Ишая. Chapter 2

1 Құдайдың Яһуда елі мен Иерусалим қаласы туралы Амос ұлы Ишаяға аян арқылы білдірген хабары:
2 Кейінгі заманда Жаратқан Иенің Киелі үйі тұрған Сион тауы Бастысы болады бар тау-төбелердің, Бәрінен де оның атақ-даңқы Әлдеқайда жоғары болып қалады. Барлық халықтардың адамдары Соған қарай ағылатын болады.
3 Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің, Жақыптың халқы сиынған Құдайдың, Сион тауындағы киелі үйіне Өрлеп барайық барлығымыз, кәне! Сол жерде Жасаған Иеміз бізге Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік, Оның әділ еркін орындай берейік! Деп, көп ұлттар жолға шығады бірігіп. Сөзін таратады тәлімін үйретіп Жаратқан Ие Иерусалимнен, Сиондағы өз киелі үйінен.
4 Сонда Иеміз халықтар арасында Төрелік етіп, көптеген ұлттарға Шығаратын болады әділ үкімін. Енді олар төс үстінде қаруларын Қайта соғып соқаға қылыштарын Айналдырады, ораққа найзаларын. Содан халықтар енді қайтып ешқашан Бір-біріне қарсы қару көтермейді, Олар соғысуды тіптен үйренбейді.
5 Жақыптың үрім-бұтағы, келіңдер, Жаратқанның нұрында жүрейік біздер!
6 О, Иеміз, Сен бізді: Өзің таңдап алған халқыңды, Жақыптың үрім-бұтағын тастап кеттің! Себебі ел іші шығыстан келген жаман әдет-салттарға толып тұр. Халқың Өзіңе мойынсұнбаған бөтендермен қол алысып, келісім жасайды, әрі філістірлердей сәуегейлікпен, сиқыршылықпен айналысады.
7 Бұл халықтың жері алтын-күміске кенелген. Қазынасының шегі жоқ, мінетін аттары мен соғыс күймелері де сансыз көп.
8 Осы ел пайдасыз қуыршақ тәңірлерге толы, адамдар өз қолдарынан шыққан заттарға табынады!
9 Әрбір адам төмендетіліп, бәрі де масқараланады. О, Иеміз, соларға кешірім бермейсің!
10 Ей, опасыздар, Жаратқан Иенің қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан құз-шатқалдардың қуыстарына қашып барып, жердің ой-шұңқырларына жасырынуға тырысыңдар!
11 Менменнің көзі төмен түсіп, адамзаттың асқақтығы талқандалатын күн туады! Сонда жалғыз Жаратқан Иенің ғана мерейі үстем болады.
12 Әлемнің Иесінің сот жүргізетін сол күні күллі мақтаншақтар мен тәкаппарлар, өзін-өзі дәріптеуші әркім де масқараланып төмендетіледі!
13 Сонда Ливан тауындағы зәулім самырсындар, Башан тауындағы күллі емендер шабылады,
14 тіпті асқар биік тау-төбелер,
15 заңғар мұнаралар мен мықты қамалдардың бәрі де тегістеліп, жермен-жексен болады.
16 Қандай да алып сауда кемесі мен көз тартатын әшекейлі бейне болмасын, барлығы да құртылады.
17 Сол күні адамның өркөкіректігі басылып, пенденің менмендігіне шек қойылып, жалғыз Жаратқан Иенің ғана мерейі үстем болады!
18 Ал сол пайдасыз жалған тәңірлер мүлдем ғайып болып жоғалады.
19 Жаратқан Ие жерді сілкінту үшін тағынан тұрған сол кезде Оған мойынсұнбағандар құз-шатқалдардың қуыстарына әрі жердің ой-шұқырларына қашып барып, Жаратқан Иенің қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан жасырынып қалуға тырысады.
20 Сол күн туғанда күнәкарлар табыну үшін өздері жасап алған алтын, күміс тәңір мүсіндерін лақтырып, көртышқандар мен жарқанаттарға қалдырып кетеді.
21 Жаратқан Ие жерді сілкінту үшін тағынан тұрған сол кезде олар құз-шатқалдардың ішіндегі үңгірлер мен қуыстарға қашып кіріп, Оның қорқынышты қаһарынан әрі айбынды ұлылығынан тығылып қалмақ болады.
22 Ендеше пендеге арқа сүйеулеріңді доғарыңдар! Онда тұрған не бар? Ол алған деміндей өткінші ғой.