Нехемия. Chapter 9

1 Сол айдың жиырма төртінші күні исраилдіктер қайтадан жиналды. Олар ораза ұстап, азалы киім киіп, бастарына күл-топырақ сеуіп қатты қайғырды.
2 Сол кезде Исраилдің үрім-бұтағы барлық жат жұрттықтардан бөлініп шықты. Исраилдіктер (Жаратқан Иенің алдында) тұрып, өз күнәлары мен ата-бабаларының теріс қылықтарын мойындады.
3 Олар үш сағат бойы сол жерде тұрып, Құдайлары Жаратқан Ие тапсырған Таурат заңының кітабын оқумен болды. Бұдан кейін олар тағы үш сағат бойы Құдай Иенің алдында күнәларын мойындап, бастарын иіп Оны дәріптеді.
4 Леуіліктердің мінбесінде тұрған Ешуа, Бани, Қадмиел, Шебаниях, Буни, Шеребиях, Бани және Хенани қатты дауыспен Құдайлары Жаратқан Иеге сиынды.
5 Мұнан кейін Ешуа, Қадмиел, Бани, Хашабнея, Шеребиях, Ходия, Шебаниях және Петахиях есімді леуіліктер жамағатқа тіл қатып былай деді: Орындарыңнан тұрып, Құдайларың Жаратқан Иені мадақтаңдар! Ол мәңгілік болып келген әрі мәңгілік бола береді! (Содан олар былай деп мінажат етті:) Сенің есімің мадақтала берсін, ол барлық мадақ пен даңқ атаулыдан жоғары!
6 Жалғыз Сен ғана Жаратқан Иесің! Ұлан-ғайыр аспанды әрі күллі аспан денелерін, жер мен теңізді және ондағы барлық нәрселерді жаратқан Сенсің! Олардың бәріне өмір беретін де Өзіңсің. Көктегі періштелердің бүкіл тобы Сенің алдыңда иіліп тұрады.
7 Ыбырамды таңдап алып, оны халдейлердің Ур қаласынан көшіріп шығарған және оған Ыбырайым деген жаңа ат берген Сенсің, уа, Құдай Жаратқан Ие!
8 Ыбырайымның Өзіңе сенімді екеніне көз жеткізіп, онымен Келісім жасадың. Оған қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, ебустіктер және гергестіктер қоныстанған жерлерді ұрпақтарыңа табыстаймын деп уәде еттің. Және Сен әділ болғандықтан, сол уәдеңді орындадың да.
9 Сен ата-бабаларымыздың Мысырдағы мүшкіл халіне назар аудардың. Қамысты теңіздің жағасында олардың дауыстап жалынған айқайына құлақ түрдің.
10 Менменсіп ата-бабаларымызға жәбір көрсеткендері үшін Сен перғауынға, оның қызметкерлері және елінің бүкіл халқына қарсы кереметтер мен ғажап істер жасадың. Соған бола күні бүгінге дейін Сенің даңқың жер бетіне жайылып келеді.
11 Өз халқыңның алдында теңізді қақ айырдың, олар құрғақ жермен теңіз ортасынан өте шықты! Олардың қуғыншыларын Сен терең суға лақтырылған тас сияқты теңіздің тұңғиығына батырдың.
12 Сен халықты күндіз бағана тәрізді бұлтпен жетеледің, ал түнде олардың жүруге тиісті жолдарына жарық түсіру үшін жалындаған от бағанасымен алдарында жүріп отырдың.
13 Сен Синай тауына түсіп, оларға көктен де тіл қаттың. Сонда оларға әділ шешімдер мен заңдарды, ізгі ережелер мен өсиеттерді тапсырдың.
14 Сен халқыңа қасиетті демалыс күнің — сенбі күні жөнінде нұсқау беріп, Таураттағы өсиеттер мен ережелерді қызметшің Мұса арқылы табыстадың.
15 Олар ашыққанда көктен нан жаудырдың, шөлдегенде жартастан су ағыздың. Бұрынырақ оларға табыстауға салтанатты түрде ант еткен елге кіріп, оны иемденіп алыңдар! дедің.
16 Бірақ олар, біздің ата-бабаларымыз, паңданып тоңмойын болып, Сенің өсиеттеріңді тыңдамай қойды.
17 Олар мойынсұнудан бас тартып, Сенің өз араларында жасаған кереметтеріңді естерінен шығарды. Керісінше, олар қыңырланып, өздеріне басшы тағайындап алып, Мысырға құл болуға қайтып оралғылары келді. Ал Сен кешірімі мол, мейірімді де қайырымды Құдайсың, тез қаһарланбайсың әрі өте рақымдысың, сондықтан оларды тастап кеткен жоқсың.
18 Ата-бабаларымыз тіпті жас бұқа мүсінін құйып жасап алып, бір-біріне: Сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы! десіп, Өзіңе қарсы шығып қорлық жасады.
19 Алайда Сен Өзіңнің орасан зор рақымыңмен оларды иен далада тастап кеткен жоқсың. Күндіз жетелеп жүрген бағана тәрізді бұлт оларды жалғыз қалдырған жоқ, әрі түнде жүретін жолдарына жарық түсіретін жалындаған от бағанасы да кетіп қалған жоқ.
20 Сен ата-бабаларымызға тәлім беру үшін Өзіңнің ізгі Рухыңды жібердің. Ауыздарынан өз маннаңды алып қоймадың, шөлдеген кездерінде су да бердің.
21 Сен оларды қырық жыл бойы иен далада керегімен қамтамасыз еттің, олар еш нәрседен таршылық көрген жоқ. Олардың киімдері еш тозып, жүре-жүре аяқтары ісіп те көрген емес.
22 Сен ата-бабаларымызға патшалықтар мен халықтарды табыстап, елдің шекараларын белгілеп бердің. Осылайша ата-бабаларымыз Хешебонның патшасы Сихонның және Башанның патшасы Огтың елдерін де иемденіп алды.
23 Сен олардың үрім-бұтағын аспандағы жұлдыздардай сансыз көбейттің. Оларды арғы аталарына: Кіріп, иемденіп алыңдар! деген елге алып келдің.
24 Сонымен ата-бабаларымыздың ұрпақтары кіріп, елді иемденіп алды. Сен елдің тұрғындарын, қанахандықтарды, солардың алдында тізе бүктіріп, патшаларымен, жұртымен бірге қолдарына түсірдің. Жеңімпаз олар тұтқындарына қалағандарын істеді.
25 Олар қамалды қалалар мен құнарлы жерді жаулап алып, түрлі құнды заттарға толған үйлерге, қазылған құдықтарға, жүзімдіктерге, зәйтүн тоғайлары мен мәуесі мол көптеген жеміс ағаштарына ие болды. Осылай ата-бабаларымыз мол тамаққа кенеліп, тойынып, қоңданып та алды, әрі Сенің зор ізгілігіңе сүйсіне шаттанды.
26 Бірақ сонда да ата-бабаларымыз мойынсұнбай, Саған қарсы шығып, заңыңды лақтырып тастады. Тіпті Өзіңе қайтармақ болып оларды сақтандырған пайғамбарларыңды өлтірді де! Осылай олар зор қиянат жасап, Сені қорлады.
27 Сондықтан Сен ата-бабаларымызды жауларының қолына тапсырдың. Жаулары оларға зор азап шектірді. Қатты қиналып жатқан кездерінде ата-бабаларымыз Саған жалбарына үн қатып, Сен көктен құлақ салдың. Өзіңнің ғаламат рақымыңмен оларға құтқарушыларды жіберіп, сол құтқарушылар оларды жауларының қолынан құтқарып алды.
28 Бірақ тыныштық орнағаннан кейін ата-бабаларымыз қайтадан Саған қарсы күнә жасай беретін болды. Сонда Сен оларды тағы да жауларының қолына қалдырып отырдың. Солар ата-бабаларымызға үстемдік жүргізді. Ал ата-бабаларымыз Өзіңе қайта бұрылып, жалбарынған сайын Сен ғаламат зор рақымыңмен көктен құлақ түріп, оларды қайтадан құтқарып отырдың.
29 Сен ата-бабаларымызға Өзің оларға тапсырған Таурат заңына қайту туралы ескертіп жүрдің. Бірақ олар паңданып, Сенің өсиеттеріңе құлақ аспай, шешімдеріңе бағынбай күнәға батты. Ал шешімдеріңді орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. Керісінше, ата-бабаларымыз қыңырлана тоңмойын болып, тіл алудан бас тартты.
30 Сен көп жылдар бойы ата-бабаларымызға шыдамды болдың. Өзіңнің Рухың жіберген пайғамбарларың арқылы оларға ескертіп отырдың. Алайда ата-бабаларымыз құлақ аспай қойды. Сол себепті Сен оларды айналаларындағы басқа халықтардың қолына табыстадың.
31 Бірақ Өзіңнің ғаламат зор рақымыңа бола Сен ата-бабаларымызды не түбегейлі құртып жіберген жоқсың, не тастап та кетпедің. Өйткені Сен мейірімді де қайырымды Құдайсың.
32 Ал енді, уа, Құдайымыз, Сен Өзіңнің Келісіміңнің уәделерін орындап, берік мейіріміңді көрсететін ұлы, құдіретті әрі айбынды Құдайсың! Біздің басымызға түскен ауыртпалықтарға жеңіл қарай көрме! Ассур патшаларының шабуыл жасаған заманынан бастап күні бүгінге дейін біздің патшаларымыз бен жетекшілеріміз, діни қызметкерлеріміз бен пайғамбарларымыз, ата-бабаларымыз және Сенің бүкіл халқың азап шегіп келеміз.
33 Алайда біздің басымызға түскендердің бәрінде де Сен әділ болдың. Себебі Сен адалдық танытқан едің, ал біз күнә жасай бердік (те, соған лайықты жазамызды тарттық).
34 Біздің патшаларымыз бен жетекшілеріміз, діни қызметкерлеріміз бен ата-бабаларымыз Сенің Таурат заңыңды ұстанған жоқ. Сен оларға өсиеттерің мен ережелеріңді тапсырып, ескертіп отырсаң да, олар еш құлақ түрген жоқ.
35 Тіпті өз патшалығында әрі Сен оларға табыстаған сондай кең де құнарлы жерде тұрса да, әрі Өзің сыйлаған көптеген игіліктеріңнің рақатын көріп жатса да, олар Саған қызмет еткен жоқ. Қайта, олар өздерінің зұлым іс-әрекеттерінен бас тартпай, соларын жалғастыра берді.
36 Енді міне, біз бүгін құл күйдеміз. Сен ата-бабаларымызға игілігін көріп, өнімін жеуге табыстаған еліңде біз құл болып жүрміз!
37 Біздің күнәларымызға бола Сен үстімізден тағайындаған (жат жұрттық) патшалар осы елдің мол өнімін иемденуде. Олар соған ғана емес, біздің өзіміз бен малымызға да өз қалауларына сай билік жүргізуде. Содан біз қатты қиналудамыз.
38 Осылардың бәрі солай болғандықтан, біз берік Келісім жасап, оны жазып қойдық. Сол мөрленген құжатта біздің басшыларымыздың, леуіліктер мен діни қызметкерлердің аты-жөндері жазылған.