Патшалықтар туралы 1-ші жазба. Chapter 19

1 Содан Саул өзінің ұлы Жонатан мен нөкерлеріне: Дәуіттің көзін құрту керек! — деп бұйырды. Бірақ Дәуітті қатты ұнататын
2 Жонатан оны сақтандырып: — Әкем сені өлтіруге тырысып жүр! Ертең таңертең сақ бол. Жасырын жерге тығылып, сонда қал.
3 Мен де әкеммен бірге сол жақтағы далаға шығып, онымен сен туралы сөйлесемін. Оның ойын біліп алып, кейін саған айтып беремін, — деді.
4 Жонатан әкесіне Дәуітті мақтай сөйлеп былай деді: — Патшам, қызметшіңіз Дәуітке қарсы күнә жасай көрмеңіз! Оның сізге жасаған ешбір жамандығы жоқ. Керісінше, істегендерінен өзіңіз көп жақсылық көрдіңіз.
5 Ол сол філістірді өлтіргенде өз басын тәуекелге тікті. Бұл арқылы Жаратқан Ие бүкіл Исраилді жауынан құтқарды. Сіз осыны көріп, шаттанған едіңіз. Ендеше, неліктен себепсізден-себепсіз Дәуітті өлтіріп, жазықсыз жанға қарсы күнә жасамақсыз?
6 Саул ұлының сөзіне құлақ асып: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Дәуіт өлтірілмейді! — деп ант етті.
7 Жонатан Дәуітті шақырып алып, осы сөздерді түгел айтып берді. Оны Саулға ертіп апарып, Дәуіт бұрынғыдай қызметіне кірісті.
8 Соғыс қайтадан бұрқ ете қалды. Дәуіт те філістірлермен шайқасуға шығып, оларды қатты соққыға ұшыратып, қашуға мәжбүр етті.
9 Кейін Саул сарайында отырғанда Жаратқан Ие жол берген қинайтын рух оған тағы да қонып, Дәуіт домбырасын тартты. Саулдың қолында сүңгісі бар еді.
10 Кенет Саул Дәуітті қабырғаға қадап өлтірмек болып, сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Дәуіт жалтарып үлгеріп, аман қалды. Сүңгі қабырғаға қадалды. Сол түні Дәуіт қашып кетіп құтылды.
11 Сонда Саул Дәуіттің үйін күзеттіріп, таң атысымен-ақ оны өлтіру үшін сарбаздарын жіберді. Әйелі Михол Дәуітке: Бүгін түнде бас сауғалап, қашпасаң, ертең таңертең сені өлтірейін деп отыр! — деп ескертіп,
12 оны терезеден төмен түсіріп жіберді. Осылай Дәуіт қашып құтылып кетті.
13 Михол бір мүсінді алып, төсекке жатқызып, үстін жамылғымен жапты да, бас жағына ешкі жүнінен тоқылған перде қойды.
14 Саулдың Дәуітті қолға түсіру үшін жіберген сарбаздарына ол: Дәуіт ауырып жатыр, — деді.
15 Сонда Саул адамдарын Дәуіттің өзін көруге жіберіп, оларға: Оны төсегімен бірге көтеріп алып келіңдер, мен көзін жоямын! — деп бұйырды.
16 Олар үйге кіріп, қараса — төсекте жатқан жай ғана мүсін, бас жағында жатқан ешкі жүнінен тоқылған перде екен!
17 Саул Михолға: — Мені неге соншама алдап, жауымды қашырып жібердің? — деп зекігенде, қызы былай деп жауап берді: — Ол: Мені жібер! Әлде сені өлтірейін бе? деп тұрып алды.
18 Ал Дәуіт қашып құтылып, Рамақтағы Самуилге барып, Саулдың өзіне істегендерінің бәрін айтып берді. Содан ол Самуилге еріп Найотқа барып, сол жерде тұратын болды.
19 Дәуіт Рамақтағы Найотта тұрып жатыр екен деген хабар Саулдың құлағына жеткенде,
20 патша Дәуітті қолға түсіру үшін адамдарын жіберді. Бұлар келіп, ерекше көңіл күйіне түскен пайғамбарлар тобын және оларды бастап жүрген Самуилді көргенде, Құдайдың Рухы Саулдың адамдарына қонып, солар да ерекше күйге түсті.
21 Саул осы туралы естіп, басқа кісілерін жұмсап, бұлар да ерекше күйге түсті. Патша үшінші рет нөкерлерін жібергенде олармен де солай болды.
22 Енді Саулдың өзі Рамаққа барып, Секудегі үлкен құдыққа жеткенде: Самуил мен Дәуіт қайда? — деп сұрастырып, Рамақтағы Найотта! — деген жауап алды.
23 Сол жерге бара жатқан кезде Саулға да Құдайдың Рухы қонып, оны ерекше көңіл күйіне түсіріп, ол Рамақтағы Найотқа жеткенше солай болды.
24 Бұл жерде Саул сырт киімін шешіп тастап, Самуилдің алдында пайғамбар іспетті ерекше күйде болып, жерге құлап түсті. Бұл күні және түні бойы патша сырт киімсіз жатып шықты. Сол себептен де жұрт: Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба? деп айтады.