Зәкәрия. Chapter 4

1 Менімен сөйлескен періште қайтып келіп, мені оятқандай сілкіп қалды.
2 Ол менен: — Не көріп тұрсың? — деп сұрады. Мен жауап беріп былай дедім: — Бір алтын шам қойғышты көріп тұрмын. Оның төбесінде майға арналған тостағаны және жеті май шамы әрі соларға байланған жеті түтікшесі бар.
3 Сондай-ақ, майға арналған тостағанның оң және сол жақтарында тұрған екі зәйтүн ағашын көріп тұрмын.
4 Мен өзіммен сөйлескен періштеден: — Мырзам, бұлар не екен? — деп сұрадым.
5 Ол маған: — Бұлардың не екенін сен білмейтін бе едің? — деген сауал қойды. Мен оған: — Жоқ, білмеймін, мырзам, — дедім.
6 Ол маған былай деп түсіндірді: — Жаратқан Иенің Зоробабелге арнаған сөзі мынау: Күш-қуатпен де емес, билік күшімен де емес, тек Менің Рухыммен ғана табысқа жетесің! — дейді Әлемнің Иесі. —
7 Мына заңғар тау не өзі? Зоробабелдің алдында заңғар тау іспетті зор қиыншылықтар жазықтай тегіс болады. Зоробабел ғимараттың соңғы тасын орнатқанда халық: Нендей мейірім! Не деген рақым! деп дауыстап мадақтайтын болады.
8 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап:
9 Осы киелі үйдің іргетасын Зоробабелдің өзі қалаған еді, оны бітіретін де өзі болады, — деді. — Осылайша Әлемнің Иесінің мені өздеріңе жібергенін анық білетін боласыңдар.
10 Ұсақ-түйек істер істеліп үлгерілген күнді кім менсінбейді? Болашақта адамдар Зоробабелдің қолына тіктегішін алып, құрылысқа кіріскенін көрген кезде қуанатын болады. Ал әлгі жеті май шамы бүкіл жер бетіне көз салып бәрін де көріп тұратын Жаратқан Иенің көздерін білдіреді.
11 Мұнан кейін мен періштеден: — Шам қойғыштың оң және сол жақтарындағы екі зәйтүн ағашы нені білдіреді? — деп сұрап,
12 тағы да мына сауалды қойдым: Алтын түсті зәйтүн майын шам қойғышқа қарай ағызатын екі алтын түтікшенің жанында екі зәйтүн бұтағы бар. Олар нені білдіреді? —
13 Періште менен: — Бұлардың не екендігін сен шынымен білмейсің бе? — деп сұрады. Мен: — Жоқ, білмеймін, мырзам! — деп жауап бердім.
14 Сонда ол маған: — Құдай осы екеуін Өзіне, бүкіл жер бетінің Иесіне, қызмет етуге май жағу рәсімінен өткізіп тағайындап қойған, — деді.