Мысырдан көшіп шығу. Chapter 31

1 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
2 — Біліп ал: Мен Яһуда руынан шыққан Һұрдың немересі, Ұри ұлы Беселиелді арнайы таңдап алдым.
3 Оны Құдай Рухына кенелтіп, оған ақыл-парасат пен қабілет дарытып, барлық өнерден хабардар етіп қойдым.
4 Оған алтын, күміс, қола бұйымдарға көркем өрнектер жасауға,
5 асыл тастарды қашап өңдеп, жиектемеге қондыруға, ағаш кесіп, жонып, оюлап әшекейлеуге және кез келген көркем өнер жұмысын істеуге қабілет бердім.
6 Мынаны да біліп ал: Мен оған Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияпты көмекші етіп тағайындап отырмын. Мен өзіңе тапсырғандардың барлығын жасаулары үшін күллі ақылдыларға тағы да молынан ақыл-парасат дарытамын. Сондықтан олар Мен өзіңе бұйырған мына нәрселердің бәрін жасай алады:
7 Кездесу шатырын, Келісім сандығын және оның үстіндегі қақпағын әрі киелі шатырдың барлық басқа бұйымдарын;
8 нан тартулары қойылатын үстел мен оның үстіндегі ыдыстарды, саф алтыннан жасалған шам қойғыш пен құралдарын, хош иісті заттарды түтету үстелін,
9 шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын үстелді және оған керекті құрал-саймандарды, тазару рәсіміне арналған қазан мен оның тұғырын;
10 сондай-ақ, кестеленіп тоқылған киімдерді: діни қызметкер Һаронның арнайы киімдерін және оның ұлдары діни қызмет атқарғанда киіп жүретін киімдерді,
11 тағайындау рәсімінде қолданылатын майды және киелі орынға арналған хош иісті түтету заттарын. Шеберлер бұлардың бәрін Мен өзіңе бұйырғандай етіп жасайтын болады.
12 Жаратқан Ие Мұсаға былай деп те тапсырды:
13 — Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: Менің демалыс күні туралы ережелерімді сақтаңдар! Себебі бұл — бүкіл келешек ұрпақтарың үшін Менімен сендердің араларыңда жасалған Келісімнің белгісі. Ол арқылы Менің сендерді жалғыз Өзіме бағыштап қасиетті еткен Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар.
14 Сонымен демалыс күнін сақтаңдар, ол сендер үшін қасиетті күн. Оны қорлаған әркім өлтірілуге тиіс. Демалыс күні жұмыс істеген адам өз халқының арасынан аластатылуы қажет.
15 Аптасына алты күн бойы жұмыс істеулеріңе болады, ал жетінші күн — Жаратқан Иеге бағышталған демалыс, сол күні тынығыңдар! Кімде-кім жетінші күні жұмыс істейтін болса, сол өлтірілуге тиіс.
16 Исраилдің үрім-бұтағы демалыс күнін сақтап, келешек ұрпақтары да оны тұрақты Келісім ретінде орындай берсін!
17 Бұл мәңгі бақи Менімен Исраил халқы арасында жасалған Келісімнің белгісі болмақ! Себебі Жаратқан Ие алты күн ішінде аспан мен жерді жаратып, жетінші күні демалып тынықты.
18 Жаратқан Ие Синай тауының басында Мұсаға арнаған сөзін бітіргеннен кейін оған өз қолымен Келісімнің ережелерін жазған екі тас тақташаны табыс етті.