Қорынттықтарға арналған 1-ші хат. Chapter 8

1 Енді жалған тәңірлерге ұсынылған тағамдарға тоқталсам: Бәрімізде біліктілік бар, мұны білеміз. Бірақ біліктілік мақтаншақ етеді, ал сүйіспеншілік сенімді жетілдіреді.
2 Өзін сондай біліктімін деп есептейтін кісі қажетті біліктілікке әлі де ие болған жоқ.
3 Ал Құдай Өзін сүйгенді жақсы біледі.
4 Ал енді, жалған тәңірлерге ұсынылған тағамдарды ішіп-жеуге келсек, біз сондай тәңірлердің күллі әлемде шынымен жоқ екенін және жалғыз Құдайдан басқа еш құдайдың жоқ екенін білеміз.
5 Кейбіреулердің ойынша көкте де, жерде де құдай делінгендер бар; сол адамдар көп құдайлар мен иелеріне құлшылық етеді.
6 Бірақ біз бәрінің бастауы болған бір ғана Құдай Әкені танимыз, Ол үшін өмір сүрудеміз; сондай-ақ, жалғыз Иеміз — Иса Мәсіхті де танимыз: күллі әлем де, өзіміз де Сол арқылы пайда болдық.
7 Алайда сенушілердің барлығы бірдей мұны біле бермейді. Бұрын жалған тәңірлерге құлшылық еткен кейбіреулері күні бүгінге дейін осындай тағамды жегенде оны тәңірлерге арналған деп есептейді. Бұларының дұрыс-бұрыстығына дүдәмал ар-ұждандары осылай арамданады.
8 Құдайға деген қарым-қатынасымызға біздің жеген тамағымыздың қатысы жоқ; оны не жейік, не жемейік, бұдан Құдай алдында жаман да, жақсы да болмаймыз.
9 Дегенмен байқаңдар, бұл еркіндіктерің сенімі әлсіздерді күнәға азғырмасын!
10 Мысалы, ар-ұжданы әлсіз біреу сондай білікті сенің жалған тәңірдің ғибадатханасында тамақ ішіп отырғаныңды көрді делік. Бұл оны сол тәңірлерге арналған тағамдарды жеуге батылдандырмай ма?
11 Осылай әлсіз адам, яғни өз бауырласың, сенің біліктілігіңе бола тура жолдан адасып, рухани жойылып кетеді. Ал Мәсіх ол үшін де жанын құрбан етті!
12 Міне, осылайша бауырластарыңның әлсіз ар-ұждандарын жарақаттап, оларға қарсы күнә жасауыңмен Мәсіхке қарсы да күнә жасайсың.
13 Сондықтан, егер жейтін тамағым бауырласымды күнәға азғырса, онда мен оны күнәдан сақтау үшін бұдан былай ешқашан да (базардан алынған) етті жемейтін боламын.