Забур жырлары. Chapter 4

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)
2 Уа, Құдай, мені ақтаушы Өзіңсің, Сиынғанымда Сен құлақ сала гөр. Мені қысымшылықтан азат еттің, Қазір де рақыммен құлақ түре гөр.
3 Әй, пенделер, сендер абыройымды Қашанғы қорлап төге бермексіңдер? Жақсы көріп құр сөз бен бос істерді, Қашанғы өтірікке ермексіңдер?
4 Біліңдер: Жаратқан әділді таңдады, Жалбарынсам, Ием құлақ асады.
5 Ашуланғанда күнә жасамаңдар, Төсекте жатқанда ойланып-толғаныңдар, Жүрек түкпірін тексеріп, тынығыңдар!
6 Жаратқанға лайықты тарту арнаңдар, Оған сенім артып, мойынсұныңдар!
7 Кім бізге жақсылық жасар? деп сұрап, Күдік келтіреді көптеген кісілер. Уа, Жаратқан, жылы шыраймен қарап, Бет-жүзіңнің нұрын бізге төге гөр.
8 Молайса нан менен жүзім шырыны, Саған сенбейтіндер масаттанады. Менің жүрегімді Өзің шаттандырдың, Соншама зор қуанышқа толтырдың.
9 Уа, Жаратқан, мен төсегіме жатып Ұйықтаймын енді қаннен-қаперсіз, Өйткені Өзің маған бердің сыйлап Тыныш өмірді қауіп-қатерсіз.