Забур жырлары. Chapter 142

1 (Дәуіттің жыры.) Уа, Жаратқан Ием, дұғама құлақ салшы, Сенімдісің Сен, өтінішімді тыңдашы, Әділдігіңе сай маған жауап қатшы.
2 Тергеп соттай көрме мені, қызметшіңмін, Мінсіз жан болмайды алдыңда Сенің.
3 Дұшпаным өкшелеп қуғындайды, Жерге жығып жанымды таптайды, Мені көрде жатқан сүйектей етті, Түнекте тұруға мәжбүрледі.
4 Көңілім жабырқаңқы, рухым түсті, Қорқыныштан менің үрейім ұшты.
5 Ежелгі кереметтеріңнің барлығын Еске алып, ойланып-толғанамын, Қолыңның істерін ақылға саламын,
6 Өзіңе қарай қолдарымды жаямын: Кепкен топырақ жаңбырды тілейді, Жан дүнием де Сені аңсап шөліркейді. //
7 Тез құлақ түре гөр, жаным күйреді, Ием, кері бұрмашы менен бетіңді, Әйтпесе боламын көрге түскен секілді.
8 Таң ата маған естіртші мейіріміңді, Өйткені Өзіңе артамын сенімімді, Көрсетші Маған қай жолмен жүретінімді, Себебі Саған бағыштаймын өмірімді.
9 Уа, Жаратқан, жауларымнан құтқара гөр, Сені паналаймын, мені қорғай гөр,
10 Өз еркіңді орындауға үйрете гөр. Өйткені сенім артқан Құдайымсың, Сенің игілікті Киелі Рухың Түзу жолмен мені жетелей көрсін.
11 О, Ием, ұлы атың үшін жанымды сақтай гөр, Әділдігің үшін қиындықтан құтқара гөр,
12 Рақымыңа бола бар жауларымды жоя гөр, Қызметшіңмін, қанаушыларымды құрта гөр.