Патшалықтар туралы 4-ші жазба. Chapter 15

1 Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғамның патшалық құрған жиырма жетінші жылы Амасиях ұлы Ұзиях Яһуда елінің патшасы болды.
2 Сол кезде Ұзияхтың жасы он алтыда еді. Ол Иерусалимде елу екі жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехолия болатын.
3 Әкесі Амасиях (алғашқыда) істегендей, Ұзиях та Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
4 Дегенмен биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық бұрынғыдай сол жерлерде хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді.
5 Кейінірек Жаратқан Ие Ұзияхты (еркінсіп жасаған күнәсі үшін) жазалап алапес ауруын жіберді. Ұзиях өмірінің соңына дейін алапес болып ауырған күйі қала беріп, жеке үйде тұрды. Патшаның ұлы Жотам сарайдағы істерді басқарып, елдің халқына билік жүргізді.
6 Ұзияхтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы Яһуда патшаларының жылнамалары кітабында баяндалған.
7 Ұзиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы соларға жақын қабірге қойылды. Оның ұлы Жотам орнын басып патша болды.
8 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған отыз сегізінші жылы Еробоғам ұлы Зәкәриях Самария қаласында Солтүстік Исраилдің үстінен патша болды. Ол алты ай билік жүргізді.
9 Зәкәриях өзінің ата-бабалары сияқты Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларынан бас тартпады.
10 Ябес ұлы Шаллум Зәкәрияхқа қарсы астыртын сөз байласып, оны халықтың көз алдында өлтіріп, оның орнына өзі патша болып алды.
11 Зәкәрияхтың қалған іс-әрекеттері туралы Исраил патшаларының жылнамалары кітабында баяндалған.
12 Сонымен Жаратқан Иенің Ехуге айтқан мына сөзі жүзеге асқан еді: Өзіңнен кейінгі төрт ұрпағың (Солтүстік) Исраилде патшалық құратын болады!
13 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған отыз тоғызыншы жылы Ябес ұлы Шаллум Солтүстік Исраилде патша болды. Ол Самария қаласында бір-ақ ай билік жүргізді.
14 Себебі Ғади ұлы Менахим Тирса қаласынан Самарияға өрлеп барып, сол қалада Ябес ұлы Шаллумды қастандықпен өлтіріп, оның орнына өзі патша болып алды.
15 Шаллумның қалған іс-әрекеттері және оның жасаған қастандығы туралы Исраил патшаларының жылнамалары кітабында баяндалған.
16 Бұдан кейін Менахим Тирсадан аттанып, Типсах қаласы мен оның маңайындағы барлық халыққа тап берді. Себебі олар оған қала қақпаларын ашудан бас тартқан болатын. Менахим олардың көздерін құртып, тіпті жүкті әйелдерінің іштерін жарып өлтірді.
17 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған отыз тоғызыншы жылы Ғади ұлы Менахим Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол Самарияда он жыл билік жүргізді.
18 Менахим Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларынан өмірінің соңына дейін бас тартпады.
19 Менахимнің заманында Ассур патшасы Тығылат-Пәләсер Солтүстік Исраилге қарсы аттанды. Менахим оның қолдауына ие болып, өзінің елдегі билігін күшейту үшін Ассур патшасына мың ат басындай күміс төледі.
20 Менахим осы күмісті Исраил еліндегі барлық дәулетті адамдардан күшпен жинап алды. Патша солардың әрқайсысын елу мысқал күміс төлеуге мәжбүрледі. Күмісті алған Ассур патшасы Исраилден кетіп, еліне қайта оралды.
21 Менахимнің қалған барлық іс-әрекеттері туралы Исраил патшаларының жылнамалары кітабында баяндалған.
22 Менахим көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Пақиях орнын басып патша болды.
23 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған елуінші жылы Менахим ұлы Пақиях Самария қаласында Солтүстік Исраилдің үстінен патша болды. Ол елге екі жыл бойы билік жүргізді.
24 Пақиях Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларынан бас тартпады.
25 Кейін оның Ремалиях ұлы Пақах деген бір нөкері оған қарсы астыртын сөз байласты. Сол Пақах елу ғилақадтық адамды ертіп алып, Пақиях патшаға және Арғоп пен Арие деген тағы екі адамға Самариядағы патша сарайының қорғанында бас салып, оларды өлтірді. Содан кейін Пақах Пақияхтың орнына өзі патша болып алды.
26 Пақияхтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы Исраил патшаларының жылнамалары кітабында баяндалған.
27 Яһуда еліне Ұзиях патшалық құрған елу екінші жылы Ремалиях ұлы Пақах Самария қаласында Солтүстік Исраилдің үстінен патша болып, оған жиырма жыл билік жүргізді.
28 Пақах Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилді азғырған күнәларынан бас тартпады.
29 Солтүстік Исраилдің патшасы Пақахтың заманында Ассур патшасы Тығылат-Пәләсер қайтадан аттанып келіп, Ион, Әбел-Бет-Маха, Янох, Қадеш, Хасор қалаларын жаулап алды. Жау сондай-ақ Ғилақад пен Ғалилея аймақтарын және Нафталим руының бүкіл жерін басып алып, тұрғындарын Ассурға жер аударып алып кетті.
30 Бұдан кейін Ила ұлы Ошия Ремалиях ұлы Пақахқа қарсы астыртын сөз байласып, оны өлтірді. Содан Пақахтың орнына Ошияның өзі патша болып алды. Бұл Яһуда еліне Ұзиях ұлы Жотамның патшалық құрған жиырмасыншы жылы орын алды.
31 Пақахтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы Исраил патшаларының жылнамалары кітабында баяндалған.
32 Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған екінші жылы Ұзиях ұлы Жотам Яһуда елінің патшасы болды.
33 Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Жотамның шешесінің аты-жөні Садық қызы Еруша болатын.
34 Әкесі Ұзиях (алғашқыда) істегендей, Жотам да Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
35 Дегенмен биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық сол жерлерде құрбандық шалып өртеп, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді. Ал Жотам патша Жаратқан Иенің киелі үйінің Жоғарғы қақпасын қайта салғызды.
36 Жотамның қалған істерінің бәрі туралы Яһуда патшаларының жылнамалары кітабында баяндалған.
37 Оның патшалық құрған заманында Жаратқан Ие Араманың патшасы Ресинді және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақахты Яһуда еліне қарсы аттандырып, шабуыл жасата бастады.
38 Жотам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына түп атасы Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ахаз орнын басып патша болды.