Билер. Chapter 16

1 Бірде Самсон (філістірдің) Газа қаласына барды. Сол жерде бір жеңіл жүрісті әйелге көзі түсіп, оның үйіне кірді.
2 Самсон осында келіпті деген хабар қала тұрғындарының арасына жайылды. Олар сол жерді айналдыра қоршап, қала қақпасын да түні бойы бақылаумен болды. Таң сәріде оның көзін құртамыз! — деп олар дыбыс шығармай сол түнді өткізді.
3 Бірақ Самсон түн ортасына дейін ғана демалды. Содан соң орнынан тұрып, қала қақпасын жақтауы, ысырмаларымен қоса тұғырымен жұлып алып, иығына салып, Хебронның қарама-қарсысындағы тау басына апарып тастады.
4 Кейін Самсон Сорек аңғарында тұратын Далида есімді бір бойжеткенге ғашық болды.
5 Філістірлердің әміршілері Далидаға барып: Самсонды алдап, оның ерен күшінің көзі неде екенін, біздің қалайша оны жеңе алатынымызды біліп ал! Сонда оны байлап тастап, бой ұсындырамыз. Сол үшін саған әрқайсымыз бір мың бір жүз мысқал күмістен береміз! — деп уәде берді.
6 Сондықтан Далида Самсоннан: — Сенің ерен күшіңнің көзі неде? Сені бағындыру үшін қалай байлап тастауға болады, соны маған айтып берші! — деп сұрады.
7 Самсон оған: — Егер мені садақтың әлі кеппеген жеті керме жібімен байлап тастаса, мен әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын! — деді.
8 Содан філістірлердің әміршілері әйелге садақтың әлі кеуіп үлгірмеген жеті адырнасын әкеліп берді, ол Самсонды солармен байлап-матап тастады.
9 Бірнеше філістір оны ұстамақ болып, ішкі бөлмеде тығылып отырды. Далида: Самсон! Філістірлер сені ұстауға келіп қалды! — деп дауыстады. Бірақ Самсон ұшып тұрып, үстіндегі жеті адырнаны от тиіп жанған білте іспетті бырт-бырт үзіп тастады. Осылайша оның құдірет-күшінің неде екені анықталмады.
10 Сонда Далида: — Сен мені алдап соғып, өтірік айттың. Сені қалай ғана байлауға болады? Соны қазір айтып берші! — деп өтінді.
11 Ол Далидаға: — Егер мені әлі қолданылмаған жаңа арқанмен мықтап байлап тастаса, мен әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын! — деп жауап берді.
12 Далида жаңа арқандар алып, оны байлап-матап тастап, Філістірлер сені ұстауға келіп қалды! — деп дауыстады. Самсонды ұстауға келген філістірлер ішкі бөлмеде отырған еді. Бірақ Самсон білегіндегі арқандарды жіп құрлы көрмей үзіп тастады.
13 Далида бұртиып: — Бұған дейін мені алдап соғып өтірік айтып келесің! Енді айтшы, сені қалай байлап тастауға болады? — деп тұрып алды. Сонда Самсон: — Егер сен шашымның жеті өрімін өрмекпен бірге тоқып, қазығымен жерге қадап қоятын болсаң, мен әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын, — деді. Самсон ұйықтап жатқанда Далида оның шашының жеті өрімін өрмекпен бірге тоқып,
14 қазығымен жерге қадап қойып: Філістірлер сені ұстауға келіп қалды, Самсон! — деп дауыстады. Самсон ұйқысынан оянып, қазықты өрмегімен қоса жұлып алды.
15 Содан соң Далида Самсонға: — Сен мені сүйемін дейсің, бірақ маған шын жүректен адал емессің. Мені үш рет алдап соқтың! Өзіңнің ерен күшіңнің себебін айтпай қойдың! — деп ренішін білдірді.
16 Ақыры, күн сайын Далида қыспақтап сұрай бергендіктен, Самсонның жаны түңіліп, өмірден қатты налыды.
17 Ол Далидаға жүрегіндегі бар құпиясын айтып беріп: — Менің басыма ешқашан ұстара тимеген. Анамның құрсағынан-ақ Құдайға ерекше бағышталған жанмын. Егер шашым алынып тасталса, онда бойымдағы зор күштен айырылып, әлсізденіп, жай адам сияқты болып қаламын, — деді.
18 Далида Самсонның өзіне бүкіл құпиясын ашқанын түсініп, філістірлердің әміршілеріне кісі жіберіп: Енді келе беріңіздер, Самсон маған жүрегіндегі бар құпиясын ашып, айтып берді! — деп шақырды. Сонда әлгі әміршілер қайта оралып, әйелге берешек күміс ақшаларын да ала келді.
19 Далида Самсонды өзінің тізесіне жатқызып ұйықтатып, бір адамды шақырып, оған Самсонның басындағы жеті өрім шашын алдыртып тастады. Содан Самсон әлсізденіп, күшінен ада болды.
20 Далида: Філістірлер сені ұстауға келіп қалды, Самсон! — деп дауыстады. Самсон ұйқысынан оянғанда, бұрынғыдай бір бұлқынып бұғаудан босап шыға келемін деп ойлады. Ол Жаратқан Иенің өзін тастап кеткенін білген жоқ.
21 Філістірлер Самсонды қолға түсіріп, оның көзін ойып алып, соқыр қылды. Содан оны Газа қаласына апарып, қола кісенмен бұғаулап, түрмедегі диірменнің тасын айналдыртып қойды.
22 Алайда оның алынып тасталған шашы қайтадан өсе бастады.
23 Сол күндері філістірлердің әміршілері өздері табынатын Дагон атты тәңірсымаққа арнап көптеп құрбандық шалып ұсынып, көңілді мереке өткізуге жиналды. Олар: Біздің тәңіріміз қас жауымыз Самсонды қолымызға түсірді! — деп мақтанды.
24 Халық та Самсонды көргенде өздері табынатын тәңірсымақты мадақтап былай деп әндетті: Тәңіріміз елімізді құлазытқан, Көп адамымыздың көздерін құртқан Қас жауымызды қолымызға тапсырған!
25 Олар көңіл көтеріп, мәз болып отырғанда: Самсонды шақырып алып келіңдер, ол бізге өнерін көрсетсін! — десті. Оны түрмеден алдыртып, ол солардың алдында ойнап қызық көрсетті. Бұдан кейін оны ғибадатхана бағаналарының ортасына тұрғызып қойды.
26 Самсон өзін қолымен жетелеп жүрген қызметші жігіттен: Мен үйдің бағаналарына қол тигізейінші. Соларға сүйеніп тұрайын! — деп өтінді.
27 Ғибадатхана еркегі бар, әйелі бар халыққа лық толы еді, філістірлердің барлық әміршілері де жиналған болатын. Ғимараттың төбесінде Самсонның көрсеткен қызығын тамашалап еркегі бар, әйелі бар тағы үш мыңдай адам жиналып тұрған еді.
28 Сонда Самсон Жаратқан Иеге іштей сиынып: Уа, Жаратушы Тәңір Ие, мені қайтадан ескере гөр! О, Құдай, маған осы бір жолға құдіретіңді дарыта көрші! Філістірлерден екі көзім үшін кегімді бір-ақ қайтаруға мүмкіндік бере көрші, — деп мінажат етті.
29 Осыны айтып, ғимараттың төбесін тіреп тұрған екі орталық бағананың біреуіне оң қолын, екіншісіне сол қолын созып сүйенді.
30 Самсон: Філістірлермен бірге мен де жан тапсырайын! — деп сиынып, бағаналарды бар күшімен итерді. Сонда бүкіл ғимарат қирап, ішіндегі філістірлердің әміршілерін және бар халықты басып қалды. Осылайша Самсонның өлер кезінде құртқан жауларының саны оның өмір бойы құртқан жауларының санынан асып түсті.
31 Самсонның ағайындары және әкесінің бүкіл әулеті сол жерге ылдилап барып, оның мәйітін елдеріне алып кетті. Оны әкесі Маноғахтың Сора мен Ештағолдың арасындағы қабіріне қойды. Самсон Исраилге жиырма жыл бойы билік айтқан еді.