Заңды қайталау. Chapter 28

1 Сонымен сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ асып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған күллі өсиеттерін сақтап орындайтын болсаңдар, Ол сендерді жер бетіндегі барлық халықтардан жоғары қояды.
2 Иә, Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарын тыңдайтын болсаңдар, мына жарылқаулардың барлығы сендерге қонып, сендердікі болады:
3 Қалада да, далада да жарылқаулы боласыңдар.
4 Сендердің ұл-қыздарың, жерлеріңнің өнімдері, малдарыңның төлдері: табындағы бұзауларың мен отардағы қозы-лақтарың жарылқаулы болады.
5 Өнім жинайтын себеттерің мен қамыр ашытатын ыдыстарың да жарылқанады.
6 Келіп-кету жолдарың да жарылқаулы болады.
7 Жауларың сендерге қарсы көтерілсе, Жаратқан Ие оларды көз алдарыңда тізе бүктіреді. Олар сендерге қарсы бір жолмен аттанса, жеті жолмен кері қашады.
8 Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе беріп жатқан елінде сендерді жарылқап, қамбаларыңа және қолға алған барлық іс-әрекеттеріңе ақ батасын жаудырады.
9 Егер де Құдайларың Жаратқан Иенің өсиеттерін сақтап, Оның тура жолымен жүретін болсаңдар, онда Жаратқан Ие ант еткеніндей, сендерді Өзіне бағышталған қасиетті халқы етіп бекітеді.
10 Сонда жер бетіндегі күллі халықтар Жаратқан Иенің атымен аталғандарыңды көріп, сендерді қастерлеп, сендерден қаймығатын болады.
11 Жаратқан Ие ата-бабаларыңа сендерге табыстауға ант еткен елінде әр түрлі игіліктерді молынан сыйламақ: сендердің ұл-қыздарыңа, малдарыңның төлдеріне, жеріңнің өніміне Ол ағыл-тегіл молшылық дарытады.
12 Жаратқан Ие Өзінің игілікті қазынасын, яғни аспанның қақпаларын, ашып, еліңе мезгілінде жаңбыр жаудырып, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. Сендер көп халықтарға қарыз беріп, өздерің ешқайсысынан қарыз алмайсыңдар.
13 Егер де Құдай Иелеріңнің өсиеттеріне құлақ асып, оларды сақтап орындайтын болсаңдар, онда Жаратқан Ие сендерді көштің аяғы емес, басы етеді. Сендер төменде емес, тек жоғарыда жүретін боласыңдар.
14 Сонымен, мен бүгін сендерге тапсырған өсиеттердің ешқайсысынан да не оңға, не солға бұрылмаңдар, әрі жалған тәңірлердің жолына түсіп, оларға құлшылық етпеңдер!
15 Алайда егер сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған Оның өсиеттері мен ережелерін сақтап орындамасаңдар, онда төмендегі барлық қарғыстарға ұшырайсыңдар:
16 Қалада да, далада да қарғыс атқан боласыңдар.
17 Өнім жинайтын себеттерің мен қамыр ашытатын ыдыстарыңды қарғыс атады.
18 Сендердің ұл-қыздарыңды, жерлеріңнің өнімдерін, малдарыңның төлдерін: табындағы бұзауларың мен отардағы қозы-лақтарыңды қарғыс атады.
19 Келіп-кету жолдарыңа да қарғыс тиеді.
20 Сендер Өзінен бас тартып, зұлымдық жасағандықтан кенеттен құрып, жоқ болып кеткенше Жаратқан Ие сендердің қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді қарғысқа, абыржу мен табыссыздыққа ұшыратады.
21 Сендер қазір кіріп, иемденгелі тұрған елден құрып кеткенше Жаратқан Ие сендерге індет жұқтырады.
22 Жаратқан Ие сендерге өкпе ауруын жібереді, содан денелеріңнің ыстығы көтеріліп, қабына ауырасыңдар. Сонымен қатар, Ол сендерге аптап ыстық пен қуаңшылық жолдап, егістіктерің қурап, ал қурамағаны көгеріп-шіріп, өсімдік татынан да құрып кетпек. Сендер әбден жойылып бітпейінше осы апаттар арттарыңнан қалмайтын болады.
23 Төбелеріңдегі аспан қолаға айналғандай, жаңбыр жаумайды, ал астарыңдағы жер темірдей қатайып, кеуіп қалады.
24 Сендер жоқ болып құрып кеткенше Жаратқан Ие жерлеріңе аспаннан жаңбыр емес, шаң-тозаң жаудыратын болады.
25 Жаратқан Ие сендерді жауларыңа жеңілдіреді. Оларға қарсы бір жолмен аттансаңдар, жеті жолмен кері қашатын боласыңдар. Жер бетіндегі барлық патшалықтар үшін қорқынышты көрініске айналасыңдар.
26 Сендердің мәйіттерің аспандағы жыртқыш құстар мен жердегі аңдарға жем болады, оларды үркітіп жіберетін ешкім болмайды.
27 Жаратқан Ие сендерге мысырлық шиқандарды: іріңді жара, қатерлі ісік, қышыма-қотырды жаппай жұқтырып, солардан жазыла алмайсыңдар.
28 Сонымен қатар Жаратқан Ие сендерді ақыл-естеріңнен айырып, соқыр қылып, абыржытатын болады.
29 Соқырдың қараңғыда сипалағанындай, сендер тал түсте сипаланып қаласыңдар. Не істесеңдер де, істерің оңға баспайды. Ұдайы зорлық-зомбылық көріп, тоналасыңдар. Ал өздеріңді құтқаратын ешкім де болмайды.
30 Құда түсіріп, айттырып қойған қалыңдықтарыңды бөтен біреулер алып, олармен жақындасады. Салған үйлеріңде өздерің тұра алмайсыңдар, отырғызған жүзімдіктеріңнің жемісін ешқашан жемейсіңдер.
31 Жауларың мүйізді ірі қараларыңды көз алдарыңда сойып алып, сендерге бір түйір ет те татқызбайды. Есектеріңді айдап әкетіп, қайтарып бермейді, қой-ешкілерің де жауларыңның қолына беріледі. Ал оларды құтқарып, қайтарып беретін ешкім де болмайды.
32 Ұл-қыздарың бөтен халыққа құлдыққа түсіп, қарсы тұруға әлдерің жетпейді. Қайтып келе ме деп, күн сайын қарай-қарай көздерің талады.
33 Сендер бұрын білмеген жат жұрттық халық жерлеріңнің өнімін жеп, еткен еңбектеріңнің пайдасын көреді. Сендер өмір бойы қаналып, жәбір көретін боласыңдар.
34 Осының бәрін өз көздеріңмен көргенде ақыл-естеріңнен айырыласыңдар.
35 Жаратқан Ие тізелерің мен сандарыңа жаман алапес жұқтырып, ол басыңнан аяғыңа дейін тұла бойларыңа қаптап кетіп, содан сауыға алмайсыңдар.
36 Жаратқан Ие өздеріңді де, билік жүргізуге өздерің таңдап алған патшаны да не сендер, не ата-бабаларың бұрын білмеген халықтың арасына айдатып жібереді. Сол жерде жалған тәңірлердің ағаштан, тастан жасалған мүсіндеріне құлшылық ететін боласыңдар.
37 Жаратқан Ие сендерді бөтен халықтардың арасына айдатып жібергенде, олардың бәрі кешкен азаптарыңды көріп, шошынады. Сендерді мазаққа айналдырып, келекелейтін болады.
38 Егістіктеріңе мол тұқым сепсеңдер де, шегіртке жайпап кететіндіктен өнімдерің аз болмақ.
39 Жүзімдіктер отырғызып, өңдеп баптасаңдар да, құрт жалмап қоймайтындықтан олардан жиналатын жүзім болмай, шырынын іше алмайсыңдар.
40 Бүкіл елдеріңде зәйтүн ағаштары өсіп тұрса да, жемісінің бәрі мерзімінен бұрын түсіп қалатындықтан, қолданатын зәйтүн майларың болмайды.
41 Ұл-қыздарың туып-өскенмен, олар тұтқынға түскендіктен қастарыңда тұрмайды.
42 Құжынап ұшып келген шегірткелер ағаштарыңды да, егістіктеріңнің өнімін де жалмап кетеді.
43 Араларыңда тұратын жат жұрттықтардың жағдайы жоғарылап, сендер төмендей бересіңдер.
44 Олар сендерге қарыз бере алып, өздерің оларға ешқандай қарыз бере алмайсыңдар. Олар көштің басы, сендер аяғы боласыңдар.
45 Сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, Оның өсиеттері мен ережелерін сақтап орындамағандарыңа бола осы қарғыстардың бәрі бастарыңа түсіп, арттарыңнан қалмай қояды. Олар сендерді түбінде құртпай тынбайды.
46 Осы апаттар сендерге және кейінгі ұрпақтарыңа Жаратқан Иенің қарғысы тигенінің белгісі болады.
47 Өйткені сендер бар игіліктерге кенелген кездеріңде Құдайларың Жаратқан Иеге шат жүрекпен мойынсұнып, қуана қызмет етіп жүрмедіңдер.
48 Сондықтан енді арып-ашып, шөлдеп, жалаңаш жүріп, қай нәрсеге де тарығып, Жаратқан Ие сендерге қарсы аттандырған жауларыңа қызмет ететін боласыңдар. Ол сендерді құртып жібергенше мойындарыңа құлдықтың темір қамытын салып қояды.
49 Жаратқан Ие сендерге қарсы алыстан, тіпті жердің шетінен бір халықты төменге шүйілген бүркіттей аттандырып келтіреді. Сол халық сендер түсінбейтін бөтен тілде сөйлеп,
50 айбарлы болып көрінеді. Олар кәріге құрмет, кішіге мейірім көрсетпейді.
51 Сол халық сендерді құртып болғанша малдарыңның төлдерін, егістіктеріңнің өнімін жеп қояды да, астықтарыңды, жүзім шырындарың мен зәйтүн майларыңды, бұзауларың мен тоқтыларыңды түгел сендерден тартып ала береді. Осылайша сендер ойран боласыңдар.
52 Дұшпандарың елдегі барлық қалаларыңды қоршап алып, олардағы сендер сенім артқан зәулім қамалдарыңды қиратады. Сонда жау Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстаған еліндегі барлық қалаларыңды қоршап алып, сендерді қыспақтайтын болады.
53 Жауларың қалаларыңды қоршап, қыспаққа алғанда сендер шексіз азап шеккендіктен, тіпті өздеріңнің туған балаларыңды, иә, Құдайларың Жаратқан Ие сендерге сыйлаған ұл-қыздарыңның етін жейтін боласыңдар!
54 Араларыңдағы ең нәзік жанды, сезімтал деген адамның өзі де енді бауырынан, отасқан әйелінен, тірі қалған балаларынан қызғанып,
55 олардың ешқайсысына да өзі жеп отырған баласының етінен бір түйір де бермейді. Себебі жау барлық қалаларыңды жан-жақтан қоршап, бастарыңа ауыр азап тудырғандықтан одан басқа жейтін еш нәрселерің болмайды.
56 Араларыңдағы ең нәзік жанды, сезімтал, талғампаздығы мен ақсаусақтығы сондай, аяғын жерге тигізбей жүріп келген әйел енді отасқан сүйікті күйеуінен, туған ұл-қызынан қызғанып,
57 жаңа туған нәрестесі мен баланың жолдасын кейін жеу үшін тығып қояды. Себебі жау барлық қалаларыңды жан-жақтан қоршап, бастарыңа ауыр азап тудырғандықтан одан басқа жейтін еш нәрселерің болмайды.
58 Сонымен, егер сендер осы кітапта жазылған Таурат заңының барлық ережелерін сақтап орындамасаңдар, әрі Құдай Иелеріңнің ұлы да айбынды атына мойынсұнып, Оны құрметтемесеңдер,
59 онда Жаратқан Ие сендерді және кейінгі ұрпақтарыңды сұрапыл азаптарға ұшыратып, ұзаққа созылатын ауыр індеттерді, қорқынышты да созылмалы ауру-сырқауларды жібереді.
60 Осылай Ол сендер Мысырда жүргенде қатты қорқатын індеттердің бәрін де жібереді. Солар сендерге ұзақ уақытқа жабысады.
61 Бұларға қоса, Жаратқан Ие осы Таурат заңы кітабында айтылмаған басқа да көптеген ауру-сырқаулар мен індеттерді сендер әбден құрып біткенше жіберіп отырады.
62 Бір кезде сендердің сандарың аспандағы жұлдыздай көп болғанмен, сендерден азғана адамдарың тірі қалатын болады, себебі Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспадыңдар.
63 Бұрын Жаратқан Ие сендерге жақсылық жасауды, сандарыңды көбейтуді қалай ұнатқан болса, енді Ол сендерді құртып, жоқ қылуды да солай ұнататын болады. Осылай сендер қазір кіріп, иемденгелі тұрған елдеріңнен түпкілікті аластатыласыңдар.
64 Сонымен қатар, Жаратқан Ие сендерді барлық халықтардың арасына шашыратып, жер бетінің бір шетінен келесі шетіне дейін бытыратып жібереді. Сол жерлерде сендер өздерің де, ата-бабаларың да еш білмеген бөгде тәңірлерге: ағаштан, тастан жасалған тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар.
65 Сендерге сол халықтардың арасында да тыныштық болмайды. Аяқтарың дамыл таппай ел кезетін боласыңдар. Жаратқан Ие сендерге дірілдеп үрейленген жүрек, көз жасын төгіп, көруден қалған көз және үміті үзіліп торыққан көңіл береді.
66 Өмірлерің қыл үстінде тұрып, күні-түні елегізіп қорқатын боласыңдар, амандықтарыңа сенімдерің болмайды.
67 Айналаларыңда болып жатқан нәрселерді көріп, жүректеріңді қорқыныш жайлап, таңертең: Тезірек кеш батса екен!, ал кеште: Тезірек таң атса екен! деп тілейтін боласыңдар.
68 Мен сендерге: Енді бұдан былай бұл жолды ешқашан да қайтып көрмейсіңдер! деген едім, бірақ Жаратқан Ие сендерді кемемен дәл сол жаққа: Мысыр еліне қайтадан жібереді. Сол жерде дұшпандарыңа құл не күң ретінде сатылмақ болсаңдар да, сендерді сатып алатын ешкім болмайды.