Еремия. Chapter 8

1 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Сол кезде Яһуданың патшалары мен әкімдерінің, діни қызметкерлері мен пайғамбарларының, әрі Иерусалимнің өзге тұрғындарының сүйектері өз қабірлерінен шығарылып тасталады.
2 Олар тірі кездерінде өздері сүйіп, жолдарын қуып, ақыл-кеңес сұрап, иіліп ғибадат еткен күн мен айдың әрі аспандағы жұлдыздардың астында қалады. Сүйектерді ешкім жинап алмайды, ешкім қабірге де қоймайды. Содан олар жерде қи сияқты шашылып жататын болады.
3 Ал Мен халықтың тірі қалғандарын қай елге қуып жіберсем де, олар сонда тірі жүргендерінен гөрі өлгенді қалайтын болады, — деп ескертеді Әлемнің Иесі.
4 Халыққа былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер біреу құласа, қайта тұрмай ма? Жолдан бұрылып кетсе, оған қайтпай ма?
5 Онда мына халық неге Менен бұрылып кетті? Иерусалим неге Менен біржола бет бұрып опасыздық жасай береді? Олар өтірікке жабысып алып, Маған кері қайтудан бас тартады.
6 Не айтатындарына құлақ түріп тыңдаған едім, бірақ олары да шындық болмады. Зұлымдығына өкініп: Қап, мұным дұрыс болмады-ау! дейтін ешкім жоқ. Шайқасқа асыққан ат сияқты, әркім өз жолын қуып ойына келгенін істейді.
7 Тіпті аспандағы ләйлек белгілі мерзімдерін біледі, көгершін, қарлығаш, тырна да көшіп келетін мезгілдерін ұстанады. Бірақ Менің халқым Жаратқан Иенің бұйрықтарын білмейді.
8 Сендер: Біз сондай данышпанбыз, бізде Жаратқан Иенің Таурат заңы бар! деп қалай ғана мақтанасыңдар? Шын мәнісінде заң мұғалімдері оны сендерге бұрмалап үйретеді!
9 Сол данышпандарың Жаратқан Иенің сөзін қабылдамай тастады. Ендеше оларда қандай даналық бар? Олар жау еліне жер аударылып масқара болады.
10 Сондықтан Мен олардың әйелдерін бөтен адамдарға, егістіктерін өзге біреулердің қолына беремін. Кішігінен ұлығына дейінгі бәрі де пайдақұмар. Тіпті пайғамбарлары мен діни қызметкерлері де арамзалық жасайды.
11 Олар халқымның терең жарақатын жеңіл-желпі таңа салып: Амандық пен тыныштық болады! деп халықты алдайды. Алайда амандық пен тыныштық жоқ қой!
12 Өздерінің осы жексұрын істеріне ұяла ма? Жоқ, оларда ұят деген мүлдем жоқ, олар тіпті қызаруды да білмейді. Сондықтан басқалар құлағанда олар бірге құлайды! Мен оларды жауапқа тартқанда, жермен-жексен болады! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
13 Мен оларды өнімдерінен жұрдай қыламын! — дейді Жаратқан Ие. — Жүзім бұтасында жүзім шоғы қалмайды, інжір ағашында жемісі болмайды, тіпті жапырағы да қурап қалады. Менің өздеріне сыйлаған нәрселерім олардан ғайып болды.
14 Біз неге отырмыз бұл жерде? Жиналыңдар! Бекіністі қалаларға қашып барып, өлсек те сонда өлейік! Құдай Иеміз бізді өлімге кесіп, ішуге улы сусын беріпті, себебі Оған қарсы күнә жасадық.
15 Амандық пен тыныштықтың келуін тосудамыз, бірақ жақсы еш нәрсе болмады! Сауығатын кезімізді күтіп келеміз, бірақ басымыздан өткені қорқыныш!
16 Сонау солтүстіктегі Дан жақтан жау аттарының осқырынғаны естіледі. Олардың айғырлары кісінегенде бүкіл ел дірілдейді. Жау ел мен ондағы бардың бәрін, қалалар мен тұрғындарын түгел жалмап құрту үшін аттанып келе жатыр.
17 Мен араларыңа жауды улы жыландай жіберіп отырмын. Олар сұр жыландай ешкімнің арбауына көнбей сендерді шағатын болады! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
18 Жұбаныш іздегенде бойымды қайғы билеп алды, жүрегім сыздап ауырады.
19 Тыңдаңдар: алыстағы елден халқымның зарлаған даусы естіледі: — Жаратқан Ие Сионда жоқ па екен?! Оның Патшасы енді шаһарда жоқ болғаны ма? — Жаратқан Ие: — Өздерінің жасанды мүсіндерімен, түкке тұрғысыз бөгде тәңірлерімен олар неге Менің ашуымды қоздырды? — деп жауап қайтарды.
20 — Егін орағы аяқталды, жаз бітті, ал біз әлі де құтқарылған жоқпыз! (— деп қайғырады халық.
21 Пайғамбар былай дейді:) — Халқым күйреді, содан мен де күйредім. Қатты қайғыдан есеңгіреп қатып қалдым, қорқыныш бойымды билеп алды.
22 Ғилақад қыраттарында май дәрі жоқ па еді? Онда дәрігер қалмағаны ма? Халқымның жарақаты неге жазылмай қойды?