Руларды санау. Chapter 4

1 Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы да тіл қатып былай деді:
2 Леуіліктердің қахаттық тармағын әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткіз.
3 Жасы отыз бен елу арасындағы қызмет етуге жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілерін сана.
4 Қахаттықтардың кездесу шатырындағы атқаратын қызметі ең қасиетті бөлмеге қатысты.
5 Ел қонысы көшуге дайындалғанда, Һарон ұлдарымен бірге ең қасиетті бөлмені ажыратып бөліп тұратын шымылдықты шешіп алып, сонымен Келісім сандығын жабатын болсын.
6 Олар соның үстіне борсық терілерінен жасалған жабын жайып, оның үстіне бір түсті қою күлгін жапқыш жапсын. Сырықтарды шығыршықтарға кіргізсін.
7 Һарон мен оның ұлдары нан тартулары қойылатын үстелге қою күлгін түсті дастарқан жайып, оның үстіне аяқ-табақтар мен табаларды, сұйық тартулар жасауға арналған құмыралар мен тостағандарды қоюлары керек. Сол үстелдің үстінде Жаратқан Иеге бағышталған нан тартулары ұдайы болсын.
8 Солардың үстіне ал қызыл түсті жапқыш жайып, борсық терілерінен жасалған жабынмен жауып, сырықтарды орнатсын.
9 Мұнан кейін олар қою күлгін түсті жабынды алып, онымен жарық түсіретін шам қойғышты, оның шамдарын, шам өшіргіш қысқаштар мен табақшаларды әрі шамдарға байланысты қызметте қолданылатын зәйтүн майының ыдыстарын да жапсын,
10 олар шам қойғышты және оның барлық құрал-жабдықтарын борсық терілеріне орап, зембілге салып қойсын.
11 Бұдан соң олар хош иісті заттар түтетілетін алтын үстелдің үстіне қою күлгін жабын жайып, оны борсық терілерінен жасалған жабынмен жауып, үстелге оның арнайы сырықтарын орнатсын.
12 Олар киелі орында қызмет етуге арналған басқа құрал-саймандарды да алып, оларды қою күлгін жабынға орап, борсық терісінен жасалған жабынмен жауып, зембілге салып қойсын.
13 Мұнан кейін Һарон және оның ұлдары шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын үстелді күлден тазартып, оның үстіне күрең қызыл жабын жайсын.
14 Олар құрбандық үстелінде жасалатын қызметте қолданылатын құрал-саймандардың бәрін: (шоқ салатын) табаларды, шанышқыларды, қалақтарды, (қан бүркуге арналған) тостағандарды, яғни құрбандық үстелінің барлық құрал-саймандарын, жабынның үстіне қойып, оларды борсық терілерінен жасалған жамылғымен жауып, үстелге оның арнайы сырықтарын орнатсын.
15 Исраилдіктердің ел қонысы көшер алдында Һарон және оның ұлдары киелі шатыр мен оның құрал-жабдықтарын жауып болған соң ғана қахаттықтардың жақындап келіп, оларды көтеріп алып жүрулеріне болады. Сол киелі заттардың ешқайсысына қол тигізулеріне болмайды, әйтпесе олар өлім құшады. Қахаттықтардың кездесу шатырындағы алып жүретін заттары осылар.
16 Діни қызметкер Һарон ұлы Елазарға шамдардың майына, түтетілуге арналған хош иісті заттарға, ұдайы ұсынылатын астық тартулары мен май жағу рәсіміне арналған майға қатысты, сондай-ақ, бүкіл киелі орын мен ондағының бәріне: кездесу шатыры мен оның құрал-жабдықтарына қатысты жауапкершілік жүктелген.
17 Содан соң Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді:
18 Қахаттық әулеттердің Леуі руының арасынан құрып кетулеріне жол бермеңдер.
19 Олар ең киелі нәрселерге жақындап өліп қалмай, тірі қалулары үшін Һарон мен оның ұлдары қахаттықтардың әрқайсысын атқаратын қызметі мен алып жүретін жүгіне қарай тағайындасын.
20 Бірақ қахаттықтардың ең қасиетті бөлмеге бір сәтке де кіріп, жиналып жатқан киелі нәрселерді көрулеріне болмайды, әйтпесе олар өлім құшады.
21 Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
22 — Герсонның ұрпақтарын да олардың ата-тектері мен әулеттері бойынша санақтан өткіз.
23 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, киелі шатырдың жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілерін сана.
24 Герсондықтардың атқаратын жұмыстары мен көтеретін жүктері мынау:
25 олар кездесу шатырының шымылдықтарын, жапқыштарымен қоса кездесу шатырының өзін, оның үстіндегі борсық терілерінен жасалған жабынды және кездесу шатырының кіреберісіндегі перделерді көтеріп алып жүруге тиіс.
26 Герсондықтар ауланың перделерін, киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланың кіреберісіне ілінген пердені, арқандарын және құрбандық үстелінде атқарылатын қызметке қажетті құрал-саймандардың барлығын алып жүреді. Сонымен герсондықтар осы нәрселердің бәрін істеуге міндетті.
27 Герсондықтар Һарон мен оның ұлдарының өздеріне берген нұсқауымен жұмыс жасауға әрі жүк тасуға тиісті. Һарон мен оның ұлдары герсондықтарға таситын жүктерін мұқият сақтап қадағалауды тапсырсын.
28 Герсондықтардың кездесу шатырында атқарар жұмыстары осылар. Олар міндеттерін діни қызметкер Һаронның ұлы Ітамардың нұсқауы бойынша атқаратын болады.
29 Мераридің ұрпақтарын да ата-тектері мен әулеттері бойынша санақтан өткіз.
30 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілерін сана.
31 Кездесу шатырына қатысты жұмыс істегенде оларға мынадай міндет жүктеледі: олар шатырдың бөренелерін, көлденең сырықтарын, бағаналарын, күміс тағандарын,
32 ауланы айнала орналасқан бағаналарды, тағандарын, арқандарын, олардың барлық құрал-саймандары мен солардың қызметіне қатыстының бәрін алып жүруге міндетті. Қай затты кімнің алып жүруге тиіс екендігін аттарымен атап тағайындау керек.
33 Діни қызметкер Һаронның ұлы Ітамардың нұсқауымен Мераридің ұрпақтары кездесу шатырында атқаруға тиісті жұмыстар, міне, осылар.
34 Содан соң Мұса, Һарон және Исраил қауымының жетекшілері Қахаттың ұрпақтарын өз әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткізді.
35 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілері есептелгенде,
36 олардың жалпы саны екі мың жеті жүз елу болып шықты.
37 Бұл — кездесу шатырында жұмыс істейтін қахаттықтардың өз әулеттері бойынша санағы. Мұса мен Һарон санақты Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауына сай өткізді.
38 Герсонның ұрпақтары да өз әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткізілді.
39 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілері есептелгенде,
40 олардың жалпы саны екі мың алты жүз отыз болып шықты.
41 Бұл — кездесу шатырында жұмыс істейтін герсондықтардың өз әулеттері бойынша санағы. Мұса мен Һарон санақты Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауына сай өткізді.
42 Мераридің ұрпақтары да өз әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткізілді.
43 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқара алатын еркек кіндіктілері есептелгенде,
44 олардың жалпы саны үш мың екі жүз болып шықты.
45 Бұл — кездесу шатырында жұмыс істейтін мерариліктердің өз әулеттері бойынша санағы. Мұса мен Һарон санақты Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауына сай өткізді.
46 Осылай Мұса, Һарон және Исраилдің жетекшілері барлық леуіліктерді әулеттері мен ата-тектері бойынша санақтан өткізді.
47 Жасы отыз бен елу арасындағы қызметке жарамды, кездесу шатырының жұмысын атқарып, оның жүгін көтере алатын еркек кіндікті леуіліктердің ұзын саны
48 сегіз мың бес жүз сексен болып шықты.
49 Жаратқан Иенің әмірімен олардың әрқайсысына Мұса арқылы істейтін жұмысы мен көтеруге тиіс жүгі тағайындалды. Осылайша олар Жаратқан Иенің Мұсаға берген нұсқауына сәйкес түгенделіп санақтан өтті.