Лұқа ізгі хабары. Chapter 19

1 Иса Иерихонға кіргеннен кейін қаланың ішімен өтіп бара жатты.
2 Сол жерде Зақай есімді кісі бар еді. Ол салық жинаушылардың бастығы әрі бай адам болатын.
3 Зақай Исаның қандай екенін көргісі-ақ келіп еді. Бірақ қаумалаған халық көрсетпеді, себебі ол аласа бойлы болатын.
4 Зақай Исаны көру үшін алға жүгіріп барып, бір тұт ағашына шығып алды. Өйткені Иса сол жолмен өтуге тиіс еді.
5 Сол жерге келгенде Иса ағашта отырған Зақайға қарап: — Зақай, тез төмен түс! Бүгін Мен сенің үйіңде болуым керек, — деді.
6 Ол тез төмен түсіп, Исаны қуана қарсы алды.
7 Мұны көріп тұрған жұрттың бәрі: Мынау күнәкардың үйіне қонаққа барды! — деп күңкілдесе бастады.
8 Ал Зақай орнынан тұрып, Иемізге: — Мырза, мал-мүлкімнің жартысын кәріп-қасерлерге үлестіріп бермекпін. Егер біреуді алдап, ақысын жеген болсам, оны төрт есе артығымен қайтаратын боламын, — деді.
9 Сонда Иса: — Бүгін осы үй іші құтқарылды! Бұл адам шын мәнінде Ыбырайым атаның ұрпағынан.
10 Өйткені Мен тура жолдан адасып кеткендерді іздеп, құтқаруға келдім, — деп жауап берді.
11 Халық тыңдап отырғанда Иса бір астарлы әңгімені қоса айтып берді. Себебі Өзі Иерусалимге жақындап қалғандықтан, олар: Жуырда Құдай өз Патшалығын жерде орнатады деп ойлады.
12 Сондықтан Иса былай деді: Бір ақсүйек өз елінің патшалығына тағайындалуы үшін алыс жерге барып, келмекші болыпты. Ол сапарға шықпастан бұрын
13 қол астындағы қызметшілерінің онын шақырып алады. Әрқайсысына бір-бір қадақ күміс үлестіріп беріп: — Мен қайтып келгенше осы қаржымен жұмыс істеңдер! — деп тапсырады.
14 Ал өз елінің азаматтары сол ақсүйекті жек көреді екен. Сондықтан артынан өкілдерін жіберіп: Оның бізге патша болуын қаламаймыз, — деген арыздарын жөнелтеді.
15 Бірақ әлгі кісі патшалыққа тағайындалады да, еліне қайта оралады. Содан ол күміс берген қызметшілерінің қайсысы қанша табыс тапқанын білу үшін оларды өзіне шақыртады.
16 Сонда біріншісі келіп: — Тақсыр, сіздің бір қадақ күмісіңіз он қадақ табыс келтірді, — деп есеп береді.
17 Патша оны мақтап: — Жарайсың, жақсы қызметшім! Кішкене істе сенімді болдың, енді он қаланың үстінен билеуші бол, — дейді.
18 Екіншісі келіп: — Сіздің бір қадақ күмісіңіз бес қадақ табыс келтірді, — деп есеп бергенде,
19 патша: — Ендеше сен бес қаланың билеушісі бол, — деп бұйырады.
20 Ал үшіншісі келіп, былай дейді: — Тақсыр, мінеки, сіздің қадағыңыз. Оны орамалға түйіп сақтап қойдым.
21 Сізден қорықтым, өйткені қатал адамсыз: өзіңіз салмаған қаржыны иемденіп, екпеген өнімді орасыз. —
22 Патша оған: — Әй, зұлым қызметші! Сені өз аузыңнан шыққан сөздеріңмен үкімдеймін! Менің салмаған қаржыны иемденіп, екпеген өнімді оратын қатал адам екенімді білдің ғой?
23 Олай болса, неге күмісімді айналымға жібермедің? Сонда мен қайтып келгенде оны өсімімен қайтарып алатын едім, — деп жауап береді.
24 Патша қасындағы нөкерлеріне: — Мынадан қадағын алып, он қадақ табыс түсіргенге тапсырыңдар! — деп бұйырады.
25 Олар: — Тақсыр, соның өзінің де он қадағы бар ғой! — дейді. Патша:
26 — Сендерге айтамын: кімде біраз бар болса, соған тағы беріледі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады.
27 Ал мені өздеріне патша қылуды қаламаған жауларым болса, оларды осында алып келіп, көз алдымда құртыңдар! — дейді.
28 Иса осыны айтып болған соң, шәкірттерін ертіп Иерусалим қаласына бет алып өрлеп жүріп кетті.
29 Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге мен Бетания ауылдарына жақындағанда, Иса шәкірттерінің екеуін жұмсап,
30 оларға мынадай тапсырма берді: — Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған, әлі ешкім мінбеген бір тайқар есекті көресіңдер. Соны шешіп, алып келіңдер!
31 Егер біреу сендерден: Бұны неге шешесіңдер? деп сұрай қалса, оған: Ол Мырзамызға керек деп жауап беріңдер!
32 Жұмсаған екі шәкірті барып, Исаның айтқанын тауып алды.
33 Олар жас есектің шылбырын шешіп жатқанда, оның қожайындары: — Тайқарды неге шешесіңдер? — деді.
34 Шәкірттер: — Ол Мырзамызға керек, — деп жауап берді.
35 Олар жас есекті алып келіп, үстіне шапандарын жапқаннан кейін оған Исаны мінгізді.
36 Иса ілгерілеген сайын кісілер жамылғыларын жолға жайып отырды.
37 Осылай Иса жолдың Зәйтүн тауынан төмен түсетін жеріне жақындап қалды. Сонда күллі шәкірттері өздері көрген барлық құдіретті істері үшін зор қуанышпен қатты дауыстап Құдайды мадақтай бастады:
38 Жаратқан Иенің атынан келе жатқан Патша жарылқанған! Көкте амандық пен тыныштық, заңғар аспанда Құдай мадақталсын!
39 Халық арасынан кейбір парызшылдар Исаға: — Ұстаз, шәкірттеріңізге тыйым салыңыз! — деп наразылық білдірді.
40 Ал Иса: — Сендерге шын айтамын: егер олар үндемесе, онда тастар айқай салар еді, — деп жауап қайырды.
41 Иса Иерусалим қаласына жақындап қалған кезде оған қарап көзіне жас алып былай деді:
42 — Ең болмағанда сен бүгін өзіңді ненің құтқара алатынын білсең ғой шіркін! Бірақ қазір мұны ұға алмайсың.
43 Жауларың саған қарсы бекіністер құрып, қоршап, жан-жақтан қыспақтайтын күндер басыңа туады.
44 Олар сені қиратып, тұрғындарыңды өлтіреді де, күл-талқаныңды шығарып, жермен-жексен етеді. Себебі Құдайдың өзіңді құтқаруға келген кезін түсінбедің.
45 Содан кейін Иса ғибадатхана ауласына кіріп, ондағы сатушыларды қуып шығара бастады. Оларға:
46 Киелі жазбаларда: Менің (киелі) үйім мінажат ететін үй болады! делінген. Бірақ сендер оны қарақшылар ордасына айналдырғансыңдар! — деп қатаң ескертті.
47 Иса күн сайын ғибадатханада халыққа тәлім беріп жүрді. Басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылар Оның көзін құртудың жолын іздеді,
48 бірақ бұл мақсатты орындаудың ретін таба алмады. Себебі жұрттың бәрі Исаның қасынан кетпей, Оның сөздерін тыңдайтын.