Әйүп. Chapter 7

1 Пенденің бұ дүниедегі өмірі ауыр мехнат емес пе? Оның жер бетіндегі ғұмыры жалшының күндеріндей азапты.
2 Пенде кешкі көлеңкені аңсаған құлға ұқсас, әрі күндік жалақысын асыға күткен жалшы сияқты.
3 Дәл солай түкке тұрғысыз айлар мен азапқа толы түндер менің үлесіме тиді.
4 Орныма жатқанда Қашан тұра аламын? деп ойлаймын. Осылай түн ұзаққа созылып, таң атқанша дөңбекшіп шығамын.
5 Тұла бойымды құрт пен жара басқан, терім жарылып, жарамнан ірің аққан.
6 Өмірім тоқымашының қайығындай зырылдап өтіп жатыр, ақыр соңында ол еш үмітсіз үзіледі.
7 Уа, Құдай, өмірімнің дем іспетті өткінші екенін ұмытпашы! Енді қайтып игілік атаулыны көрмеспін.
8 Қазір Сен мені көріп тұрсың, ал кейін көрмейтін боласың. Сонда маған назар саласың, бірақ мен жоқ боламын.
9 Бұлттың сейіліп жоқ болып кететініндей, о дүниеге аттанған жан да одан кері қайтпайды.
10 Ол үйіне қайта оралмайды, тұрған жеріне беймәлім болып жоғалады.
11 Сондықтан мен аузыма ерік беремін. Жанымның қиналысын білдіремін, көкірегімдегі шерімді төгемін.
12 Сен маған сақшы қоятындай мен буырқанған теңіз не алып айдаһар ма едім?
13 Төсегімде жатып көңілімді басайын, орнымда тынығып азабымды жеңілдетейін! десем,
14 Сен мені түстермен қорқытып, түрлі елестермен зәремді ұшырасың.
15 Содан мен мына денеде өмір сүргенше, буындырылып өлтірілгенді артық көрер едім.
16 Осылайша өмірімді жек көремін, мәңгілік өмір сүргім келмейді. Күндерім шығарған демімдей өткінші, өзімді жалғыз қалдырсаңшы!
17 Сен соншама бағалап, оған назарыңды салатындай пенде кім өзі?
18 Таң атқан сайын Сен оны тексеріп, әр сәт сайын оны сынайсың.
19 Сен ешқашан назарыңды менен басқа жаққа аудармайсың ба? Қас қағым сәт болса да, мені жалғыз қалдырсаңшы?
20 Егер күнә жасасам, Саған қандай зиян келтірер едім, уа, адамзаттың Бақылаушысы? Мені неге Өзіңе нысана қылдың? Саған сондай масыл болдым ба?
21 Қателерімді кешіріп, жаман істерімді неге менен алып тастамайсың? Жуырда мен жер қойнына кіремін. Содан мені іздейсің, бірақ мен жоқ боламын.