Ишая. Chapter 11

1 Кесілген ағаштың түбірі мен тамырларынан жас өркен өсіп шығады. Сол сияқты Есей ұлы Дәуіттің патшалық биліктен айырылған әулетінен шығатын бір ұрпақ күндердің күнінде қайтадан патшалық құрады.
2 Осы патшаға Жаратқан Иенің Рухы қонып, оған даналық пен парасат, ақыл-кеңес пен құдірет, білімділік және Жаратқан Иені терең қастерлеуді дарытады.
3 Өзі Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оны терең қастерлеуден қуаныш табады. Патша тек көрген сырт пішінге, ұзын құлақтан естігеніне ғана сүйеніп үкім шығармайды.
4 Қайта, жарлыларға әділдікпен төрелік айтып, жердің жапа шеккендерінің заңды мүдделерін қорғайды. Оның аузынан шыққан үкімдер осы дүниеге дүре соққан таяқ сияқты: айтқан әмірлерімен зұлымдардың көздерін құртады.
5 Патша әділдікпен билік жүргізіп, ақиқат пен адалдықты берік ұстануға белін бекем буады.
6 Сол заманда қасқыр қозымен тату-тәтті тұрып, қабылан лақпен бірге тынығады. Бұзау, мықты жас арыстан және бордақы өгіз де қатарласып бірге жататын болады. Бәрін бір жас бала айдап, баға алады.
7 Сиыр мен аю қатар жайылып, бұзаулары мен қонжықтары бірге тынығып, арыстан өгіз сияқты сабан, шөп жейді.
8 Сәбилер сұр жыланның інінің қасында ойнап, балдырғандар зәрлі жыланның ұясына қолын емін-еркін тығатын болады.
9 Бүкіл қасиетті тауымда ешқандай зұлымдық пен қиянат жасалмайтын болады, — дейді Жаратқан Ие. Себебі теңіздің суға толы болатынындай, жер де Жаратқан Иені жақыннан танып, қастерлеген адамдарға солай толы болады!
10 Сол заманда Есей ұлы Дәуіт патшаның тамырынан өскін іспетті шыққан Ұрпақ халықтарға арнап тігілген ту сияқты белгі болады. Басқа ұлттар Оған бет бұрып, үмітін артады. Оның тынығып демалатын орны салтанатты да құрметті болады.
11 Сол күн туғанда Тәңір Ие (ата-бабаларын Мысырдағы құлдықтан азат еткеніндей) тағы да құдіретті қолын алға созады. Оның халқының тірі қалғандары Ассурға, Төменгі мен Жоғарғы Мысырға, Құшқа, Елам мен Бабылға, Арамадағы Хаматқа және теңіз жағаларындағы алыс жерлер мен аралдарға шашырап кеткен еді. Енді Тәңір Ие оларды Өзіне қайтарады.
12 Басқа халықтарға арнап туын көтергендей белгі беріп, Солтүстік Исраил мен Яһуда патшалықтарының жер аударылып, шашыраған халқын дүниенің төрт бұрышынан жинап, қайтарып әкелмек.
13 Солтүстік Исраил елі енді қайтып Яһуданы күндемейді, Яһудаға қарсы жауласып келгендердің бәрі де ғайып болады. Бұдан былай Яһуда Солтүстік Исраилге қастық жасамайды.
14 Керісінше, екеуі бірігіп батысқа қарай аттанып, қырат беткейімен құлдырап түсіп, філістірлерге шабуыл жасайды. Олар шығыстағы жау халықтардың олжаларын да иемденіп, Едом мен Моабқа билік құрады, Аммон да оларға мойынсұнады.
15 Жаратқан Ие Мысыр теңізінің шығанағын құрғатып, жоқ қылады. Өзінің құдіретті қолын бұлғап, аңызақ желімен Евфрат өзенін де кептіріп тастайды: оның кісі жаяу өте алатындай таяз етіп жеті тармағын ғана қалдырады.
16 Сонда Жаратқан Иенің халқының тірі қалғандарына Ассурдан шығатын даңғыл жол дайын тұрады. Бұл жайт олардың ата-бабаларының Мысыр елінен шыққан кезіндегідей болмақ.