Лұқа ізгі хабары. Chapter 20

1 Иса ғибадатханада халыққа тәлім беріп, Ізгі хабарды жариялап жүрген сол күндердің бірінде басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері рубасылармен бірге келіп,
2 Оған: — Айтыңызшы, бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Сізге мұндай билікті кім берді? — деген сауал қойды.
3 Иса оларға: — Мен де сіздерге бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңіздер:
4 Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі көктің еркімен болып па еді, әлде адамның еркімен бе? — деп жауап қатты.
5 Олар өзара ақылдасып былай десті: — Егер көктің еркімен десек, Ол Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер? дейтін болар.
6 Ал егер адамның еркімен десек, бүкіл халық бізді тас лақтырып өлтірер. Себебі олар Жақияның пайғамбар екеніне сенеді ғой. — Сондықтан олар:
7 — Кімнің еркімен болғанын білмейміз, — деп жауап берді.
8 Иса оларға: — Олай болса, Мен де сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты.
9 Сол кезде Иса халыққа мына астарлы әңгімені айтып берді: — Бір кісі жүзім бағын отырғызады. Оны жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі ұзақ уақытқа басқа жаққа сапарға аттанады.
10 Мерзімі жеткенде бақтың иесі оның өнімінен өзіне тиісті үлесін берсін деп жүзімшілерге бір қызметшісін жұмсайды. Бірақ олар оны ұрып-соғып, құрқол қайтарып жібереді.
11 Сонда бақтың иесі басқа бір қызметшісін жұмсайды. Олар оны да ұрып, намысына тиіп қорлап, құрқол қайтарып жібереді.
12 Содан қожайын үшінші қызметшісін де жұмсайды. Алайда жүзімшілер оны да жарақаттап, қуып жібереді.
13 Сонда бақтың иесі: Енді не істейін? Өзімнің сүйікті ұлымды жіберейін. Мүмкін, оны көріп, қаймығар, — дейді.
14 Бірақ жүзімшілер ұлын көргенде өзара ақылдасып: Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтірейік, сонда мұрасы біздікі болады! — деседі.
15 Олар ұлды бақтың сыртына алып шығып, өлтіріп тастайды. Енді жүзімдіктің иесі оларға не істемек?
16 Ол келіп, жүзімшілерді өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ. Мұны естіген халық: — Оның бетін аулақ қылсын! — деді.
17 Иса оларға қарап былай деп жауап берді: — Ендеше Киелі жазбалардағы мына сөздердің мағынасы не: Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды!
18 Әлгі Тасқа сүрініп құлаған әркім талқандалады, әрі осы Тас үстіне құлағандар жаншылып қалады!
19 Басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның бұл астарлы әңгімені өздеріне тигізіп айтқанын ұғып, сол кезде-ақ Оны тұтқындамақ болды. Бірақ олар халықтан қорықты.
20 Содан олар Исаны аңдып, Оған әділ болғансып жүретін жансыздарын жіберді. Бұлар Исаға қитұрқы сұрақ қойып, Оны өз сөзінен ұстауға тырысты. Осы арқылы олар Исаны римдік әміршінің билігі мен сотына тапсырмақ болды.
21 Сол жансыздар Исаға мынадай сауал қойды: — Ұстаз, Сіздің адал көңілмен сөйлеп, тәлім беретініңізді білеміз. Ешкімнің де бет-жүзіне қарамай, жұртты шынымен Құдай жолына үйретесіз.
22 Ал енді, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па әлде бұрыс па? —
23 Бірақ Иса олардың арам ойларын біліп: — (Мені азғырып сынамақсыңдар, ә?)
24 Маған бір күміс теңгені көрсетіңдерші. Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады. Олар: — Рим патшасынікі, — деп жауап берді.
25 Сонда Иса: — Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп қорытты.
26 Сонымен олар Исаны халықтың алдында сөзінен ұстай алмады. Қайта, Оның берген жауабына аң-таң болып, үн-түнсіз қалды.
27 Саддукейлер: Өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Содан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері Исаға келіп, мына сұрақты қойды:
28 — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық жазып қалдырған: Егер біреудің үйленген бауыры артынан бала қалдырмай өлсе, онда сол адам оның жесіріне үйленіп, марқұм бауырына ұрпақ қалдырсын!
29 Бір кезде ағайынды жеті жігіт болды. Солардың тұңғышы үйленіп, артынан бала қалдырмай өлді.
30 Жесіріне екіншісі де,
31 үшіншісі де, осылай басқалары да үйленіп, артынан бала қалдырмай бұ дүниеден өтті.
32 Ең соңында әйел де көз жұмды.
33 Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде сол әйел қайсысынікі болады? Ол жетеуінің де әйелі болған еді ғой!
34 Иса оларға былай деп жауап қайтарды: — Бұ дүниедегілер әйел алады, күйеуге шығады.
35 Ал өлімнен тіріліп, жұмаққа баруға лайықтылар сонда әйел де алмайды, күйеуге де шықпайды
36 және қайтадан өлмейді. (Сол жағынан) олар періштелер іспетті болады. Себебі олар тіріліп, Құдайдың рухани балалары болады.
37 Өлгендердің тірілетінін Мұса да Таурат кітабындағы тікенді бұта туралы бөлімде білдірген. Ол онда Жаратқан Иені Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы деп атаған. (Үшеуі сол кезден көп жыл бұрын дүние салған болатын.)
38 Ал Жаратқан Ие — өлілердің емес, тірілердің Құдайы! Өйткені Оның алдында бәрі де тірі.
39 Кейбір дін мұғалімдері бұған: — Ұстаз, Сіз тауып айттыңыз! — деді.
40 Мұнан кейін Исаға сұрақ қоюға діндарлардың батылдары бармады.
41 Ал Иса оларға мына сұрақты қойды: — Жұрттың Мәсіхті Дәуіттің Ұрпағы деулері қалай?
42 Дәуіттің өзі Забур кітабындағы бір жырында: Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан:
43 Мен жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше отыр оң жағымда, — деген ғой.
44 Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті Ием деп атаған соң, қалайша Ол Дәуіттің Ұрпағы ғана болады?
45 Бүкіл халық тыңдап тұрғанда, Иса шәкірттеріне былай деп ескертті:
46 — Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп жүруді әрі базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетуін жақсы көреді; сондай-ақ мәжілісханаларда сыйлы орында отырып, қонақасыларда төрге жайғасуды да ұнатады.
47 Сонымен қатар олар жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етеді. Бұлар бәрінен бетер қатаң жазаланатын болады-ау!