңді қайғырту үшін емес, қайта, шексіз сүйетінімді ұғындыру үшін жаздым.
5 Сол ренішті туғызған адам болса, оның тек мені ғана емес, бәріңді де едәуір ренжіткені; тым асырып айтпау үшін едәуір дедім.
6 Мұндайға көпшіліктен алған жазасы жеткілікті.
7 Ендеше шексіз қайғыға батпасын деп, оны кешіріп, жігерлендіргендерің дұрыс болар.
8 Сонымен сендерден өтінерім: оған сүйіспеншіліктеріңді көрсетіңдер.
9 Сондай-ақ, барлық жағынан да айтқандарыма құлақ асар ма екенсіңдер деп тексеріп, сынау үшін де сол хатты жазып жібердім.
10 Сендер кешірген адамды мен де кешіремін. Ал менің кешіргенім — егерде оның бір айыбын кешіруім қажет болса — оны сендердің игіліктеріңді көздеп, Мәсіхтің алдында кешіргенім.
11 Әзәзіл шайтан бізден амалын асырмау үшін осылай істедім, оның зымиян ниетін жақсы білеміз.
12 Мәсіх туралы Ізгі хабарды уағыздау үшін Трояға келген кезімде Иеміздің маған Өзінің жұмысы үшін есік ашып қойғанын көрдім.
13 Бірақ сол жерден бауырласым Титті таба алмай мазам кетті. Сондықтан ондағы сенушілермен қоштасып, Македонияға жөнелдім.
14 Алайда Құдайға шүкір: Ол Мәсіхпен тығыз байланыстағы бізді әрдайым жеңістің шеруімен жетелеп, біз арқылы Мәсіхті танудың хош иісін барлық жерге де таратуда.
15 Себебі құтқарылу жолындағылар арасында да, тозаққа қарай бара жатқандар арасында да Құдай үшін Мәсіхтің хош иісі іспеттіміз.
16 Соңғылар үшін біздің таратқан Ізгі хабарымыз өлімнің шіріген иісіндей болса, алғашқылар үшін сол хабар шынайы өмірдің жұпар иісі секілді. Ал кім мұндай жауапты қызметті атқаруға қабілетті?
17 Біз көптеген басқалар сияқты Құдайдың хабарын пайда көздеп, бұрмаламаймыз. Қайта, Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып, Құдайдан жіберілгендер ретінде Ізгі хабарды Оның көз алдында адалдықпен уағыздаймыз.