Забур жырлары. Chapter 41

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.)
2 Марал қалай аңсаса мөлдір суды, О, Құдай, жаным солай Сені аңсайды.
3 Жаным шын Құдайды іздеп шөліркейді, Қашан мен Құдайыма бара аламын, Қашан Оның алдында бола аламын?
4 Көз жасымды көл қыламын күндіз-түні, Себебі адамдар менен күні бойы: Құдайың қайда? деп сұрай береді.
5 Сырымды Саған ақтарған кезімде Мынау бірден түседі менің есіме: Мен көпшілікті жетелеген едім, Құдайдың үйіне қарай өрледім, Мейрамдаған халықпен бірге жүрдім, Шат-шадыман болып шүкірлік еттім.
6 Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.
7 Мұңаяды ішімдегі жан дүние. Мен Иордан жағасындағы елде, Хермон, Мизар тауларының жерінде Аңсап ойлайтын боламын Сені.
8 Сарқыраған суларың долданғанда Ұласа береді тасқын тасқынға, Сенің бар суларың, толқындарың да Мені басып, асып кетіп жатты да.
9 Жаратқан күндіз рақым жасап маған, Мен Оны түнде мақтап, жырлап шығам, Һәм мінажаттарымды бағыштаймын Құдайыма Өзіме өмір сыйлаған.
10 Маған жар болып келген Құдайдан: Неліктен Сен мені есіңнен шығардың? Неліктен мен қысым көріп жауымнан, Сонша қайғырып жүрмін? деп сұраймын.
11 Дұшпандарымның табалаған мазағы Жаныма менің қатты батады, Себебі олар менен күні бойы: Құдайың қайда сенің? деп сұрайды.
12 Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.