Тімотеге арналған 2-ші хат. Chapter 1

1 Құдайдың Мәсіх Исамен байланыстағыларға шынайы өмірді уәде еткендігін жариялау үшін Оның еркімен Мәсіх Исаның елшісі болған Пауылдан
2 сүйікті рухани балам Тімотеге дұғай сәлем. Құдай Әкеміз бен Иеміз Мәсіх Иса саған рақымы мен қайырымын жаудырып, тыныштығын сыйлай берсін.
3 Ата-бабаларым қызмет еткен Құдайға мен де таза ар-ұжданыммен қызмет етемін. Оған сен үшін күні-түні шүкірлік етіп, дұғаларымнан өзіңді ешқашан тастамаймын.
4 (Қоштасқандағы) көз жасыңды есіме түсіріп, сені қайтадан көріп қуанышқа кенелуді қатты аңсаймын.
5 Шынайы сенімің есімде. Ол алдымен әжең Лойда мен анаң Әуникенің жүректерінен орын алған еді. Оның сенің жүрегіңнен де орын алғанына көзім жетті.
6 Сол себепті саған ескертемін: мен үстіңе қолымды қойып сиынғанымда Құдай рақым етіп, өзіңе берген дарынды көбірек ынтамен қолдан!
7 Өйткені Құдай бізге қорқыныш емес, күш, сүйіспеншілік және ұстамдылықты дарытатын Киелі Рухын сыйлады.
8 Сондықтан да Иемізді ашық мойындаудан ешқашан тартынба! Иемізге бола түрмеде отырған мен үшін де ұялма. Қайта, Құдай беретін рухани күш-қуатқа сүйеніп, Ізгі хабар үшін азаптарды бірге көр.
9 Құдай бізді құтқарып, өз халқы ретінде қасиетті өмір сүруге шақырды. Ол мұны біздің жасаған игі істерімізге бола емес, Өзінің мақсаты мен рақымы бойынша істеді. Себебі Құдай бізге Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлауға әлем басталмастан бұрын-ақ ниеттенген еді.
10 Қазір Ол соны Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің келуімен ашық көрсетті: Мәсіх өлімнің күшін жойып, Ізгі хабары арқылы шынайы, ешқашан өшпейтін өмірді жарыққа әкелді.
11 Тәңір Ие мені осы Ізгі хабарды халықтарға жариялаушы, елші және тәлім беруші етіп тағайындады.
12 Сол себептен мен осындай азап көріп жатырмын. Ал соған еш ұялмаймын, себебі Кімге сенім артқанымды білемін. Оның қайтып келетін күніне дейін Өзінің маған аманаттаған Ізгі хабарын аман-есен сақтайтынына кәміл сенемін.
13 Менен естігендеріңді дұрыс ілімнің үлгісі ретінде Иса Мәсіхке деген сеніммен және сүйіспеншілікпен берік ұстан!
14 Өзіңе аманатталған Ізгі хабарды өмірімізден орын алған Киелі Рухтың көмегімен аман-есен сақта!
15 Азия аймағындағы сенушілердің бәрінің дерлік мені тастап кеткенін білесің. Олардың арасында Фігел мен Ермоген де бар.
16 Иеміз Онисыфордың үй ішіне мейірімін сыйлай көрсін. Онисыфор әлденеше рет көңілімді көтеріп, жігерлендіріп, бұғауда отырған жағдайыма ешқандай ұялмады.
17 Керісінше, Римде болғанда ерінбей-жалықпай мені тапқанша іздеді.
18 Иеміз қайта оралатын күні оған мейірімін көрсете көрсін! Онисыфор маған Ефесте де қаншама қызмет еткенін өзің жақсы білесің ғой.