Забур жырлары. Chapter 13

1 (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) Ақылсыз адамдар Құдай жоқ! деп ойлайды, Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды, Әрі ешқайсысы да жақсылық жасамайды.
2 Жаратқан Ие көктен көз салады адамзатқа: Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға? Деп байқайды Ол.
3 Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға, Әбден бұзылды бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да.
4 Сұмдық жасайтындар ақылға келмес пе екен? Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен, Жаратқанға сиыну ойларына еш түспеген.
5 Ал оларды қорқыныш құрсаулайтын болады, Өйткені Құдай әділ ұрпаққа жар болады.
6 Әй, зұлымдар, күлесіңдер жарлының ниетіне, Бірақ қолдап-қорғайды оны Жаратқан Ие!
7 Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге! Жаратқан өз халқын тұтқыннан азат еткенде, Жақыптың үрім-бұтағы қатты қуанады, Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!