Ешуа. Chapter 16

1 Жүсіптің үрім-бұтағына бөлінген мұралық жердің (оңтүстік) шекарасы Иерихон қаласының маңындағы Иордан өзенінен, Иерихонның шығыс жағындағы су көздерінен басталып, елсіз дала арқылы өтіп, Бетел төңірегіндегі таулы өлкеге дейін көтеріліп барады.
2 Содан соң шекара Бетелден, яғни Луздан, архиліктердің жеріндегі Атаротқа дейін созылады.
3 Одан батысқа, яфлеттіктердің жеріне қарай бұрылып, Төменгі Бет-Хорон мен Гәзер қалаларына дейін ұласып, содан Жерорта теңізіне барып тіреледі.
4 Осылайша Жүсіптің ұлдары Манаса мен Ефремнен тараған екі ру мұралық жерлеріне ие болды.
5 Ефрем руына әулеттері бойынша үлестірілген жері мынау: оның шекарасы шығыстағы Атарот-Адардан басталып, Жоғарғы Бет-Хоронға дейін созылып,
6 теңізге қарай бұрылады. Сол жердің солтүстігінде Михметах орналасқан. Содан шекара шығысқа Тағанат-Шилоға қарай бұрылыс жасап, Янохтың шығыс жағынан өтеді де,
7 Янохтан Атарот пен Нағаратқа қарай төмендеп, Иерихонға жетіп, Иордан өзеніне келіп тіреледі.
8 Енді шекара Таппуах деген жерден батысқа қарай Қанах жылғасына дейін барып, содан теңізге келіп тіреледі.
9 Ефрем руына әулеттері бойынша үлестірілген мұралық жер, міне, осы. Сонымен қатар оған Манаса руына үлестірілген жерде орналасқан, бірақ ефремдіктерге жататын қалалар мен оларға қарасты елді мекендер де кіреді.
10 Ефремдіктер Гәзер қаласын мекендейтін қанахандықтарды қаладан қуып шығара алмады. Сондықтан осы қанахандықтар әлі күнге дейін олардың арасында тұрып, Ефрем руына қызмет көрсетіп келеді.